• Басты
  • >
  • Темірлан Еңсебектің жақтастарына айыппұл салды

Темірлан Еңсебектің жақтастарына айыппұл салды

14.04.2025

Наурызбай аудандық сотында өтіп жатқан процеске Темірланның жақтастары кіргізілмеді, одан тікелей эфир таратуға да тыйым салынды

Алматының Наурызбай аудандық сотында QazNews24 сатиралық паблигінің жетекшісі Темірлан Еңсебекке қатысты сот процесі басталды.

Сәрсенбі күні өткен процеске Темірланның қырыққа тарта жақтасы жиналды. Олар ашық сот өткізуді, өздерін процеске бақылаушы ретінде қатыстыруды талап еткенімен, төрағалық етуші судья Бейнегүл Қайсина бұған мүмкіндік бермеді. Ең қызығы, сот процесіне Темірланның жақтастары да, оның қорғаушылары да танымайтын кісілер келіп жайғасты. Ал залдың өзі санаулы адам сыятын шағын орын ғана. Соның өзіне бейтаныс адамдар жайғасып алған. «Сот залында орын жоқ» деген сылтаумен көпшілік сыртта қалды. Олардың «Ашық сот» деп ұрандап, сыртта талап қоюдан басқа амалы қалмады. Қанша наразылық танытқанымен, Наурызбай аудандық соты олардың талабына құлақ аспады. Көпшілік сыртта қалды, залға тек қана Темірланның қорғаушысы Жанар Балғабаева және оның жақындары ғана кіргізілді. Судья Бейнегүл Қайсина процесті фото және видеоға түсіруге рұқсат еткенімен, процестен тікелей эфир таратуға тыйым салды. «Соттан эфир тарап жатыр. Кім түсірді?» Деп журналист Данияр Молдабековке де шүйлікті. Данияр Молдабеков бұл уақытта тікелей эфир түсіріп жатқан жоқ еді, бірақ ақпарат Телеграм арнасына жүктелді. Тікелей эфир мен Телеграм арнаға ақпарат тарату деген екі бөлек нәрсе емес пе? Соған қарағанда билік органдары Темірланның сотынан мүлдем ешқандай ақпарат тарамасын деп дәмеленген тәрізді.

Еңсебектің қорғаушысы Жанар Балғабаева оны үйқамаққа босатуды сұрады. Темірлан да бұл талапты қолдады. «Анамды көрмегелі үш ай болды, үйімді сағындым, қауіпті қылмыскер емеспін, түрмеден шығаруыңызды сұраймын» деді. Прокурор бұған қарсы болды, әрине. Айтқан уәждерінде сенімділік болды деуге келмейді. Бірақ, сот әдеттегідей прокурордың жағына шықты. Темірлан Еңсебектің бұлтартпау шарасын өзгертуге ешқандай негіз жоқ деген үйреншікті желеумен блогерді тар қапаста қалдыруды жөн санады.

Одан кейін сөз кезегін прокурор алды.  Прокурор Дидар Қабаев оқыған айыптау актісінде Енсебектің «азаматтардың ар-намысы мен ұлттық қадір-қасиетін қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер жасауға қылмыстық ниеті болғаны» айтылды. «Өз әрекеттерінің заңсыз екенін біле отырып, азаматтардың, әсіресе орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысы мен сезімін қорлау мақсатында, 34 мыңнан астам жазылушысы бар кең аудиторияны жинай отырып, “Қазақстандық рэперлер Тина Канделакиге қатты жауап берді” деген атаумен жазба жариялаған», — деді прокурор айыптау актісіне сілтеме жасап. «“Йоу, орыстар” атты ән мәтінінде орыс ұлты өкілдеріне бағытталған бейәдеп сөздер айтылған», — деді прокуратура өкілі.

«Тағылған айыпты мойындайсыз ба? Бұл жазаны жеңілдетуге мүмкіндік береді» деп сұрады Темірланнан судья Бейнегүл Қайсина. Еңсебек өзіне тағылған айыпты мойындаудан үзілді кесілді бас тартты. Ол өзінің ешқандай да қылмыс жасамағанын ашық мәлімдеді. Сонымен бірге, Темірлан үйленгелі отырған қалыңдығы Мария Кочнева орыс ұлтының өкілі екенін де алға тартты. Шынында да, өзі орыс ұлтының қызымен шаңырақ құрғысы келіп отырса, ол қалай орыс ұлтын қорлаған болып шығады?

Айтпақшы, Темірлан Еңсебектің өзі Наурызбай аудандық сотына жеткізілген де жоқ. Ол Алматыдағы №72 мекемесінен, яғни абақтыдан сотқа онлайн қатысты. Сотталушының өзі процеске жеткізілмегені ақылға сыймайтын тірлік емес пе? Темірланнан басқасының бәрі офлайн, яғни сот ішінде, ал өзі онлайн қатысып отырды. «Менің тағдырым шешіліп жатқанда, сотқа қатыстырмағандарың қалай?» Деп сұрады Еңсебектің өзі. Сонымен бірге, ол өзіне соттан дыбыстың дұрыс естілмей жатқанын айтып шағымданды.

Бейсенбі күні процесс қайта жалғасты. Бұл күні Темірланның жақтастары мен полицияның арасында нағыз текетірес басталды деуге болады. Сот процесіне кіре алмаған Темірланның алты бірдей жақтасы сыртта тұрғанда оларға полиция қызметкерлері тап беріп, автозакқа отырғыза бастады. Ұсталғандардың арасында Мария Кочнева, Дархан Шарипов, Ақторғын Ақкенжебаласы және Қонысбай Ырыскелді бар. Оларды полиция Наурызбай аудандық бөлімшесіне әкетті. Жалпы алғанда, Темірланның сотына келген алты адам ұсталды.

Кейіннен Алматы қаласы полиция департаменті мәлімдеме таратты. Полицияның айтуынша, Наурызбай аудандық сотының фойесінде ұсталған белсенділер “айғайлап, сотқа келушілерге кедергі жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған”. Полицияның айтуынша, “олар заңсыз әрекетті доғару туралы талапты елемеген”. Алты белсендіге қарсы “Ұсақ бұзақылық” бойынша (434-бап) хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілген. Нәтижесінде, төрт бірдей белсендіге 78 мың теңгеден айыппұл салынды. Ұсталған тағы бір белсенді Ақторғын Ақкенжебаласының денсаулығы нашарлауына байланысты оны жедел жәрдем көлігі алып кетті.

Сот процесінің өзінде Темірлан Еңсебек жауап берді. Прокурор мен Темірланның арасында мынадай диалог орын алды:

Прокурор: «Неліктен дәл осы әнге тоқтадыңыз?»

Темірлан: «Өйткені бұл ән 2022-2023 жылдары халықтық әнге айналды. Мен TikTok-та қарап отырғанда 100 видеоны көріп, соның 70-ін жүктеп алғанмын, мазмұны осы әнмен байланысты болды»

Прокурор: «Жақсы, рахмет. Бұл әнде басынан аяғына дейін бейәдеп сөздер бар екені сізді мазаламады ма?»

Темірлан: «2022 жылы бұл мені мазалаған еді, бірақ сол кезде бұл ән әр жерден — тіпті үтік қоссаң да — содан шығып тұрды».

Шынында да, полиция сол кезде бұл әннің авторын анықтап, оны кімдердің таратқанын тауып, қылмыстық іс неге тіркемеді? Оны өзінің Инстаграм паблигінде бір рет қолданған Темірлан Еңсебекті неге түрмеге қамап тастады?

Сатиралық пабликтің жетекшісіне қатысты сот процесі асығыс түрде өтуде. Соған қарағанда, Темірланға қатысты саяси шешім дайын тәрізді. Қандай шешім шықса да, бұл істің астарында саясат жатқанына біздің еш күмәніміз жоқ.