Шешенстан билігін сынаумен көзге түскен белсендіні Қазақстан Ресейге экстрадицияламайтын болды. Мовлаев еліне қайтарылған жағдайда, оны өлім жазасы күтіп тұр, дейді оның қорғаушылары
Ресейде «экстремистік» бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, Алматыда ұсталған шешен белсендісі Мансур Мовлаев отанына қайтарылмайтын болды. Мовлаев – Шешенстан билігін сынаумен көзге түскен белсенді. Сол көзқарасы үшін 2020 жылы ол түрмеге де қамалған еді. 2022 жылы абақтыдан босаған соң ол алдымен Қырғызстанға қашты. Ол жерде «шекараны заңсыз кесіп өткені үшін» сотталды. Артынан шешен белсендісі Қазақстанға келген еді. Жақында Алматыдағы сауда үйлерінің бірінде жүрген жерінен оны полиция қызметкерлері ұстап, оның экстрадициялық мәселесі шешілгенге дейін 40 күнге қамауға алынды.
Мовлаевқа қатысты жағымды жаңалықты оның қорғаушылары Рена Керимова мен Елена Жигаленок жеткізді. «Мансурдың жағдайы жақсы, оған көп адамдар көмегін жолдап жатыр. Жақында біз Мовлаевқа қатысты «босқын мәртебесін іздеуші азамат» деген қағазын алдық. Бұған сәйкес, Мансур оның мәселесі шешілгенге дейін Қазақстаннан ешқайда берілмейді деген сөз. Ресейге оны қайтармайды. Алдағы күндері Бас прокуратураға барамыз. Алматы прокурорымен де кездесу жоспарланып отыр», – деді Рена Керимова.
Мовлаевқа тағдырына құқық қорғау ұйымдары да алаңдаушылық білдіріп, оған барынша көмек қолын созған еді. Тергеу сотында Шешенстанда билікті сынаушыларды қалай азаптайтыны туралы видео да көрсетілді. Шынында да, Мовлаевты еліне қайтарса, оның өмірі қыл үстінде болады. Себебі, шешен билігі өзін сынағандарды аямайды. Қатаң жазалайды. Тіпті туған туыстарына дейін қысым көрсетеді. Мовлаевтың екі ағасын да билік қыспаққа алған болатын. Ал өзі қайтарылса, Мовлаев өлім жазасына ұшырауы әбден мүмкін.
Осыны айтып, Мансур Мовлаевтың өзі де үндеу жариялаған еді. Ол Қазақстан халқына алғысын айтып, биліктен өзін Ресейге қайтармауды сұрады. «Кезінде қазақ халқы шешен ұлтын құтқарып қалуға үлесін қосып еді, енді менің өліміме себепші болмаңыздар» деп мәлімдеді Мовлаев.
Жалпы, Шешенстан билігі қарсыластарын Еуропада да жазалап жатады. Тіпті Берлиннің қақ ортасында шешен билігін сынап жүрген оппозиция қайраткерін атып кеткен жағдай болды. Осыны біле тұра, Қазақстан билігі Мансур Мовлаевты Ресейге қайтармайды деп ойлаймыз.