• Басты
  • >
  • Думан Мұхамедкәрім түрмеден хат жолдап, мәлімдеме жасады

Думан Мұхамедкәрім түрмеден хат жолдап, мәлімдеме жасады

23.07.2025

Думан Мұхамедкәрімнің жақтастары баспасөз мәслихатын өткізіп, оның үкіміндегі заңсыздықтарды көрсетті. Думанның өзі не себепті роба киюден бас тартқанын хатында түсіндірді.

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында «саяси тұтқын» ретінде танылған Думан Мұхамедкәрімнің ісіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Оған Думанның әкесі Алмас Тілепов, журналист Рысбек Сәрсенбай, қорғаушы Ғалым Нұрпейісов және құқық қорғаушы Гүлнар Изтаева қатысты.

Алдымен сөз алған Рысбек Сәрсенбайұлы Думанның жағдайына алаңдаушылық білдірді:

«Бүгін біздің жиналып отырған себебіміз – Думан Мұхамедкәрімнің тағдырына алаңдаушылықтан туындап отыр. Оның денсаулығы нашар болғанына қарамастан, журналисті карцерде, жалғыз адамдық камерада ұстауда. Бұл — азаптау емес пе? Онсыз да денсаулығы нашар адамды карцерге қамау – оның жағдайын одан әрі нашарлатпай ма? Думанды саяси себеппен қудалағаны ешкімге құпия емес. Оның Тоқаевты сынауы, Қаңтардағы қырғын үшін билікті ашық айыптауы — журналисті қамауға себеп болды», – деді ол.

Құқық қорғаушы Гүлнар Изтаева Думанның ісіндегі заңсыздықтарды түгел тізбелеп өтті:

«Думан “экстремистік ұйымды қаржыландыру” бабымен сотталғаны белгілі. Алайда, Думанның әрекетінен қандай қаржыландыру түсті? Францияда отырған адам қаржыны қорғаушыға жіберемін деді. Думанның эфирінен кейін небәрі жиырма мың теңге түскені туралы мәлімет бар. Басқа ешқандай дерек жоқ. Онда не үшін сотталып отыр? Қаржы қорғаушыға емес, экстремистік әрекетке жұмсалғаны туралы қандай дәлел бар? Үкімде ешқандай нақты дәлел келтірілмеген», – деді құқық қорғаушы.

Изтаева үкімдегі барлық заңсыздықтарды атаған соң, Бас прокуратураға арыз түсіретінін мәлімдеді.

Қорғаушы Ғалым Нұрпейісов былай деді:

«Әблязовтың Қазақстан төлқұжаты жоқ. Оның есепшот ашатындай ешқандай мүмкіндігі де жоқ. Думанды оны қаржыландырды дегенге ешбір дәлел келтірілмеген. Қандай экстремистік ұйымға қаржы жіберілді? Қай ұйым туралы сөз болып отыр? Ешқандай мәлімет жоқ. Қаржы Сырым Шалабаев есімді азаматқа аударылған. Ол Польшада тұратыны белгілі. Бірақ, оған қатысты “экстремист” деген сот үкімі шықпаған».

«Маусым айының соңында Қызылордаға барып, Думанмен түрмеде кездестім. Думан әлі күнге дейін карцерде отыр. “Кінәмді мойындамаймын, түрме робасын кимеймін”, – деді. Түрме әкімшілігі Думанды ортақ баракқа кіргізбей отыр. Себебі, бір адам роба кимесе, бүкіл түрме бас көтеруі мүмкін дейді. Осылайша, ол 19 тамызға дейін карцерде отыруы тиіс. Бірақ, тағы да карцерге қамалуы мүмкін. Себебі, Думан роба кимейміз деген позициясын сақтап отыр. Ол көптеген қиындық көрді. Денсаулығы нашарлады. Жамбасына егу салатын жер де қалмапты. “Бірнеше хат жаздым, Тоқаевқа да, депутаттарға да жаздым”, – дейді. Бірақ, ешқандай жауап алмаған. Енді Думан аштық жарияламайтынын айтты. “Егер маған қандай да бір жағдай болса, бұл — биліктің әрекеті деп қабылдаңыздар”, – деді.

Думанның ісіне қатысты кассациялық шағым жолданды. Алайда, ол әлі қаралмаған. Журналистің ісін Джордж Клуни қоры да бақылауға алып, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жолдаған. Қорытынды бір: Думан Мұхамедкәрімнің әрекетінен қылмыс құрамы табылмайды.

Кейін журналист Рысбек Сәрсенбай Думанның өз қолымен жазған хатын оқып берді:

«Егер айнадан өзімді көрмегенде, робаны киіп қоюым да мүмкін еді. Киіп қойсам, кеш болар ма еді? Ондай жағдайда бірінші болып Ақорданың өзі бетіме басатын еді: “Әне, айыбын мойындамаймын деген Думандарың роба киіп, әжетхана жуып жүр. Бостандықтағы “активист” түрмеде де “активист” болды. Жақында жақсы мінез-құлқы үшін мақтау алады. Сосын колонкаға шығып, артынан “шын өкінгені үшін босатамыз” десе не болмақ?” Мұндай әңгімені естісем, бәрінен бұрын өзім айтар едім: “Думан, түрмеде сүмірейетініңді білсең, бостандықта неге батыр болдың? Сен де екіжүзді екенсің. Арын шүберекке айырбастаған тряпкі, ер емес — ез екенсің”, – деп өзіме өзім түкіретін едім», – деп жазды Думан Мұхамедкәрім.

Думанның әкесі Алмас Тілепов сөзін былай түйіндеді:

«Баламды Қазақстан азаматтары емес, елдің үкіметі соттап отыр. Осындай заңсыздықты көргенде, жағаңды ұстайсың. Қаншама адам зардап шегіп отыр. АЭС салуға қарсы шыққан азаматтарды да соттап жатыр. Бұл не деген үкімет? Мұндай билікті қалай қолдайсың? Думанды қолдап жүрген барлық азаматтарға алғысымды айтамын. Үшінші жыл қатарынан біздің жанымыздан табылып келесіздер. Бұған дейін соттан ақпарат ала алмадық. Себебі, сот жабық түрде өтті».