Қоғамда үлкен резонанс тудырған Ақнар Гүлстанның қазасына байланысты іске байланысты жаңа мәліметтер жарияланды. Анасы оны әдейі өлтіргенін айтады
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық Бюросының кеңсесінде Ақнәр Гүлстанның қазасын тергеу ісі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Оған Ақнәрдің анасы Гүлстан Қамит және оның заңды өкілі Инга Иманбай қатысты. Олар Ақнәрдің қазасына байланысты жаңа деректерді жариялады.
Алдымен сөз кезегін алған Инга Иманбай әлеуметтік желіде тараған 12 сәуір күнге видеоға тоқталады. Ол былай деді: «Сол күні Ақнәрді бірге тамақтанайық деп Дидар есімді құрбысы шақырады. Екеуі бірге тамақ ішеді. Артынан «үйде жалғыз едім, менікіне барайық деп» өзінің тұратын жеріне ертіп апарады. Мұның барлық дәлелдері екеуінің чаттағы әңгімесі болып табылады. Оның скрин шоттары біздің қолымызда бар. Дидардың үйіне барса, ол жалғыз емес, Ұлбақ есімді ер азамат жүреді. Сол диалог интернетте тарады. Бірақ бұл толық нұсқасы емес. Ұлбақ деген адам Ақнәрді зорламақ әрекеті болады. Оның әр жерін ұстайды, жыныстық қатынасқа күшпен түскісі келеді.
Бұған Ақнәр ашуланады. Өзін босатуын сұрайды. Бірақ, оның телефонын тартып алып, жібермей тұрады. Дидар сол жерде болды. Осы жағдайға қатысты. Бұлар Ақнәрді алдын ала жоспарлар, өлтірмек болды. Ол күнгі әрекеттері де алдын ала дайындалды. Ұлбақты әдейі үйіне шақырып алады. Ақнәрдің ешқайда жібермей ұстап отырады. Оны бостандығынан айырады былайша айтқанда. Ақнәрді балағаттайды ол жердегі адамдар. Бұл қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша қылмыс жасау болып саналады. Жеке заттарын тартып алуға, оны босатпай ұстап тұруға бұлардың қандай қақысы бар? Тергеу орындарына ресми сұрау салып, бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғау керек деп санаймыз. Ұлбақ деген жігіт кім екенін анықтау керек. Оның әрекетіне баға берілуі тиіс. Тергеуге шақырсын сол азаматты. Қазір өтініш хаттар дайындалып жатыр. Ұлбақтың терезені ашып, «Ақнәр, секір» деп жатқан видеосы бар. Яғни, бұлар оны өлтірмек болды. Жоспарлы түрде аладын ала сөз байласу арқылы жасалған қылмыс бұл. Бұл күнгі видеоның толық нұсқасын тергеу органдарына өткізуді жоспарлап отырмыз».
Ақнәрдің анасы Гүлстан Қамит былай деді: «Шындыққа жанаспайтын, өздеріне тиімді видеолар тарады жақында. Оны Дидардың қорғаушысы Жандос Палманов деген азамат таратты. Бұл заңға сәйкес келмейтін әрекет деп санаймыз. Сәуір күнгі видеоларды тірі кезінде мен көрмедім. Бұл оқиғаны Ақнәр менің сіңліме айтқан. Оның телефонын тартып алып, видеолар түсіріп, сіңлімнің қызына жіберген. Бұл жағдай былай болған. Дидар есімді құрбысы Ақнәр Астанада жүргенде 5 сәуір күні оған хат жазады. Ұлбақ есімді жігіттің кім екенін айтады». Осы жерде Гүлстан Қамит Дидардың жазғандарын оқып береді. Дидардың жазуынша, Ұлбақ оған ешқандай да туыс емес. Сонымен бірге, Ұлбақ түрлі қыздарды үйге әкелетінін, олармен төсектес болатынын, бұлардан ақша алғанын да айтқан. Бір сөзбен айтқанда, Дидар Ұлбақты әшкерелеп Ақнәрге хат жазады. Ақнәр Ұлбақты мүлдем танымайды. Аяқ астынан, 12 сәуір күні Дидар Ақнәрді шақырады үйіне. Ал енді сол жерде жаңағыдай оқиға болады. Яғни, Дидар Ұлбақты әдейі шақыртады деген сөз ғой? Гүлстан Қамит осы сөздеріне барлық дәлелдерін келтірді.
Сонымен бірге, Ақнәрдің Дидарға қарызы туралы әңгіме де расталмады. Себебі, Ақнәрдің жеке есеп шотындағы қаржылық операциялары оның өзінің ақшасы мол болғанын дәлелдейді.
Баспасөз мәслихатында көптеген видео материалдар мен жеке әңгімелер жария болды. Бұл Ақнәрдің өз өзін өлтірді деген версиясын толық жоққа шығаратынын атап өту қажет.
Күні кеше ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнәрдің қазасына байланысты қылмыстық істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. «Қазір тергеу тобы құрылды. Жәбірленуші тараптың барлық уәждері толық көлемде тексеріліп жатыр. Бұл істі өзім жеке бақылауға алдым. Тергеу барысын апта сайын тыңдап отырамыз», – деді Санжар Әділов.
Оның айтуынша, тергеу аясында алынған бейнежазбаларға видеофоноскопиялық сараптама тағайындалған.
«Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Жәбірленуші тараптың барлық мәліметтері мұқият тексеріледі», – деп қосты ішкі істер министрінің орынбасары.
Ақнәр Гүлстанның қазасына байланысты тергеу жалғасып жатыр. Ақнәрдің отбасының өкілі Инга Иманбай құзырлы органдарға қосымша мәліметтердің барлығын жолдайтынын мәлімдеді.