Жүгіруге, сурет салуға және ағаш бұйымдарын жасауға тыйым салғаны үшін наразылық ретінде белгілі марафоншы Марат Жыланбаев аштық жариялады
Степногорск түрмесінде жеті жыл жаза мерзімін өтеп жатқан белгілі саяси белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев аштық жариялады. Бұл туралы оның қорғаушысы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Бұған себеп – Жыланбаевқа түрме әкімшілігі тарапынан жасалып жатқан қысым болып отыр. Оған жүгіруге, сурет салуға және ағаш бұйымдарын жасауға тыйым салған соң марафоншы бұған наразылық танытып, аштық жариялауға мәжбүр болды. Марат Жыланбаевтың жасы қазір 62-де, оның жақындарының айтуынша, денсаулық жағдайы да мәз емес. Оның кезекті рет аштық жариялауы денсаулығына кері әсер етуі әбден мүмкін.
Бұған дейін халықаралық ұйымдар Жыланбаевтың мәселесін көтеріп, оны бостандыққа шығаруды талап етіп, Қазақстан билігіне бірнеше рет үндеу жолдаған еді. Алайда, мұның ешқайсысы да биліктің шешімін кері қайтармады. Жыланбаев жеті жылға сотталды. Марафоншының хаттағы сөздеріне қарағанда, түрме әкімшілігі тарапынан оған оқтын оқтын қысым жасалып, түрлі арандатулар да ұйымдастырылған. Өзге сотталушылардың арасында оның беделін түсіріп, мүлде оқшаулап тастау үшін түрме қызметкерлері Жыланбаев туралы түрлі қауесеттер те таратқан көрінеді. Бұл туралы марафоншының өзі құқық қорғаушыларға жолдаған хатында айтқан еді.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Еуропа Одағы басшылығына үндеу жолдап, 3-4 сәуір күні Өзбекстанда өтетін ЕО-Орталық Азия елдері басшыларының саммитінде адам құқығы мәселесін көтеруді сұрады. Бұл үндеуде Марат Жыланбаевтың да есімі аталады. Құқық қорғау ұйымы марафоншыны жазықсыз сотталды, оған саяси астары бар қылмыс негізсіз артылды деп санайды. Ресми Брюссель бұл үндеуге назар аудара ма, жоқ па – белгісіз. Әсіресе, қазіргі халықаралық жағдайда.
Наурыз мерекелерінен соң Алматы абақтысында қамауда отырған бес белсенді – Фазылжан Сыдықов, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мубараков пен Нұрлан Темірғалиевті күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы жетінші айға ұзартылды. Бұл азаматтар былтыр өткен АЭС салынуына қатысты референдум қарсаңында ұсталып, оларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деген айып тағылды. Айта кетерлігі, бұлардың барлығы дерлік – қарапайым зейнеткерлер және мүгедектігі бар азаматтар. Қалайша олар жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруды жоспарлады? Оны қалай жүзеге асырмақ болды? Бұл сұраққа құзырлы органдар толыққанды жауабын бермеді. Қамауда отырған бес азаматтың қорғаушылары да оларға қатысты дәлел жеткіліксіз деп санайды. Сол себепті де белсенділердің тергеу мерзімін ұзартып, істі сотқа жібермей отыр дегенді айтады. Бұл азаматтардың туыстары да олардың денсаулығына алаңдап, биліктен бес азаматты тым құрығанда үйқамаққа босатуды сұраған еді. Алайда, бұған селт еткен тергеу орындары жоқ.