• Басты
  • >
  • Белсенділер жаппай қамалып жатыр

Белсенділер жаппай қамалып жатыр

27.05.2025

Саяси репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында белсенділерді әкімшілік қамауға алу «жұмыстарын» билік қарқынды түрде қолға алды

31 – мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қазақстанның түкпір түкпірінде белсенділерді ұстап, әкімшілік қамауға алып жатыр. Оған себеп – елдегі саяси қудалауларға қарсы шеру ұйымдастырамыз деген мақсатта бірнеше қалада әкімдіктерге ескерту жолданған еді. Бірақ, он қаланың әкімдігі мұндай шеру өткізуге түрлі себептермен рұқсат бермеді. Биліктің өзі рұқсат бермесе де, шеруге шығып кете ме деген үреймен билік белсенділерді жаппай қамауға алып жатыр.

Айтпақшы, 24-25 мамыр күндері Қарағанды қаласында билікке наразы азаматтар бас қосып, «жер сатуға қарсы» құрылтай өткізуді жоспарлаған еді. Бұл жиын да өтпей қалды. Оған себеп – қарағандылық белсенділер де, оған келуі керек басқа да өңірлердің азаматтары ұсталды. Болатбек Тоқмырза, Бақытжан Жансейітов, Мұратбай Баймағамбетов, Ерлан Кенешбаев, Ахметов Азамат, Асқар Нұрмағанов 10 тәуліктен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды. Профессор Нұртаза Қадырниязовты Алматыда полиция қызметкерлері ұстап, кейін босатты. Шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев ұсталып, оны 36 сағат бойы полиция бөлімшесінен шығармады. Шымкент шаһарының Әбішев Жанабек есімді тағы бір белсендісі де 36 сағат қамауда болды. Белсенді Айжан Жолдасова тергеуге шақырылып, оны бөлімшеде алты сағат ұстады. Қарағандыға жол тартуы тиіс талдықорғандық белсенділерді вокзалда ұстап, үйлеріне кері қайтарды. Бір сөзбен айтқанда, Қарағандыдағы басқосуға жиналған белсенділердің бәрі де алдын ала қамалды. Айта кетерлігі, дәл осындай жиындар Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында өткен болатын. Ол кезде белсенділер қамалған жоқ еді. Бұл жолы не өзгергені түсініксіз. Былай қарағанда, бұл митинг те, шеру де, наразылық акциясы да емес. Жабық есік жағдайындағы талқылау жиыны. Соның өзіне биліктің мүмкіндік бермей, барлығын ұстауы – шектен шыққандық.

Ал саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Марат Жыланбаевты қолдауға түрме алдына барған белсенділерді де қазір полицияға шақыртуда. Олардың үстінен әкімшілік хаттама толтырмақ. Оның арты бірнеше күнге қамауға әкелетіні бұрынғы тәжірибелерден белгілі. Әсел Онланбекқызы, Асет Абишев, Смаилов Баян, Амангелді Джахин, Сергей Измайлов, Нұрбек Құлышев, Садвакасова Айя, Марат Мусабаев, Бибігүл Иманғалиева, Мереке Нұғманов, Қанатхан Амренов полиция бөлімшесіне шақырылып, оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмақ. Руслан Нұрқанов Степногорск түрмесі алдындағы қолдау акциясы үшін жиырма тәулікке қамауға алынды. Бұлардың барлығы да «Алға, Қазақстан» тіркелмеген партиясының белсенділері екені мәлім. Демек, олар саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні шеруге шығып кете ме деп қауіптенсе керек билік. Сол себепті бұларды алдын ала қамап, абақтыға отырғызып қою – биліктің бұрыннан келе жатқан әрекеті.

Мұның бәрі заңға, Конституцияға қайшы әрекет екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, оған назар аударып, заңдылықты сақтап отырған күштік құрылымдарды көріп отырған жоқпыз. Шеру, митинг деген сөз естілсе болды – барлығын қамап, қудалауды күні бұрын бастап кетеді. Бастысы, наразылық акциясын өткізбесе болғаны билік үшін. Сол үшін де халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін қаншама рет сынға алды. Бірақ, Украинада соғыс шиелінісіп, АҚШ билігі демократия құндылықтарын қорғаудан алшақтап тұрғанда, Ақорда бұған мән бере қоюы екіталай. Оны қазіргі қамаулардан да анық көруге болады.