Наталья Садыкованың айтуынша, Қазақстан Бас прокуратурасы Украинада күдікті деп танылған екі азаматты тергеуге алудан бас тартты
Былтыр маусым айында қастандықпен қаза болған белгілі журналист, «Басе» Youtube арнасының негізін қалаушы Айдос Садыковтың ісі бойынша тергеу жұмыстары алға жылжымай тұр. Бұл туралы оның жары – танымал журналист Наталья Садыкова мәлімдеді.
Фейсбукта жарияланған үндеуінде ол былай деді: «Украина Бас прокуратурасы Қазақстанның Бас прокуратурасынан жауап алған, онда соңғылары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты тергеп, оларға күдік тағудан бас тартқаны айтылған. Прокурорлар құқықтық көмек шеңберінде қарапайым тергеу әрекеттерін жасаудан бас тартты. Бұл іс жүзінде Айдос Садықов ісі бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің бұзылғанын көрсетеді. Кісі өлтірушілерді жасыру үшін Қазақстан халықаралық нормалар мен қарапайым әдептілікті елемей отыр. Бірақ бұл бәрі емес: Жақанбаевты сот елден шықпау туралы қолхатпен босатқан, ал Қаратаевты тіпті іздеп жатқан жоқ. Өзінің «ең жақсы өмірін» Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті төрағасының орынбасары Гаджи Гаджиев сүріп жүр. Ол бойынша да Садықовтың қылмыстық ісі аясында тергеу жүргізу үшін Қазақстанға халықаралық сұрау жолданған. Мұндай құжаттар жайдан-жай жіберілмейді, демек тергеу органдарында бұған елеулі себептер бар деп ойлаймын».
Қазақстанның Бас прокуратурасы Украинаға берген жауабында «тергеу материалдарына сай, аталған екі адамның кінәсі дәлелденбеді» деген сыңайда жауап берген. Бірақ, мәселе – оларды соттауда емес қой. Украина Жақанбаев пен Қаратаевты Киевке қайтар деп те сұрап жатқан жоқ. Бар болғаны – олармен тергеу амалдарын жүргізіп, күдікті деп танылған екі адамға сұрақ қой деп сұрауда. Оның үстіне, Қазақстан мен Украина арасында бұл салада өзара ықпалдастық ету келісімі бар. Яғни, Украина аумағында қылмыс жасаған күдіктіні Қазақстанда тергеуге, оның үстінен тексеру жүргізуге болады. Қазақстан тарапы да Украинадан соны талап ете алады. Бірақ, Айдос Садыковтың қазасына қатысты тергеуге келгенде бұл келісімнің ешқайсысы да іске алғысыз болып қалды.
Айтпақшы, Гаджи Гаджиевке қатысты Украина прокуратурасының тергеу жүргізу керек бұл адамға қатысты көп сұрақ туындатады. Неге дәл осы Гаджиевті тергеуді сұрады? Оның қылмысқа қатысы болуы мүмкін бе? Украина прокуратурасының қандай мәліметтері бар? Қазақстан Бас прокуратурасы Украина тарапынан осыны сұрауы керек емес пе еді?
Айдос Садыковтың қазасынан кейін Қазақстан президенті Қасым -Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасап, елдің құзырлы органдарына Украина прокуратурасымен тығыз қарым қатынас жасап, істі жеке бақылауына алғанын айтқан еді. Олай болса, Қазақстан құзырлы органдары қылмысты ашуға неге әрекеттенбей отыр? Еліміздің құзырлы органдарының мұндай қадамға баруы Украинада да сұрақ туындатары сөзсіз. Бұл шынында да тергеудің қаншалықты объективті болғанына үлкен сұрақ туғызуы мүмкін.