• Басты
  • >
  • Марат Жыланбаев түрмеде «азаптау» жағдайында отыр

Марат Жыланбаев түрмеде «азаптау» жағдайында отыр

28.06.2025

Белгілі марафоншы 28 мамырдан бастап тағы да аштық жариялады. Қорғаушысының айтуынша, бұл наразылық акциясы әлі де жалғасуда

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреқожина жеті жылға бас бостандығынан айрылған саяси белсенді Марат Жыланбаевтың денсаулығына алаңдап, Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жариялады. 

Ол былай деді: «2025 жылғы 19 маусымда адвокат М.Досқараев Степногорск қаласындағы №4 мекемеде қамауда отырған саяси тұтқын Марат Жыланбаевпен кездесті.

Кездесу барысында Марат Жыланбаев 2025 жылғы 28 мамырда бастаған ұзақ мерзімді аштық жариялауын жалғастырып жатқаны анықталды.

Аштықтың себебі – дәл сол күні, яғни 28 мамырда Ақмола облысы бойынша ҚАЖД басшысы Хасенов И.Ш. Марат Жыланбаевпен кездесіп, оның туыстарымен байланысын үзбеу мақсатында Skype бейнебайланыс қызметін пайдалануға рұқсат бермегені, спорттық іс-шараларға (жүгіру), мамандығы бойынша жұмыс істеуге (4-разрядты токарь), сондай-ақ шығармашылықпен айналысуға (сурет салу) тыйым салғаны болды.

2024 жылдың басында ҚАЖД басшысының рұқсатымен №4 мекеме аумағына жеткізілген токарьлық құрал-саймандар мен сурет салуға арналған жабдықтар кері қайтарылуға жатады.

М.Жыланбаев ДИЗО-да толық оқшауланған жағдайда ұсталып отыр. Бұл жерде бұрыннан «тышқандар мен басқа да жәндіктер» болған, енді оған егеуқұйрықтар да қосылған.

2025 жыл ішінде М.Жыланбаевқа апта сайын жолданған 14 хаттың тек 2-3-еуі ғана жеткізілген.

Біз Марат Жыланбаевтың конституциялық құқықтарынан айырылғанын және қазіргі таңда оның ұсталуы қатыгездік пен азаптаудың белгілеріне сай келетін жағдайларда өтіп жатқанын мәлімдейміз.

30 саяси тұтқынның ішінде дәл Марат Жыланбаевтың ғана құқықтары бұзылып жатыр, өзгелерден шағым түспеген.

2025 жылғы 23 маусымдағы Президент Қ.Тоқаевтың «Заң және тәртіп» жолдауында: «Біз салдарымен емес, себептерімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің жазалаушы сипатынан бас тарту қажет» делінгенін ескере отырып, біз Ақмола облысы бойынша ҚАЖД-ның және жеке өзі басшысы Хасенов И.Ш.-тің қызметін «жазалаушы сипатқа» ие болуы, өкілеттігін асыра пайдалану және лауазымын теріс пайдалану (ҚР ҚК 450-453-баптары) бойынша тексеруді, сондай-ақ сотталған Марат Жыланбаевтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруді (ҚР УИК 10-бабы, 109-бап (телефонмен сөйлесу), 119-бап 4-тармақ (еңбекке тарту)) қажет деп санаймыз».

Марат Жыланбаевтың бұл бірінші рет аштық жариялауы емес. Марафоншы бұған дейін де аштық жариялап, осылайша наразылығын білдірген еді. Алайда, құқық қорғау органдары белсендінің талаптарына еш назар аударар емес. 61-жастағы Жыланбаевты халықаралық ұйымдар ресми түрде «саяси тұтқын» ретінде танығанын да атап өткен жөн.