Алмалы аудандық сотында прокурор бес белсендінің айыптау актісін оқыды. Оларға Қылмыстық кодекстің 272 бабы 1-тармағы бойынша айып тағылып отыр.
АЭС құрылысы бойынша референдум қарсаңында қамалған алматылық бес белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Сот офлайн түрде, Алмалы аудандық сотында басталды. Сот залына жеткізілген бес белсендінің түрі шаршаңқы көрінеді. Оның себебі де түсінікті. Бұлардың барлығы – зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адам. Оларға прокуратура «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға» әрекет жасады деген айып тағып, Қылмыстық кодекстің 272-бабы, 1-тармағы бойынша іс қозғады.
10 шілде күні өткен процесте негізінен прокурор сөйледі. Ол сотталушыларға қатысты жасалған айыптау актісін оқыды. Прокуратура мына бес белсендіге қатысты іс қозғады:
Казакбай Жанат Туйтенулы, 15.01.1958 жылы, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Каракемір ауылында дуниеге келген.
Жауылбаев Нурлан Мырзатаевич, 10.05.1959 жылы, Туркістан облысы, Тулкібас ауданында дуниеге келген.
Сыдыков Фазылжан Мейрамгалиевич, 15.05.1961 жылы, Алматы облысы, Аксу ауданында дуниеге келген.
Мубараков Айдар Шамшиденович, 21.08.1969 жылы, Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дуниеге келген.
Темиргалиев Нурлан Муслимович, 25.11.1970 жылы, Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дуниеге келген.
Бұлардың саяси белсенділігін қылмыстық әрекеттерге теңеген прокурор олардың барлығы Қылмыстық кодекстің 272-бабы бойынша сотқа тарту керек деген ұйғарымға келді.
Тіпті плакат шығарудың өзін қылмыс жасау деп бағамдап отыр прокуратура өкілдері. Айыптау актісінде былай делінеді: «25.09.2024 ж. Алматы қаласы ПД қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Ж.Т. Қазақбай, Н.М. Темірғалиев, Н.М. Жауылбаев, Ф.М. Сыдыков және А.Ш. Мұбараков өз тараптарынан жергілікті халық арасында АЭС мәселесін сылтау ете отырып, 2024 жылдың 6 қазанында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру мақсатында халық санын көбейту үшін қарапайым азаматтарға жалған ақпарат таратып, оларды санкцияланбаған наразылық жиынын өткізуге шақырған. Қарапайым халық жиналған кезде, жиынның соңында жаппай тәртіпсіздікке ұласатын, яғни күш қолдану, қирату, бұзу, мүлікті жою, сондай-ақ билік өкіліне қарсылық көрсету сынды заңсыз әрекеттерді жүзеге асыруды жоспарлаған. Осы мақсатта олар Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Төле би көшесі, №285/3 үй мекенжайында орналасқан «PRINT – STUDENT» типографиясынан А.Шатемірқызын ешқандай күдік тудырмайтын тұлға ретінде тауып, оған ортақ ақша жинап беріп, «АЭС-ке қарсымыз» деген брошюраларға тапсырыс берген».
Сотталушылар бұл айыппен келіспейді. Бүгін олардың қорғаушысы Жанар Балғабаева сотталушыларды денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа жіберуді сұрады. Алайда, сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Келесі сот процесі 17 шілдеге белгіленді.
Естеріңізге сала кетсек, АЭС референдумы қарсаңында қамалған бес белсендіні халықаралық құқық қорғау ұйымдары «саяси тұтқын» деп таныды.