• Басты
  • >
  • Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды

28.05.2025

QazNews24 сатиралық паблигінің бұрынғы жетекшісіне қатысты шығарылған үкімді Алматы қалалық апелляциялық соты қарады. Өкінішке қарай, журналистің шағымы қанағаттандырылмады

27 мамырда QazNews24 сатиралық паблигінің бұрынғы жетекшісі Темірлан Еңсебектің үкіміне шыққан апелляциялық шағымы Алматы қалалық сотында қаралды. Журналистің қорғаушысы Жанара Балғабаева Наурызбай аудандық сотының үкімін жойып, оны толықтай ақтауды сұрады. 

Естеріңізге сала кетсек, 11 сәуір күні Наурызбай аудандық соты Темірлан Еңсебекті «ұлт араздығын қоздыру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, оны бес жылға бостандығын шектеу жазасына кескен еді. Бұдан бөлек, журналиске публицистикамен айналысуға, блогерлік шұғылдануға, әлеуметтік желілерде қандай да материалдар жариялауға, қоғамдық ұйым жұмыстарына кірісуге, гранттар алуға тыйым салды. Бір сөзбен айтқанда, Темірлан Еңсебектің саяси құқықтары түгелдей шектелді. Тіпті петицияларға қол қоюға, оны ұйымдастыруға да тыйым салынды. Темірланның жақтастары оны барлық саяси құқықтарынан айырғанына наразылық білдірген еді. Бұл жағдайға халықаралық ұйымдар да назар аударды. 

Қорғаушы Жанара Балғабаева апелляциялық шағымында мынаған назар аударды:  «Бірінші сатыда сот тергеуді бір жақты және айқын айыптау бағытымен жүргізді, бүкіл сот процесі барысында судьяның осы істің нәтижесіне мүдделілігі байқалды. Судья шешім қабылдау кезінде тәуелсіз болмағаны көрініп тұрды.

Төрағалық етуші Қайсина Б.М. сот процесінің ашықтығы туралы қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырып, сот отырысына қатысуға ниет білдірген барлық азаматтардың қатысуына рұқсат берілгенін мәлімдеді. Ол сыймай қалған азаматтар арнайы дайындалған, осы мақсатқа бөлінген, тікелей трансляция жүргізілетін залдан бақылай алатынын айтты. Алайда кейін белгілі болғандай, мұндай бақылаушылар залы мүлде болмаған.

Төрағалық етуші процеске қатысушыларды жаңылыстырды немесе мұндай шешімді басқа біреу қабылдаған, ал сот соған келісуге мәжбүр болған».

Алайда, Алматы қалалық соты бұл уәжді қабылдамады. Мұны ұйымдастыру мәселесімен байланыстырды. 

Айта кетерлігі, апелляциялық сот бойынша процесс те онлайн түрде өтті. Балғабаеваның сотты офлайн, залда өткізуді сұрағанымен, бұл өтінішті төрағалық етуші судья қанағаттандырмады. Одан бөлек, қорғаушы журналистер мен бақылаушылардың қатысуына мүмкіндік беруді сұрады. Сот бұған келісімін берді. Филолог сараптамасын іске тіркеуді сұрады. Алматы қалалық соты мұны бірінші сатыдағы сот жасағанын мәлімдеді. 

Одан кейін қорғаушы Балғабаева Темірланды толық ақтауды сұрап, оған тағылған айыптар дәлелденбегенін, соттың асығыс өткенін, процеске келгендерді полиция ұстағанын атап өтті. Темірлан Еңсебек қорғаушысының уәжін қолдай отырып, оны қудалау – Қазақстандағы сөз бостандығын тұншықтыру деп бағалады. «Бізде сөз бостандығы бар ма? Журналистер мынадай үкімнен кейін қалай жұмыс жасайды?» Деп сұрады Темірлан Еңсебек. 

Алматы қалалық соты бұл уәждердің ешқайсымен келіспеді. Жарты сағаттан соң қаулы шығарды. Онда былай делінген: «Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының 2025 жылғы 11 сәуірдегі Темірлан Маратұлы Енсебекке қатысты үкімі өзгеріссіз қалдырылсын. Үкімнің қорытынды бөлігін келесі мазмұндағы абзацпен нақтылау және толықтыру: „Қоғамдық қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза ҚР Қылмыстық кодексінің 50-бабы 3-бөлігіне сәйкес бес жыл мерзімге тағайындалды“. Прокурордың апелляциялық өтініші қанағаттандырылсын. Қорғаушының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын». 

Осымен, апелляциялық шағымды қарау бойынша процесс аяқталды. Темірлан Еңсебекке қатысты шыққан сот үкімі осы сәттен бастап күшіне енді. 

Айтпақшы, бұған дейін QazNews24 сатиралық паблигі мәлімдеме жасап, бұдан былай Темірлан Еңсебек оның жұмысына қатыспайды, редакция қызметін өз бетінше жалғастырады деген еді. Орда журналистеріне берген сұхбатында, олардың қаржылық жағдайы қиын екенін, себебі жарнама берушілер қылмыстық істен кейін редакцияға жоламай кеткенін айтты. Алайда, «идея үшін қызметімізді жалғастырамыз» деді олар. Олар өздерінің аты жөнін айтудан бас тартты. Себебі, Темірлан Еңсебек сияқты қудалауға ұшыраймыз ба деп қорқады.