• Басты
  • >
  • Құқық қорғаушылар БҰҰ-ға азаптауларға қатысты өз көзқарасын білдірді

Құқық қорғаушылар БҰҰ-ға азаптауларға қатысты өз көзқарасын білдірді

13.05.2025

БҰҰ-ның азаптаулар мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашының сұрауы бойынша құқық қорғаушылар мемлекет жариялаған «азаптауға нөлдік төзімділік» саясатының соңғы бір жылда қандай деңгейде жүзеге асырылғаны туралы есеп дайындап, жолдады.

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы мен ұсталған және қамауға алынған адамдарға қатысты азаптаулардан кейін Қазақстан қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазаларға қарсы күрес мәселелерімен айналысатын БҰҰ органдарының ерекше бақылауына алынды.

Әрине, әскери қақтығыстар жүріп жатқан аймақтарда бұдан да ауыр жағдайлар орын алып жатады. Алайда, соғыс жағдайында емес ел үшін азаптаулардың кеңінен қолданылуы алаңдаушылық тудыратыны заңдылық. Мемлекет белгілі бір қорытындылар жасап, зорлық-зомбылық салдарынан айтарлықтай бүлінген халықаралық беделін қалпына келтіру үшін нақты қадамдар жасай бастады. Алайда, құқық қорғаушылардың пікірінше, егер Қаңтар оқиғасының сабақтары шын мәнінде ескерілсе, әлдеқайда ауқымды және жүйелі жұмыс атқаруға болар еді.

Қазақстанның Азаптауларға қарсы ҮЕҰ коалициясы серіктес ұйымдарымен – штаб-пәтері Бельгияда орналасқан Адам құқықтары жөніндегі халықаралық әріптестікпен және штаб-пәтері Швейцарияда орналасқан Азаптауға қарсы дүниежүзілік ұйыммен бірлесіп, 2024 жылғы шілде мен 2025 жылғы мамыр аралығындағы ахуал бойынша азаптаулармен күреске қатысты жағдай туралы есеп дайындап, оны 2025 жылғы 9 мамырда БҰҰ-ның Азаптаулар жөніндегі Арнайы баяндамашысына жолдады.

Есепте атап өтілгендей, БҰҰ алдындағы халықаралық міндеттемелеріне қарамастан, Қазақстанда ұсталушылардың құқықтарының жүйелі бұзылуы жалғасуда – азаптаудан бастап тиімді тергеудің болмауына дейін. Қамауға алынғандар мен сотталғандарға қатысты қатыгез және заңсыз әрекеттер мен азаптаулар фактілері жалғасуда. Елде әлі күнге дейін халықаралық стандарттарға сәйкес азаптауларды тергеумен айналысатын тәуелсіз орган құрылмаған. Азаптауларға қатысты бірқатар өкілеттіктер Бас прокуратураға берілгенімен, құқық қорғаушылардың мәліметі бойынша, қатыгез қарым-қатынас пен азаптаулар туралы арыз-шағымдарды әлі де полиция органдары тергейді – ал олардың қызметкерлері көп жағдайда осы істердің тікелей қатысушылары болып табылады. Есепте: «Азаптау істерінің басым бөлігі дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылады, сотқа жетпейді, ал жәбірленушілер өтемақы ала алмайды», – деп көрсетілген.

Оң қадам ретінде 2023 жылы азаптаулар үшін амнистия, қылмыстық жауапкершіліктен босату мерзімінің өтуі, шын ниетпен өкіну немесе тараптардың татуласуы негізінде жауапкершіліктен босату мүмкіндігін жоятын заңнамалық өзгерістердің қабылданғаны атап өтілген. Алайда бұл өзгерістерге қарамастан, құқық қорғаушылардың пікірінше, іс жүзінде азаптауға қатысы бар лауазымды тұлғалар жазадан жалтаруын жалғастыруда. Бұған тиімді жазалау тетіктерінің болмауы және тергеу органдарының жеткілікті дәрежеде тәуелсіз болмауы себеп. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі ауыр қылмыстар, соның ішінде азаптау істері бойынша да процессуалдық келісімдер жасауға, оның ішінде кінәні мойындау туралы келісім жасауға жол береді.

Құқық қорғау ұйымдарының деректері бойынша, азаптау істерінің көпшілігі қылмыстық істі тіркеуге дейінгі тексеру кезеңінде немесе ҚР ҚПК-нің 35-бабы (қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының немесе қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауы) негізінде дәлелдердің жеткіліксіздігі себебімен тоқтатылып жатады. Осы себепті Қылмыстық кодекстің 146-бабы (азаптау) бойынша шығарылатын айыптау үкімдерінің саны өте аз және бұл көрсеткіш мәселенің нақты ауқымын көрсетпейді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен ҚПК-де заңсыз жолмен алынған дәлелдемелерді пайдалануға тыйым салынған. Алайда, іс жүзінде мұндай дәлелдемелер, әсіресе олар «ерікті мойындаумен» сүйемелденсе, сотта сирек жағдайда ғана жарамсыз деп танылады.

Есепте Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі азаптаудың қолданыстағы анықтамасы БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясында бекітілген анықтамаға сәйкес келмейтіні атап көрсетілген. Сонымен қатар, жыныстық сипаттағы азаптау түрлері қылмыстық заңнамада жеке сараланбаған, бұл жәбірленушілерді қорғауда елеулі олқылықтарға және әділ сот төрелігіне қол жеткізу жолында кедергілерге алып келеді.

Есепте сондай-ақ басқа да мәселелер қозғалған – түрмелердегі ұстау жағдайлары, әйелдердің және пана іздеуші тұлғалардың жеткіліксіз қорғалуы.

Қазақстан БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы конвенциясына қатысушы ел болып табылады және 2008 жылы оның Факультативтік хаттамасын ратификациялады. Алайда, есеп авторларының пікірінше, бүгінгі күнге дейін ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАМ) тәуелсіздігін және тиімділігін қамтамасыз ететін жеке заң қабылданған жоқ.