• Басты
  • >
  • Прокуратура адам азаптаған полицейлерді қорғаштап жатыр ма?

Прокуратура адам азаптаған полицейлерді қорғаштап жатыр ма?

14.06.2025

Алматы тұрғыны Александр Зуев өзінің азапталғанын дәлелдейтін барлық айғақтар болса да, Алмалы аудандық полиция қызметкерлерінің үстінен іс қозғалмай жатқанын айтты

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда Алматының Алмалы аудандық полициясында болған азаптау фактісі айтылды. Жиынға қатысушы – қала тұрғыны Александр Зуев. Оның айтуынша, жылдың басында Алмалы аудандық полиция қызметкерлері өзін азаптаған.

Оқиға былай болған. 1 қаңтар күні ол көршілермен автокөлік паркингі үшін шекісіп қалады. Ешкіммен төбелес болмаған. Тек қана көршісінің автокөлігін зақымдап алады. Бұған қатысты көршілері полиция қызметкерлерін шақырады. Зуевті бірден Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне алып кетеді. Оны бірден тергеушілердің бөлмесіне апарып, «көршіммен төбелестім деп мойында, болмаса, бізден жақсылық күтпе» деп қорқытқан. Ары қарай ол әңгімесін былай жалғастырды: «Бөлмеге полиция формасын киген және азаматтық киімдегі екі адам келді. Олар мен соққының астына алды. Қылмысыңды мойында, болмаса бұл жерден тірі шықпайсың деп қорқытты. Екеулеп жүріп, мені жерге құлатты. Әбден ұрды. Одан кейін әжетханаға апарып, аяғымнан шалып қалып еді, бетіммен сасық еденге құладым. Біреуі тұрып үстіме секірді. Қатты қиналғаннан айқайлап жібердім. Соққыны тоқтатқандай болды. Орнымнан тұрғызды да, басқа бөлмеге алып кетті. Полициялардан су беруін сұрадым.

«Ішетін болсаң, унитаздан ала бер суды» деп жауап қатты. Артымнан қолымды қайырып кісен тақты. Қолымды бұрағаны соншалықты сынып кетті ме деп ойладым. Кінәңді мойында, төбелес аштым деп айт деген талап қойды. Бұдан бас тарттым, себебі ешқандай да төбелеске араласпаған едім. Сүйтіп түнімен ұстады бөлімшеде. Әлгі екеуінің кезекшілік уақыты аяқталғанша жүрдік. Таңға жуық мені патруль көлігіне отырғызып, Мақатаев көшесіндегі медициналық сараптамаға әкелді. Арақ ішпегенім анықталды. Кейін сол жерде мені қалдырып кетті. Үстімдегі киімім жыртылған. Телефоным сынған болып шықты. Көшедеге адамдардан телефон сұрап, әйеліме хабарластым. Солай ғана үйге жеттім. Әбден ауырдым. Денсаулығым өзі түзеле ме деп ойлап едім, болмады.

Содан жедел жәрдем шақырдық. Олар не болғанын сұрады. Мен полициядан соққы жегенімді, азаптауға ұшырағанымды айтып бердім. Арыз жаздыртып алды келген полициялар. Ауруханаға бардық. Бір екі жақпа майларды қолдан деді де, үйге қоя берді. Ал мен қатты ауырдым. Аяғым, қолым ісіп кетті. Жазған арызыма ешкім жауап қатпады. Содан өзіндік қауіпсіздік қызметіне арыздандым. Одан да еш жауап болмады. Кейін e-otinish арқылы прокуратураға шағымдандым. Ең қызығы, қалалық прокуратура бұл арызды Алмалы ауданына жіберді. Мені Алмалы ауданы прокурорының орынбасары қабылдап, «әзірше арызыңды қайтарып ал, бірнеше күннен кейін қайта келуің керек, бұл мәселелермен айналысатын қызметкер қазір демалыста еді» деп алдады. Содан арызымды қайтардым. Кейін түсінгенім, бұлар мені алдаған еді. Бүкіл әңгімені диктофонға жазып алдым. Дәлелдерім бар қолымда. Кейін әлгі қызметкері демалыстан шықты. Бірақ, ол ештеңе білмейтін адам болды. Тергеуді қалай жүргізетінін де білмейді. Бірден істі жауып тастауға тырысты. Кейін Рүстем Марат деген тергеуші прокуратураға еш қатысы жоқ бөтен адамды алып келді. Тергеуді сол жүргізеді деді. Бұл қалай болғаны? Тергеуге қатысы жоқ адам қалайша оның қызметін атқарады?

Бұған да көндік. Барлық сұрақтарға жауап бердім. Бірақ, қылмыстық іс қозғалмады. Базада ондай іс жоқ болып шықты. Содан бір күні кешкі жетіде мені Алмалы аудандық прокуратурасына шақырды. «Қазір тергеу изоляторына барамыз, тергеу амалдарын жүргіземіз» деді. Түннің бір уағында онда барғым келмей, кетіп қалдым. Маған телефонмен хабарласты. Оларға бүкіл әңгімелері жазулы екенін, үстерінен шағым түсіретінімді айттым. Бұдан кейін олар жұмсарды. Істі қалалық прокуратураға жолдады. Енді жұмыс дұрыс жүретін шығар деп үміттендім. Тағы да олай болмай шықты. Олар мені психологиялық сараптамадан өткізбек болып шықты. Қылмыстық кодекстің 146 бабымен іс қозғадық деді. Мен 362 баппен, яғни билікті асыра пайдалану бабымен қозғау керек деп талап қойдым. Кейін білдім, мұның да астары бар екен. «Азаптау» бабымен іс қозғаса, оны жауып тастау оңай болып шықты. Ал билікті асыра пайдалану бабына барса, екі қызметкерді бірден қамауға алу керек. Оларды қамамас үшін, жазадан құтқару үшін «Азаптау» бабына жүгінген. Мені қалай ұрып соғып жатқаны түгел видеоға түсті. Міне, сол материалды кесіп, сараптамаға жіберген тергеуші. Ұрмаған жерлерін қиып алып берген сарапшыға. Бұл нағыз қылмыс емес пе? Әлгі екі полицейдің туыстары ықпалды адам болып тұр ма сонда? Әлде бұлар тергеушілердің туысқандары ма? Оларды қылмыстық жазадан құтқару үшін бәрін жасады.

Тергеушілер мынадай амалға да барды. Менен сұрақ жауап алды. Тергеуші қазақ тілінде жүргіземін істі деді. Мен орысша сөйледім. Бізге аудармашы берді. Барлық тергеу амалдары аяқталған соң хаттамаға қол қойдым. Кейін сол хаттаманы алып, не жазылғанын аударсам, мүлдем басқаша болып шықты. Көптеген фактілер көрсетілмеген. Қалай ұрып соққаны жазылмаған. Бұл қалай сонда? Азаптаған полицияларды құтқару үшін бәрін жасап жатыр».

Александр Зуев әлі де әділдікке жете алмай келе жатыр. Прокуратура басшылығы бұл істі жеке бақылауына алып, алматылық тұрғынның құқығын қорғайды деп үміттенеміз.