• Басты
  • >
  • Брифингке қатысқаны үшін айыппұл салды

Брифингке қатысқаны үшін айыппұл салды

21.05.2025

Астана полициясы «Наше право» тіркелмеген партиясының жұмысына араластың деп белсенділерге айыппұл арқалатуда. Олар партия жұмысына араласуға емес, жай ғана брифинг өткізуге келгенін айтуда

Алматыдағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық Бюросының баспасөз залында әкімшілік айыппұл арқалаған белсенділердің жиыны өтті. Олар полиция өздерін заңсыз қудалап отыр деп санайды.

Алдымен сөз кезегін алған белсенді Санавар Закирова былай деді:

«20 сәуір күні біз Астанада баспасөз мәслихатын өткіздік. Оған себеп – президентке үндеу жолдағымыз келді. Біздің президентпен тікелей сөйлесетін мүмкіндігіміз жоқ. Сол себепті оған видео үндеу арқылы өз сөзімізді айтып, мемлекет басшысынан көмек сұрадық. Үндеу жолдағандардың арасында түрлі сот заңсыздықтарына ұрынған адамдар болды.

Бұл видео үндеуді менің пәтерімде жасағанды жөн көрдік. Айта кету керек, Астанада менің шағын ғана пәтерім бар. Оған көп адам сыймайды да. Негізінен Алматыда тұратындықтан, бұл пәтер көбіне көп кілттеулі жатады. Оған тек Астанаға келген кезде соғамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Наше право» деп аталатын саяси партия құрмақ болдым. Сол кезде пәтерімнің бір бұрышына баннер іліп, «Наше право» деген жазу ілген едім. Себебі, менің кеңсе жалдайтын ақшам болмады. Бірақ, партия құрған соң үндеу жолдайтын жер керек, адамдарды бір жерге шақыру керек.

Сондықтан, осы пәтерімнің бір бөлігін партияның кеңсесі ретінде пайдаландым. Алайда, партия құрмақ болғаным үшін мені қудалауға ұшыратты. Бір жылдан астам түрмеде отырдым. Бүкіл денсаулығымнан айрылдым. Түрмеден шыққан соң партия құру идеясынан бас тарттым. Себебі, билік бұған жол бермейтінін түсіндім. Бәрібір мені қыспаққа алар едім. Жалғыз өзім мемлекеттік машинаға қарсы не істей аламын? Содан бері партия құру туралы ешбір жерде айтқан емеспін. Бұған менің мүмкіндігім жетпейтінін түсіндім.

Соған қарамастан, 20 сәуір күні баспасөз мәслихатына келген азаматтарды қазір шетінен ұстап жатыр. Үш адамға айыппұл салды. Сондағы айтқаны – «Наше право» деп аталатын тіркелмеген қоғамдық ұйымның жұмысына араласу. Олардың хаттамасында «Астанадағы Бейбітшілік көшесінде орналасқан пәтерге жиналып, тіркелмеген қоғамдық ұйымның жұмысына араласты» деп жазылған. Сол үшін 200 мың теңгеден айыппұл арқалатты. Ал енді бір адамға «пәтерде митинг өткізді» деп хаттама толтырған. Бұл абсурд емес пе? Пәтерде қалай митинг өткізуге болады? Кісі митингті пәтерде өткізе ме? Баспасөз мәслихатына келген адамдарды айыптамасын деп әдейі «Наше право» деген жазуы бар баннерден әрі отырғыздық. Бұл ұйымның келген адамдарға еш қатысы жоғын көрсету үшін, ертең оларды қудаламасын деп. Соған қарамастан оларды қазір әкімшілік жазаға тартып отыр. Бұл тіпті ақылға қонбайтын нәрсе ғой!

Бұл іс бойынша менің қорғаушым Жанара Балғабаева барлық материалдарды сұратты. Бұл жағдайдың мән жайын толық анықтайтын болады. Біз заңсыздыққа ұшырап отырмыз».

Одан кейін сөз алған белсенді Есенғазы Қуандық былай деді:

«Мен Астанаға 2011 жылдан бастап 70 рет барған адаммын. Соттардың заңсыз шешіміне наразылық білдіру үшін. Қаншама баспасөз мәслихатын өткіздік. Осы жолы да президентке үндеу жасап, заңсыздықтарды айттық. Бірақ, оны тыңдаудың орнына заң білмейтін полиция қызметкерлері хаттама толтырып, бізге айыппұл салды. «Тіркелмеген ұйымның жұмысына араластың» дейді. Бізде Конституция да не деп жазылған? Еркін жиналу құқығы, митинг өткізуг құқығы қарастырылған. Адамдар мемлекет басқару ісіне араласуға қақысы бар. Сол үшін депутаттарды сайлайды, қоғамдық ұйымдар құрады. Соны полиция білмей ме? Қаншама рет ішкі істер министрі Саденовке қабылдауға жазылдық. Бізді жолатпайды. Тыңдағысы да келмейді. Оның Санжар Адилов деген орынбасары бар. Ол да бізді қабылдамайды. Астанадағы шенділер кабинеттеріне тығылып алып, ешкімді естігісі келмейді. Біздің сөзімізге құлақ аспайсыздар ма? Сіздердің сөздеріңізге қазір ешкім сенбейді. Мына заңсыздықты тоқтату қажет!»

Азаматтық белсенді Ильшат Кензин де салынған айыппұлға өзінің қарсылығын білдірді. Ол мынаны айтты: «Санавар Закированы ұзақ жылдардан бері танимын. Оның «Наше право» партиясын құруға ынталанғанын да естідім. Алайда, мен оның партиясына қосылған емеспін. Қолдамағаннан емес. Біз өзіміз «Справедливость» деген партия құрмақ болдық. Бірақ, көшбасшымыз Олеся Халабузарьды қылмыстық жауапкершілікке тартып, партияны құра алмадық. Олеся екі жылға бас бостандығы шектелді, саяси қызметінен бас тартуға мәжбүр болды. Соңғы жылдары «Наше право» деген партия туралы ештеңе естімедік. Бұл туралы Санавардан да ештеңе сұраған емеспін. Тіпті партия құру туралы әңгіме ортамызда болған емес. Әрине, заңдық шеңберде жұмыс жасайтын қоғамдық ұйым керек. Бірақ, біздің ондай ойымыз болмады.

Сондықтан, «Наше право» ұйымына араластың деп бізге айыппұл салуы – барып тұрған заңсыздық. Бұлар қазір әкімшілік жазаға тартады, артынан қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін. Біз не үшін баспасөз мәслихатына жиналдық Астанада? Соттаға заңсыздықтар туралы айту үшін. Қазір сонда келген 14 адамның үстінен әкімшілік іс қозғап жатыр. Олардың қандай да саяси партия қызметіне еш қатысы жоғын ашық айта аламын. Бұл кәдімгі баспасөз мәслихаты болды. Сондай баспасөз мәслихаттарының талайына қатыстым. Оның не екенін жақсы білемін. Біз Құрылтай өткізіп, заңсыз сот шешімдерінен зардап шеккен азаматтардың басын қоспақ ойымыз болды. Бірақ, бұған да билік кедергі келтіріп отыр. Полиция қазір заңсыздыққа барып отыр деп санаймыз. Президент Тоқаев Қазақстанда өзгеріс болады, демократиялық процестер басталады деп уәде берді. Сол орындалса дейміз. Президент болып жатқан заңсыздықтарды тоқтатса деп сұраймыз».

Баспасөз мәслихатына келген басқа да азаматтар «Наше право» тіркелмеген партиясының жұмысына еш қатысы жоғын айтты. Олар өздерінің жиынға барып, соттағы заңсыздықтар туралы айтқанын мәлімдеді. Соған қарамастан, олардың бәріне әкімшілік айыппұл салынып, полиция хаттама толтырған.

Қорғаушы Жанара Балғабаева: «Полиция қызметкерлері заңсыздыққа барғаны сөзсіз. Бұл жерде мына мәселеге назар аударған жөн. Полиция хаттаманы толтырып, өздері айыппұл салып отыр. Бірақ, айыпталған азаматтар мұнымен келіспейді. Келіспеген жағдайда іс сотқа жолдануы керек еді. Әкімшілік сот істі қарап, айыппұл содан кейін ғана салынуы тиіс болатын. Егер кінәсі дәлелденген жағдайда ғана. Ал полиция адамдар хаттамамен келіспесе де, өз еріктерімен айыппұл тіркеді. Ондай заңда көрсетілмеген. Процессуалды заңбұзушылықтар өте көп. Соның барлығына біз міндетті түрде шағым түсіреміз. Санавар Закированың құқығын қорғаймын, барлық істі сотқа жеткіземіз».

Жиналғандар құзырлы органдарға үндеу жасап, белсенділерге қарсы қудалауды тоқтатуды талап етті.