Оған петицияға қол қоюға, қоғамдық ұйым жұмысына араласуға, тіпті гранттар алып жұмыс істеуге тыйым салынды
11 сәуір күні QazNews24 сатиралық паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі шықты.
Наурызбай аудандық соты оны бес жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Қосымша жаза ретінде оған журналистикамен, қоғамдық саяси қызметпен айналысуға толық тыйым салынды. Одан бөлек, Еңсебек 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруы тиіс.
Темірланға қойылған шектеулерді тізіп айтатын болсақ, олар келесідей:
⃣Конференциялар, пікірсайыстар, телекөпірлер, телебағдарламалар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және басқа да телекоммуникациялық желілерде;
Азаматтардың жиналыстары мен жиындарын (еске алу шараларынан басқа) ұйымдастыру және оларға қатысу;
Ереуілдерді ұйымдастыру және оларға қатысу;
Бейбіт жиналыстарды, митингілерді, демонстрацияларды, шерулерді және пикеттерді ұйымдастыру және оларға қатысу;
Қоғамдық ұйымдарға, соның ішінде саяси партияларға, діни ұйымдарға, қоғамдық қозғалыстарға, кәсіподақтарға, өздігінен реттелетін ұйымдарға ерікті мүше болу және олардың қызметіне қатысу;
Коммерциялық емес ұйымдарды құру және олардың жұмысына қатысу, бұл қызмет аясында гранттар алу;
Қайырымдылық және басқа да көмек көрсету мақсатында демеушілік қызметті ұйымдастыру және оған қатысу;
Еріктілік (волонтерлік) қызметті ұйымдастыру және оған қатысу;
Әртүрлі петицияларды бастау, қолдау, қол қою немесе оларға қосылу;
Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды құру және олардың қызметіне қатысу, соның ішінде журналист немесе блогер ретінде;
Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тақырыптар бойынша БАҚ-та, онлайн-платформаларда және басқа телекоммуникациялық желілерде жарияланымдар мен репортаждарды, сұхбаттарды, ұсыныстарды, ұстанымдарды, пікірлерді және басқа да бейнематериалдарды жариялау, эфирге шығару, тарату;
Азаматтық құқықтар бойынша коуч, модератор, лектор ретінде үкіметтік емес коммерциялық емес ұйымдар ұйымдастырған тренингтер өткізу (офлайн кездесулер немесе кең аудиторияға арналмаған онлайн форматта тіркелген белгілі бір топқа арналған);
Әртүрлі БАҚ-қа, блогерлерге, YouTube-арналарға, теледидарға және тағы басқаларға сұхбат беру;
Қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметке қатысы жоқ басқа тақырыптар бойынша онлайн-платформаларда шығу;
Адам құқықтарын қорғау және басқа да қоғамдық-саяси қызметпен айналысу, жұмыстар орындау және қызметтер көрсету арқылы.
Еңсебекке шыққан үкім – осыдан екі жыл бұрынғы Жанболат Мамайға шыққан Бостандық аудандық үкіміне қатты ұқсас. Оған да дәл осындай шектеулер қойылған еді.
Бұл шектеудің абсурдты екенін Еңсебекке тағайындалған мына жазадан да көруге болады. Оған қандай да петицияларды ұйымдастыруға, үндеуге қол қоюға және қол жинауға тыйым салынды. Айталық, Темірлан Еңсебек көпқабатты үйде тұрады. Ертең тұрғындар, оның көршілері подъезде жөндеу жұмыстарын жүргізу керек деген талаппен КСК басшылығына қол жинайды. Немесе, жаңа КСК басшысын сайлау үшін, қазіргі КСК басшысын қызметінен алу үшін тұрғындар қол жинау жұмысын бастады дейік. Бұл петиция ма? Әрине. Сот үкімі бойынша Еңсебек бұған қол қоя алмайды. Яғни, өзі тұратын подъездің тағдырына қатысты хатқа қол қоюға тыйым салынды деген сөз. Бұдан артық абсурд болуы мүмкін емес.
Сот үкімін оқылған соң «Оян,Қазақстан» қозғалысының жастары судья Бейнегүл Қайсинаға «масқара!» Деп айқайлады. Сот бұған назар аудармауға тырысып, залдан тез шығып кетті.
Бұл жердегі бір ғана позитивті жаңалық – Темірлан Еңсебек түрмеде емес, бостандықта болады. Бірақ, экстремистік баппен сотталғандықтан, оны «терроризм мен экстремизмді қаржыландырушы азаматтардың тізіміне» қосады ресми түрде. Соттың үкімімен шыққан шектеулерге қоса, оның банк есеп шоттары да бұғатталуы мүмкін. Тіпті ақша айырбастау пунктінен қаржылық операция жасауға тыйым салынады. Мұндай жағдайда Еңсебек жұмысты қалай табады? Қалай өмір сүреді? Бұл жағына құзырлы органдар бас қатырмайтын тәрізді.