Ақтауда осыдан бірнеше жыл бұрын жасалған қылмыстар үшін жауапты деп қамалған кәсіпкер Абзал Өтебай 15 жылға сотталды. Алайда, оның туыстары тергеу кезінде де, сотта да көптеген заңбұзушылықтар болғанын айтты
Маңғыстау облысында “QazaqOilSnab” ЖШС құрылтайшысы Абзал Өтебайға қатысты қозғалған қылмыстық іс алаңдаушылық тудырып отыр. Сот үкіміне сәйкес, ол 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда, оның туыстары бұл үкіммен келіспейтіндерін ашық білдіріп, кәсіпкерді тергеу кезінде азаптағанын, сот процесінде көптеген заңбұзушылықтар болғанын және бірде бір дәлелсіз айыптау үкімі шыққанын айтады.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау Қазақстан халықаралық Бюросы өткізген баспасөз мәслихатына Абзалдың ағасы Қайрат Өтебай қатысты. Ол болған жағдайды егжей тегжейлі түсіндірді.
Оның айтуынша, Абзал Өтебай бала кезінен аурушаң болған, ешқандай спортпен айналыспаған, тіпті мектепте дене шынықтыру сабағынан да босатылған. Мектепті де, жоғары оқу орнына да үздік бітірген. Ұзақ жылдар шетелде тұрды, бірнеше тілді юетік меңгерді. Ақтау қаласында жоғарыда аталған компанияны басқарды. «Өзенмұнайгаз» компаниясымен үлкен келісім шартқа отыру туралы келіссөздер жүргізді.
Дәл осы келісімге сәйкес, жұмыс енді басталған тұста, Абзал Өтебайды кенеттен ұрлап кетті. Қайрат Өтебай ары қарай былай деді: «Алғаш рет 2024 жылдың желтоқсанында оны кеңседен шыға бергенде ұрлап әкетті. Екі бірдей адам оны ұстап, ұрып соғып,психологиялық қысым көрсетті. 6-7 сағат бойы Өтебайды әр түрлі мекемелерге тасыған. Кейіннен оны ұрып соққанын дәлелдеу үшін сот медициналық сараптамадан түгел өттік. Қағаздары қолымызда тұр, мұны сотта да көрсеттік. Оған 2018 жылы жасалған қылмысты мойныңа ал деп қысым көрсеткен. Бұл қылмысқа Абзалдың еш қатысы жоқ. Ол жерде тергеушілердің айтуынша, адам ұрлау және бопсалау фактілері болған. Сол кезден бері бұл қылмыс ашылмай тұрған. 2022 жылы да осыған ұқсас қылмыс болған. Бұл тергеу де бітпей тұрған, кінәлі адам табылмаған. Абзал қанша қысым көрсетсе де, бұл қылмысты мойнына алмаған. Себебі, оның бұған еш қатысы жоқ қой! Абзалды босатады, бірақ келесі күні қайтадан тергеуге шақырады. Одан кейін де шақыртады. Ешбір тергеуден қашпады. Тіпті «елден кетіп қал» деп кеңес бергендер де болды. Бірақ, Абзал бұдан бас тартты. Кейін одан ақша бопсалай бастады. «10 миллион теңге берсең, біз істі тоқтатамыз» деді. Бұған келіспеді. Екі күннен кейін оны қамап тастады. Түрлі сараптамалар тағайындалды. Бірнеше сараптама жасалды, Абзалдың бұған қатысы бар ма, жоқ па деген сұрақ анықталмады. Жәбірленушінің киіміндегі қан іздері қалған. Оған да сараптама жасады. Мұның да Абзалға қатысы болмай шықты. Бірде бір дәлел табылған жоқ. Беттестіру де болды. Жәбірленушілер Абзалды танымайтын болып шықты. Оны тергеу амалдарында өздері де айтты. Біраз уақыттан соң ғана алғашқы жәбірленуші «ұрлағанда дауыстарды естідім, Абзалдың даусы ұқсайды» деп шықты. «6 жыл өте шықты, оны қалай есте сақтадың?» Десе, «даусы менің жақын досыма ұқсайды» деп жауап берді. Демек, оның жақын досы да күдікті болу керек емес пе? Бұл ақылға қонбайтын аргумент қой. Абзалдың қылмыс орнында болғанын дәлелдейтін бірде бір айғақ табылмады. Оның сол кезде қайда жүргенін тексердік. Қылмыс орнына жақын да болмаған. Сонда қалай ұрлайды ол адамды?
Екінші жәбірленуші бір адамдарға 100 миллион теңге қарыз болған. Оны қарыз берушілер бірнеше рет ұрлап кеткен, қорқытқан. Тіпті мектептен қайтып келе жатқан қызын ұстап, сол арқылы әкесіне сәлем айтқан. Яғни, оны бірнеше рет бұған дейін ұрлаған. Бірақ, бұған Абзалдың не қатысы бар? Екеуі бір бірін мүлде танымайды. Бұрын кездеспеген. Бірақ, сонда да бұл қылмысты да інімнің мойнына ілді. Бірде бір дәлел жоқ. Біздің көрсеткен айғақтарымызды ешкім құлағына да ілмеді. Сотқа келген куәгерлердің бәрі Абзалды қолдап сөйледі. «Дұрыс адам, қаншама бірге жұмыс жасадық, таза кісі» деп жауап берді. Бірақ, мұның бірі де үкімге енбеді. Неге кіргізбеді? Оларды сотқа шақырды, сұрады емес пе? Сот ашық түрде өту керек, журналистер қатыссын, бәрі естісін деп сұрадық. Сот бұған қарсы шықты. Жабық түрде өткізді.
Істі алқабилер соты қарады. Олардың арасында бірде бір заңнан хабары адам болмады. «Бізді неге шақырды? Не қатысымыз бар?» Деп отырды алқабилер. Тіпті сот процесінде ұйықтап жатқандары болды. Адамның тағдыры шешіліп жатса, бұл кісілер процесте ұйықтап отыр. Сұмдық емес пе? Прокурор алқабилермен тікелей байланыста болғанын да білдік. Бұл заңбұзушылық емес пе? Оның алқабилермен қатынаста болуға ешқандай қақысы жоқ.
Прокурор «Абзалды тергеуде анықталмаған адамдармен сыбайласа отырып қылмыс жасады» деп айыптады. Сонда қалай? Тергеу басқа адамдарды неге анықтамайды онда? Қалада қаншама камера бар. Тергеу кезінде соның бәрін анықтауға болады емес пе?
Түбінде, ештеңеге қарамастан сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырды».
Үкім 2025 жылдың 20 наурызында шықты.
Абзал Өтебайдың туыстары сот үкімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, істі қайта қарап, азаптау фактілері бойынша тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Олар бұл іске халықаралық ұйымдар мен адам құқықтарын қорғаушы құрылымдардың араласуын сұрайды.
Қазақстанда азаптауға қарсы күрес туралы заңнама болғанымен, осындай фактілердің ресми органдар тарапынан ескерусіз қалуы – құқықтық жүйеге деген сенімді әлсіретеді.