• Басты
  • >
  • Еуропа Одағы адам құқығы мәселесін қозғады

Еуропа Одағы адам құқығы мәселесін қозғады

16.04.2025

Самарқандта өткен ірі саммитте Еуропа Одағы басшылығы Қазақстандағы адам құқығы мәселесін көтергенін Елші растады

3-4 сәуір күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Еуропа Одағы-Орталық Азия саммитінде адам құқығы мәселесі көтеруді сұрап, халықаралық Human Rights Watch ұйымы Брюссельге үндеу жасаған еді.

Бұған қатысты Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкич «Азаттыққа» берген сұхбатында өз пікірін білдірді. Саммит барысында «адам құқығы мәселесі көтерілді ме?» Деген сұраққа Елші ханым былай деді: «Болды. Адам құқығы – әрдайым шетін тақырып және біз ол туралы әрдайым жария айта бермейміз, сол үшін бізді осы мәселені қозғамадыңдар деп айыптап жатады. Бірақ біз адам құқығын, әсіресе Human Rights Watch пен адам құқығы жөніндегі өзге де ұйымдар айтатын мәселелерді қозғап жүрміз. Бізде сондай-ақ азаматтық қоғам форумдары, аймақ форумдары бар. Соның бірі биыл Алматыда өтті. Мұндай жиындарда біз азаматтық қоғам және адам құқығы акторларын тыңдаймыз. Біз бұл мәселелерді түрлі форматта қозғаймыз, саммит – солардың бірі. Сондай-ақ бізде әріптестік нығайту келісімі аясында жылына бір рет адам құқығы диалогы өтіп тұрады. Биылғысы Брюссельде болды. Оған бас прокуратура мен әділет министрлігінің өкілдері қатысып, оларға жайсыз сұрақтар қойылды. Мен қазір Қазақстан туралы айтып тұрмын. Егер бүкіл аймақ елдерін алсақ, барлығымен бірдей кеңейтілген әріптестік жоқ, десе де адам құқығы диалогы өтіп тұрады. Бұдан бөлек, әр екі ай сайын Қазақстанда әділет министрлігімен және омбудсменмен дискуссия өткіземіз. Сондай-ақ жақында Қазақстанға Әмбебап мерзімді шолу есебі арналды. Онда Еуроодақ пен оған мүше елдер Қазақстанға көптеген сұрақ қойды. Қазақстан оған дайындалуға, өзгеріс жасауға мәжбүр болды. Менің айтқым келгені – адам құқығын түрлі жағдайда көтереміз, бірақ ол сыртқа әрдайым көріне бермейді, өйткені бұл шетін мәселе».

Шынында да, қазіргі таңда халықаралық деңгейде адам құқығын қорғауға шақыратын бірден бір ірі күш – Еуропа Одағы екені сөзсіз. Әсіресе, АҚШ билігіне Дональд Трамп бастаған топ келгелі бері Еуропа Одағы адам құқығы, демократия мәселесіне жауапты жалғыз бірлестікке айналды. Себебі, Вашингтонды қазіргі таңда адам құқығынан гөрі «America First» деп аталатын жалаң ұран қызықтырып отыр. Оның үстіне, АҚШ билігінің «Голос Америки», «Радио Свободная Европа» сынды ақпарат құралдарын жабуға талпынысы – сөз бостандығына, демократиялық құндылықтарға үлкен соққы болғаны сөзсіз.

Еске сала кетейік, Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы саяси қудалауға алаңдаушылық білдіріп, түрмеде отырған бірқатар белсенділердің мәселесін көтеруге шақырған еді. Сол саммиттен кейін екі бірдей журналиске қатысты ақпарат шықты Қазақстанда. Бірі – Qaznews24 сатиралық паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі. Оны түрмеге жібермесе де, бес жылға бостандығын шектеп, қоғамдық саяси жұмыстан, журналистикадан толыққанды аластады. Тіпті қоғамдық ұйым жұмысына қандай да деңгейде қатысуға тыйым салды. Екіншісі – журналист Лұқпан Ахмедьяровты Астана полиция департаменті ұстап, тергеуге әкетті. Оған қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша іс қозғалғанын, оралдық журналистің «қорғануға құқығы бар куәгер» ретінде тергелгенін полиция қызметкерлері жеткізді. Әзірге қамалмаса да, «күдікті» деп танылуға бір ғана қадам қалғаны түсінікті.

Ресей-Украина соғысы шиелінісіп тұрғанда Еуропа Одағы Қазақстандағы сөз бостандығына қатты алаңдаушылық білдіреді дегенге де сену қиындау. Себебі, қазіргі халықаралық жағдай оңай емес. Бірақ, Брюссель Астанамен жылы дипломатиялық қатынасын пайдаланып, сөз бостандығына араша түседі деген үміттеміз.

КОЛЛАЖ: Martens Centre