• Басты
  • >
  • Жаңа заңда «шетел агенті» туралы айтыла ма?

Жаңа заңда «шетел агенті» туралы айтыла ма?

13.05.2025

Премьер – министр «үкіметтік емес ұйымдар туралы» жаңа заң жобасы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Мәжілісте «шетел агенті» туралы мәселе көтерілді. Бұл жобаға депутаттардың мына ұсынысы кіргізіле ме деген сұрақ көтерілуде.

Қазақстанда «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» жаңа заң жобасы дайындалып жатыр. Премьер-министр Олжас Бектеновтың депутаттардың жолдаған сауалына берген жауабында, «парламентте көтерілген мәселелердің көпшілігі жаңа заң жобасы жазыларда ескеріледі» деді. «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бақылау, үйлестіру және қолдау мәселелері жөніндегі уәкілетті орган ҮЕҰ саласындағы заңнаманы жетілдіру және „Үкіметтік емес ұйымдар туралы“ заң жобасын әзірлеу бойынша жұмысты бастады (жұмыс тобы құрылды). Осыған байланысты сұраныста көрсетілген мәселелер заң жобасын әзірлеу барысында қаралатын болады»,- деді премьер – министр ресми жауабында.

Парламентте бұған дейін үкіметтік емес ұйымдарды шетелден қаржыландыру, ЛГБТ өкілдерінің іс-әрекетіне тыйым салу сынды мәселелер бірнеше рет көтерілген еді. Депутат Ринат Зайытов ЛГБТ-ға Қазақстанда мүлдем тыйым салу керек деген депутаттық сауал да жолдады. «Өйткені аталған ұйым өңірлерді аралап, кәмелетке толмаған ұл-қыздарымызға өз насихаттарын ашық жүргізгенде, Алматының көшелерінде өрімдей жастарды жинап алып митинг өткізгенде де, ашық сұқбаттарда басқасын былай қойып, тіпті 2 аптада 50 мыңнан астам қол жинаған Бағила Балғабаеваның бастамасымен жазылған петицияға да дабыл қағып, әрқайсысына 11 Мәжіліс депутаты қол қойып, сауал жолдағанда да құқық қорғау органдары саусақ қозғалтқан жоқ. Осыдан кейін еш жазаға тартылмасына көзі жеткен азғындар күні кеше Алматыда Құрылтай өткізетінін ашық хабарлады. Әлмисақтан ел мен жердің, ұлыс пен ұлттың тағдыры талқыланатын құрылтай деген қастерлі ұғымды осынша төмендеткенде біз неге қарап қалуымыз керек?!», – деп кіжінген еді Ринат Зайытов.

Одан бөлек, Қазақстанда 50 мыңнан астам адамның қолы жиналып, ЛГБТ-ға қарсы петиция да ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде, бұл мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өтіп, оған құқық қорғаушылар мен ресми билік өкілдері де қатысты.

Депутат Магеррамов болса, USAID-тың Қазақстанға қаржы бөлгеніне қатты алаңдаушылық танытып, арнайы мәлімдеме жасаған болатын. «Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде USAID-тің ондаған жылдар бойы «зиянды жобаларды» қаржыландырумен айналысқаны нақтыланған. Ресми тұлғалар – Илон Маск, тіпті президенті Дональд Трамп USAID-ті «құныққан радикалдар басқаратын қылмыстық ұйым» деп атады. Ақ үйдің ресми мәлімдемесінде USAID агенттігінің салық төлеушілерге ешқашан есеп бермегені және қомақты қаржыны миға қонбайтын және кесірлі жобаларға бағыттағаны анықталған», – деді Магеррам Магеррамов.

Мәжілістің тағы бір депутаты Ирина Смирнова Қазақстанда «шетел агенті» заң жобасын дайындау керегін айтқан болатын. Ол былай деді: «Қазақстанға бұл тәжірибені қолдап, ел азаматтары ақпаратты бағалап, салыстыра алуы үшін оның дереккөзін білетіндей кез келген құрылымды нақты белгілейтін ұлттық заңнама дайындау қажет екеніне сенімдімін. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік белгілеу қажет. Мұндай амал ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, салауатты азаматтық қоғамды қудалауға және оның дамуын бәсеңдетуге апармайды».

Смирнованың бұл үндеуі қоғамдық ұйымдардың сынына қатты ұшырады. Мұны Ресейдің тәжірибесін көшіріп алу деп бағалағандар да болды. Айта кетерлігі, Ресейде «шетел агенті» деп танылған азаматтар не қылмыстық қудалауға ұшырайды, не елден кетуге мәжбүр болды. Қазақстанда да осындай заң жобасы қабылданатын болса, көптеген қоғамдық ұйымдарға, оның ішінде сөз бостандығы, пікір алуандығы мәселесін қозғап жүрген қорларға қиын соғатыны сөзсіз.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар қазақта. Мәжілісте депутаттардың «шетелден қаржыландыру мәселесін қозғап, қайта қайта сауал жолдағанына» қарағанда, үкімет «шетел агенті» туралы заң жобасын ұсынып қалуы да ықтимал. Бұл, әрине, қоғамның тарапынан да, халықаралық қауымдастықтан да үлкен сынға ұшырайтыны анық. Бұған билік назар аудара ма, жоқ па, – ол жағы беймәлім. Алайда, өткен айда Әділет министрлігі «шетел агенті» туралы заң жобасын дайындау ұсынысы мәжілістен түспеді» деп жауап берген еді.