Белгілі марафоншының қорғаушысы Жыланбаевтың алаңдатарлық мәлімдемесін жария етті
Белгілі марафоншы, саяси тұтқын деп танылған Марат Жыланбаевқа қарсы қастандық дайындалып жатыр деген жағымсыз хабарды оның қорғаушысы Денис Малюга таратты.
«Жаңа ғана мен Марат Жыланбаевпен кездесуде болдым, және бізге алаңдатарлық жаңалықтар келіп түсті. Марат Жыланбаевқа келесі ақпарат жеткен. Дәлме-дәл оқимын: Мараттың айтуынша, оған қастандық жасалмақшы»,- деді оның қорғаушысы. Оған қоса Денис Малюга былай деді: «Мараттың айтуынша, келесі жолы моншаға барғанда, онымен бірге екі тұтқын болады, олар оны басымен кафельге құлатуы тиіс. Егер ол тірі қалса — бұл тұтқындар куә ретінде көрсетіледі». Марат Жыланбаевтың хабарлауынша, оған қастандық дайындап жатқан адам – мекеме бастығының орынбасары Оралбай.
Марафоншы бұл жағымсыз хабарды көпшілікке таратып, өзіне болуы мүмкін қастандықтың алдын алмақшы. Қазіргі таңда, Марат Жыланбаев ДИЗО-да отыр. Оның бұл жерде қамауда отырғанына 43 тәулік болды. Осынша уақыт марафоншы аштық ұстап, қарсылық акциясын жалғастыруда.
Естеріңізге сала кетсек, Марат Жыланбаев өзіне жүгіруге рұқсат бермегені үшін, сурет салуға мүмкіндік бермегеніне байланысты аштық жариялап, наразылығын білдіруде. Соған қарамастан, мекеме басшылығы оның талаптарын орындаудан бас тартуда.
Марат Жыланбаевқа қатысты қандай да арандату орын алса – бұл елде ғана емес, халықаралық ұйымдардың арасында да үлкен наразылық туғызады. Себебі, марафоншыны халықаралық ұйымдар саяси көзқарасы үшін қудалауға ұшыраған тұтқын ретінде таныды. Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросы да Марат Жыланбаевтың тағдырын жіті қадағалайды.