Алматыда бес тілде еркін сөйлейтін бойжеткенді азаптап өлтіргені рас па? Тергеушілер неге істі алға жылжытпайды?
2024 жылдың 20-шілде күні Алматыдағы «Амир» тұрғын үй кешенінен Ақнар Гүлстан есімді бойжеткен құлап қаза болды. Ақнар – КИМЭП оқу орнын бітірген, бес тілде еркін сөйлейтін қыз болған. Бостандық аудандық полиция басқармасы «өз өзін өлтіруге жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда, бұл баппен Ақнардың анасы мен туыстары келіспейді. Олардың ойынша, Ақнарды тірі кезінде әбден азаптаған. Шашы мен тырнақтарын жұлған, қолын сындырған, ұрып соққан. Қасында болған екі қыз әлі бостандықта жүр. Қылмыс болғанына бір жылға жуықтаса да, тергеу амалдары алға жылжитын емес. Осыған байланысты Ақнардың анасы Гүлстан Қамит пен оның өкілі Инга Иманбай баспасөз мәслихатын өткізіп, қайғылы істің мән жайын айтып берді.
Алдымен сөз алған Инга Иманбай былай деді: «Ақнар Гүлстан деген қыз былтыр шілде айында қайтыс болды. Тергеу материалдарына сай, ол жетінші қабаттан құлады делінеді. Бірақ, оның анасы Ақнарды жетінші қабаттан лақтырып жіберді деп отыр. Қолында көптеген дәлелдер бар. Қыздың жетінші қабаттан құлағанға дейін ұрылып соғылғанын растайтын қаншама материалдар бар. Тергеуге қатысты сұрақ өте көп. Осынша дәлелдер бола тұра, неге дұрыс тергеу болмағанына сұрақ туындайды. Екі қыздың Гүлстанды азаптап жатқан суреттері бар. Тырнақтары жұлынған, яғни азапқа ұшыраған. Денесін түгел тістеп тастаған. Азаптау іздері бар. Көзі көгерген. Іс неге бір ғана баппен тергелуде? Өз өзін өлтіруге итермелеу бабымен ғана тергелуде. Мына дәлелдердің бәрі неге қаперге алынбады? Қылмыс болғалы 10 ай өтті. Тергеу органдары қайда қарап отыр? Азаптау бабымен, адам өлтіру бойынша неге іс қозғалмады? Тұншықтырып тұрған қыздың видеосы бар. Ол қамалмады. Қалайша ол бостандықта жүр? Гүлстан қайтыс болғанда оның қасында екі қыз болған. Прокуратураның 24 қазан күнгі оларды қамау туралы қаулысы бар. Бірақ, оның қаулысы орындалмаған. Мұны қалай түсінуге болады? Қаулысын орындамағаны үшін прокуратура неге іс шара қолданбады? Ең басты сұрақ осында.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалу керек еді.
Екі қыз қазір қорғалуға құқығы бар куәгер статусында жүр. Бірақ, «өз өзін өлтіруге жеткізу» бабымен ғана. Адам өлтіру бабы ілініп отырған жоқ. Ұрып соғып жатқанын екі қыз телефонға түсірген. Бұл телефон полиция бөлімшесінде қырық күн жатқан. Соның бәрін көрген. Бірақ, оның материалдарын іске тіркемеген. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүргізілмеген. Ақнардың анасы оқиға орнына өзі барған. Сүйтсе, ол жерде екі мәрте тазалау жұмыстары жүрген. Бәрін жуып шайған. Ал полиция сол жерге барып, тексермеді. Шикілік көп. Біз құзырлы органдарға үндеу жасап, бұл істі ерекше бақылауға алуды сұраймыз».
Ақнардың анасы Гүлстан Қамит оқиға туралы былай айтты: «Гүлстан Ақнардың анасымын. Осылай, сіздердің алдарыңызға шығамын деген ой түсіме де кірмепті. Қызым бес тілде еркін сөйлейтін. Жақсы білім алды. Кәсіппен айналысып жүрді.
Былтыр 20 шілде күні аудио хабарлама келді, қызды өлтіріп жатыр, ұрып жатыр деген. 12 ауруханада болды қызым. Сол жерде қайтыс болды. Одан полицияға бардым. Қызметкерлер маған дұрыс жауап бермеді. Өзі секіріп кетті қызың деп қана жауап берді. Ол неге өзі секіреді? Өз өзін өлтіретіндей еш себебі жоқ еді. Мәйітті жуындырған кезде оның денесінде сау тамтық болмады. Бір тырнағы жоқ мүлдем. Түбінен жұлып алған. Мұрны да қисайған. Яғни, мұрнынан әбден ұрған. Қолын бұрап сындырған. Морт сынған. Тірі кезінде шашы ұзын еді. Жуындырғанда ол түгел түсіп жатты. Сараптама жасаттық. Оның нәтижесі бойынша, қасында болған екі қыз мас болып шықты. Менің қызым ішімдік ішпеген.
Полиция қызметкерлерінен сұрадым. Оның үстіндегі киімі қайда деп? Ол үйде киімсіз жүрмеген болар. Қыздың қолында бір миллион теңгесі, алқа сырғалары, банк карталары, телефоны болды. Тергеуші айтты, оқиға орнында болдым, қызыңыздың заттарын көрмедім деді. Мысық өлмеді ғой, адам қайтыс болды. Заттарын неге алмайсыңдар деп сұрадым. Екі қыз өле мас болды деді. Олардан ештеңе сұрамадық деп жауап қайырды. Оқиға болған орынға өзім бардым. «Амир» деген тұрғын үй кешенінде болды. Сүйтсем, пәтерді жуып шайып жатыр екен. Тергеу жұмысы неге жасалмады? Қан тамған тәпішке көрдім. Хаттама жасамаған полиция қызметкерлері. Бұл сұмдық емес пе? Дәретханада бір уыс шаш көрдім. Қап қара, ұзын шаш. Яғни, оның шашын қолмен орап тұрып жұлған. Азаптаған. Осы заттың бәрін сараптамаға беріңіз дедім. Қызымның телефоны сол екі қыздың қолында болған. Онымен сөйлесуге мүмкіндік бермеген. Сол телефоннан жедел жәрдем шақырды. Сүйтсе, ана қасындағы қыз екіншісі оны өлтіргелі жатыр деп айтқан. Неге көмектеспейсің? Құтқарсаңшы десе, көмектеспеймін, ешкімді шақырмаймын деп жауап қайырған. Бірақ, қай пәтерде екенін айтпады.
Ал енді барлық пәтерді жинап болған соң тергеуші хабарласты. Біз оқиға болған орынды қарайық, тексерейік деп. Ал ол жерде бәрі жуылып кетті ғой. Осылайша, Бостандық аудандық полиция бөлімшесі дұрыс жұмыс бітірмеді. Үш ай бойы солай жүрдік. Видео шығарған блогерден жауап ал дедік. Көршілерден сұрау сал дедік. Ешқандай қимыл жасамады.
Бұл екі қызға ешқайда кетпеу туралы белгі қойдық деді. Инстаграмды қарасам, қыздың біреуі Қытайда жүр. Бұл қалай? Қазақстан шекарасын қалай кесіп өтті. Сүйтсек, тергеушілер маған сенбейді. Олар Қазақстанда жүр дейді. Екі қызды шақыр дедім тергеуге. Бір қыз жоқ. Ол Қытайда жүр. «Бүркіт» деген белгі қою керек еді оған. Оның қашып кеткеніне байланысты барлық құзырлы органдарға арыз жаздым. Президент әкімшілігіне дейін жаздым. Еш қимыл болмады. Қызды тек үш айдан кейін ғана шақырып алған. Қалай шақырғанын білмеймін. Тергеу амалдарынан жасырынып кетті деген себеппен неге қамамайсыңдар деп сұрадым. Оған селт етпеді. Содан кейін ғана істі Алматы полиция департаментіне ауыстырды. Онда да іс алға қарай жылжымады. Кешенді сараптама жүргіземіз деді. Оны да айлап әрең жасады. Қолдарында бір материал жоқ. Өзім барлық видеоларды, фотоларды бердім. Қалай кешенді сараптама жасайды, қолдарында түк болмаса. Құлаған кездегі видео, дүкенде жүрген видеосы, бәрін жинап бердік. Полиция емес, өзім жинадым осының бәрін. Көршілерден жауап алмаған тіпті. Видеоны интернетке салған блогерді де жауаптамаған. Блогердің өзі «Мармарис» деген кафеде отырған сол кезде. Ақнар құлағанға дейін оның шыңғырған, азапталған даусын естіген ол. Полицияға жауап беруге дайынмын деген. Осы дәлелдердің бәрін полиция іздемеді. Барлығын өзім таптым.
Ортақ таныстарым арқылы маған хабар келді. Қызым қайтыс болғаннан кейін келесі күні екі қыз 20 миллион теңге банктегі есеп шоттарынан шешіп алған. Меңдіқұлов пен Жолдасбеков бөлімшесінен алған ақшаны. «Осы ақшаны беріп, полициядан әрең құтылдық» деп айтқан жаңағы қыздар. Мен солай естідім. Неге осыны тергемейді? Олар 20 миллионды неге шешіп алды аяқ астынан? Мұны неге тергемеске?
Қызым өте білім еді. Елге қызмет ететін адам еді. Орталық Азиядағы ірі компаниялардың бірінде жұмыс жасады. Оған назар аударып жатқан ешкім де жоқ. Бұған сөзім жоқ менің.
Тергеушілерді істен шеттеттік, біреуін жұмыстан алдық деген хабар келді. Сонымен ғана шектеле ме? Неге дұрыс тексеріс жасамайды?
Алматы полиция департаменті істі бақылауға алдық деді. Бірақ, одан да нәтиже жоқ.
Қасындағы екі қыз – студент болған, қызым үшеуі бірге оқыған. КИМЭП те оқыған. Бір бірімен содан таныс. Біреуі тәртібіне байланысты оқудан шеттеп кеткен. Екеуі де этникалық қазақ, бірақ Қытай азаматшалары.
Сол күні екі қыз пәтер жалдайды да, менің қызымды киім көрсетші деп шақырады. Қызым киім саудасымен айналысты. Сенен сатып алайық, тапсырыс береміз деп шақырған. Ортақ чатта солай жазған бір біріне. Ол да қолымызда бар. Ақнардың заттары пәтерден табылмады. Бір заты жоқ. Полиция ешқайсысын таппадық деп отыр. 1500 юань ақшам бар қалтамда деп те айтқан алдында маған. Оның бірі жоқ. Тіпті косметикалық құралдары да табылмады дейді.
Біздің талабымыз – адам өлтіру бабы бойынша іс қозғау керек».
Ақнардың анасының сіңлісі Хамит Раяға сол күні екі қыздың бірі хабарласқан. Ол мынан айтты: «Ақнардың телефонынан бір қыз хабарласты. Түннің ортасында. Мас қыз хабарласып тұр. Ақнарды өлтіріп жатыр, ол өлді деп айтты. Сүйтті де, телефонды қоя салды. Артынан біз хабарластық. Алмайды ешкім тұтқаны. Біраз уақыттан соң полиция хабарласты. Ақнар терезеден секіріп кетті деді. Полицияға осы мәліметтердің бәрін айттық.
Артынша олар айтты, ешкімге хабарлама бермеңдер деді. Ақпарат құралдарына шықпаңдар, айыппұл саламыз деп қорқытты. Біз оған мән бермедік сол кезде. Қыздардың қанын тексерді. Ақнар сап сау, ана екеуі мас болып шықты. 12 ауруханаға түсті. Ол кезде тірі еді. Құтқарып қаламыз деп барын салдық, қолымыздан келмеді».
Бұл істі құзырлы органдар өз бақылауына алып, әділ тергеу жүргізуі керек деп санаймыз.