«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы Қазақстандағы сөз бостандығына баға берді
«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы әлем елдерінің сөз бостандығына арналған жыл сайынғы рейтингісін жариялады. Журналистерді, блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартумен көзге түскен Қазақстан биылғы рейтингте 141 – орынға тұрақтады.
«Әлемдегі сөз бостандығы тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейде» — «Шекарасыз тілшілер» (RSF) ұйымының жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингі осындай сөздермен басталады. Бұл рейтинг бес көрсеткішке негізделген: саяси контекст, құқықтық база, БАҚ үшін экономикалық орта, әлеуметтік-мәдени контекст және қауіпсіздік.
Рейтинг деректеріне сәйкес, бақыланатын 180 ел мен аумақтың 90-ында журналистер үшін жағдай «күрделі» немесе «өте ауыр» деп сипатталады. «Қауіпсіздік саласындағы тұрақсыздық пен авторитаризмнің күшеюінен бөлек, бұл жағдайдың негізгі себебі — экономикалық қысым», — делінген есеппен бірге берілген баспасөз хабарламасында. Рейтингті құрастырушылар бүгінгі таңда әлемнің түкпір-түкпіріндегі редакциялар тәуелсіз болуға ұмтылу мен экономикалық тіршілік ету арасында жиі таңдау жасауға мәжбүр екенін атап өтеді.
Қазақстандағы жағдайға қатысты «Шекарасыз тілшілер» былай деді: «Онлайн жаңалықтардың сапасы жақсарып келе жатса да, репрессия да заманауи сипат алып, интернетке бақылау күшейіп жатыр – бұл тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары өз ойын еркін жеткізе алатын жалғыз кеңістік».
Елде қалыптасқан саяси жағдайға қатысты мынадай сипаттама беріледі: «Билік маңызды оқиғалар туралы бұқаралық ақпарат құралдарының хабар таратуына жол бермеу үшін барлық мүмкін құралдарды – тұтқындау, шабуыл жасау, телекоммуникацияны өшіру, интернетті ажырату – қолданады. Мысалы, 2022 жылдың қаңтар айындағы үкіметке қарсы бұрын-соңды болмаған жаппай наразылықтар кезінде осындай әрекеттер орын алды. Ақпаратқа қол жеткізу шектеледі, ал үкіметтік брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшырайды. Үкімет өз үгіт-насихатын тарату үшін жеке меншік БАҚ-тарға ақша төлейді. Мемлекетке тиесілі және мемлекет бақылайтын БАҚ-тардың бас редакторларын тағайындауды да үкімет бақылайды. Ақпарат министрлігі БАҚ-ты реттейтін орган ретінде де жұмыс істейді».
Құқықтық жағдайға қатысты халықаралық ұйымның берген бағасы мынадай: «Конституция цензураға тыйым салғанымен, ол әлі де бар. Жала жабу қылмыс деп танылмайтын болды, бірақ «қасақана жалған ақпарат тарату» әлі де қудаланады. Ақпарат көздерінің құпиялылығына құқықты соттың қарапайым шешімімен жоюға болады. 2024 жылы қабылданған медиа туралы заңға енгізілген реформа үкіметтің БАҚ-қа бақылауын одан әрі күшейтті. Сыртқы істер министрлігі «ұлттық қауіпсіздік» ұғымын кеңінен түсіндіру арқылы кез келген БАҚ пен журналистке аккредитация беруден негізсіз бас тарта алады».
Орталық Азиядағы көршілеріміз де бізден алысқа ұзамады: Қырғыстан 144 -орынға орналасса, Өзбекстан одан да төмен – 148 орынға жайғасты. Ең нашар жағдай Түркіменстанда байқалады, «Шекарасыз тілшілер» бұл елді 178 – орынға тұрақтатты.
Айта кетерлігі, былтырғы рейтингте Қазақстан 142 – орында тұрған еді. Яғни, бір орынға алға жылжыды. Бірақ, бұл елдегі сөз бостандығы жағдайы дұрысталды, еркіндік көбейіп кетті деген сөз емес. Бірқатар журналистердің қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, сотталуы – осны айқын аңғартады.
Қазақстан билігі «Шекарасыз тілшілердің» рейтингтерімен келіспейтінін ашық мәлімдеді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2024 жылғы рейтингке байланысты былай деген еді: «Менің ойымша, біздің елімізде сөз бостандығына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Заң мен тәртіп қағидасы сақталып отыр, бұл мені қатты қуантады. Сондықтан сөз бостандығы бізде жоғары деңгейде деп ойлаймын».
«Шекарасыз тілшілердің» биылғы рейтингіне қатысты биліктің позициясы қандай болатыны айтпаса да белгілі.