27 наурызда Қытайдан Қазақстанға қашып келген этникалық қазақ азаматының тағдыры белгісіз болып отыр
Қытайдан қашып келген этникалық қазақ азаматы кері қайтарылған болуы мүмкін деп хабарлайды Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросы.
23 жастағы Ержанат Абай есімді азамат 28 наурыз күні Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараны заңсыз кесіп өтті. Артынша ол қандастарға қолдау көрсетеді деген үмітпен «Атажұрт» бастамасына барып, солардан қолдау сұрады. Қазақстан Бас прокуратурасының Бюроның сұрауына берген жауабында, Ержанат Абай шекараны заңсыз кесіп өткен күннің ертесінде оған қатысты сот өтіп, оның 10 күннің ішінде ел аумағынан шығып кетуі қажет екені көрсетілген. Аталған азамат 12 мамыр күні Қазақстаннан шығарылды деп айтылады. Бірақ, Ержанат Абайдың қайда кеткені белгісіз. Ол Қытайға қайтарылды ма, әлде үшінші елге кетті ме, бұл туралы хабар жоқ.
Десек те, 18 мамыр күні «Атажұрт» ұйымының өкілдері «Абайды Қытайға депортацияламасын» талабын көтерейік деген үндеу жасады. Олардың айтуынша, Ержанат Абай Жаркенттің тергеу изоляторында отыр.
Этникалық қазақ азаматының Қытайдан неге бас сауғалап қашқаны белгісіз. Ол қысым көрді ме, әлде қылмысы үшін қашты ма, – ол жайында еш мәлімет айтылмайды. Сонымен бірге, Ержанат Абайдың «босқын статусын сұраушы» мәртебесіне қолы жетті ме, жетпеді ме – оны да Бас прокуратура хабарламады. Бір сөзбен айтқанда, оның тағдыры туралы көп мәлімет жоқтың қасы.
Бірқатар құқық қорғау ұйымдары 2017 жылдан бастап Қытайда тәрбиелеу лагерьлері ашылып, оған этникалық азшылықтардың өкілдері қамалып жатыр деген мәселені көтерген болатын. Бірқатар этникалық қазақтар Қытайдан Қазақстанға қашып келген кездері де болды. Оның бірқатары Швецияға көшіп кетсе, қалғандары елімізде тұрып жатыр.