• Басты
  • >
  • БҰҰ ұсынысын қолдаған Қазақстан «азаматтық және саяси құқық туралы» жақ ашпады

БҰҰ ұсынысын қолдаған Қазақстан «азаматтық және саяси құқық туралы» жақ ашпады

31.03.2025

Қазақстан билігі БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесі ұсынған бірқатар міндеттемелерді мойнына алуға бекінді. Бірақ бұған дейінгі ұсыныстарды басым көпшілігі ескерусіз қалған. Астана мойнына алған міндеттемелердің ішінде азаматтық және саяси құқық мәселесі бар ма?

Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының алаңында биыл 23 қаңтарда Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесінде берген есебіне қатысты отырыс өтті. Отырысқа азаматтық және саяси құқық бойынша ұсыныстарды талқылау бойынша жұмыс тобының мүшелері қатысты. Бұған дейін Қазақстан есебіне қатысты құқық қорғаушылар ұсынған адам құқығы мен азаптауға қарсы күрес бойынша 2025-2030 жылдарға арналған Ұлттық жоспар төңірегінде пікірталас өтті.

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың сөзінше, жүзге жуық елдің делегациясы адам құқығын сақтауға қатысты Қазақстанның жұмысын оң бағалаған.

– Жүзге жуық елдің делегациясы Қазақстанның адам құқығын дамыту бойынша қабылдаған заңдық шешімдерін оң бағалады. Адам құқығы бойынша халықаралық құжаттарда көрсетілген міндеттерді орындауда да алға ілгерлеу бар екенін айтты, – деді вице-министр.

Қазақстан 294 ұсыныс (ескерту) алған. Оның 238-і бұған дейін де айтылған. Қалған 56 ескерту жаңадан қосылған. Бұл нені көрсетеді? Бір қарағанда, жаңа ескерту, ұсыныстардың болмағаны қуанышты жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұған дейін айтылған 238 ескерту сол күйі атадан балаға қалған мұрадай жылдан жылға мирас қор болып келеді. Қазақстан билігі оны орындағысы келмейді немесе орындауға қауқарсыз.

Ботагөз Жақселекованың сөзінше, БҰҰ ұсынған 254 ескертуді қолдап, жұмыс істеу жоспарлануда. Бұл шамамен жасалған ұсыныстың 86 пайызы. Вице-министрдің бұл сөзін БҰҰ-ның адам құқығы бойынша Орталық Азия аймақтық офисінің кеңесшісі Павло Бялик қолдады. Ол статистика бойынша әдетте мемлекеттер айтылған ұсыныс, ескертпелердің 75 пайызын орындауға келіседі.

Жақселекова әйелдерді кемсіту, мүгедектер мен балалар құқығы, білім жүйесін жақсарту, денсаулық және әлеуметтік қорғау салаларындағы реформалар жалғасып жатқанын айтты. Ол жетістік ретінде Қазақстанның Еуропа Кеңесінің адам құқығы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық конвенциясына қосылғанын алға тартты. Бірақ вице-министр азаматтық және саяси құқық бойынша ұсыныс, ескертпелер туралы бір ауыз сөз айтпады.

«Адам құқығы хартиясының» басшысы Жеміс Тұрмағамбетова елдегі ЛГБТ қауымдастығы өкілдерінің мәселесіне тоқталды. Ол бұл топтағы адамдардың мәселесіне көз жұма қарауға болмайды деді. Бірақ «ЛГБТ-ға ешқандай шектеу жоқ» деген жауап алды.

Кейінгі кездері Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің құқығын қорғаумен айналысатын феминистер қысым көріп жатқанын жиі айтады. 8 наурыз қарсаңында Алматыда «Феминита» ұйымының мүшелері Жанар Секербаева мен Ақторғын Ақкенжебаласын полиция ұстап, сот шешімімен он күнге қамады. Оларға «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айып тағылған. Белсенділер былтыр 13 мамырда Алматыда болған шеру үшін жауапқа тартылған. Жанар Секербаева мен Ақторғын Ақкенжебаласы «әйелін қатігездікпен өлтірді» деп 24 жылға сотталған  экс-министр Қуандық Бишімбаевты түрмеге өмір бойы қамауды талап етіп, сол күні шеру өткізген.

Сол уақытта «Феминита» ұйымының тағы бір мүшесі Гүлзада Сержан кейінгі кездері феминистерге қарсы қысым күшейді деген. Ол бұны 8 наурызбен байланыстырады. Осы күні белсенділер митинг өткізгісі келіп, әкімдікке бірнеше өтініш түсірген, бірақ рұқсат ала алмаған. Гүлзада Сержан АҚШ-тың сыртқы саясатының өзгеруі, әлемдік геосаяси жағдайлар Қазақстандағы адам құқығы саласына салқынын тигізіп отыр деген. Осыған байланысты елде бас көтерген белсенділерді қудалау да жаңа күш алған.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Еуропа Кеңесіне мүше болмаса да, Еуропа конвенциясына қосылуына қатысты талқылау болды. Маңызды тапсырмалар бойынша елші Станичлав Василенко қалай болғанда да Қазақстан бірқатар конвенцияларға қосылғанын алға тартты. Оның сөзінше, алдағы уақытта Қазақстан әйелдер мен отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы конвенцияға қосылуы мүмкін екенін айтты. Бұдан өзге, жемқорлыққа қарсы күрес және кибер қылмыс бойынша Будапешт конвенциясына қосылуға шақырту алған.

Әлеуметтік жұмыс докторы, бірқатар халықаралық жобалар сарапшысы Динара Есімова әйел және бала құқығы мәселесіне тоқталды. Оның сөзінше, БҰҰ ұсыныстары мен ескертпелерінің басым көпшілігі осы екі мәселе төңірегінде. Ол Дүниежүзілік банк есебінде Қазақстандағы балалардың 40 пайызы кедей өмір сүреді деді.

Ал «Қадір-қасиет» қорының құқық қорғаушысы Анар Ибраева құқық қорғаушылар мен журналистердің қауіпсіздігі, азаматтық қоғам мәселесін тағы да көтерді.

– Бізде жыл сайын бес жүзге жуық құқық қорғаушы түрлі қоқан-лоқы мен қысымға ұшырайтыны алаңдататын мәселе. Қысым көрген құқық қорғаушылар қажетті құқықтық көмек ала алмайды. Ол таң қалатын дүние емес. Себебі қысымның өзі мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан болады, – деді Ибраева.

Жиын модераторы, маңызды тапсырмалар бойынша елші Әлия Нәдірқұлова Ибраева келтірген статистикаға таңдана «Бес жүз кейс, сіздер бұндай сандарды қайдан аласыздар?» деді.

Бізде адвокат, заңгер ассоциациясы бар. Олар тіпті БҰҰ-да да құқық қорғаушылар мәселесі туралы айтады. Әділет министрлігі жанында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Ол жерде БҰҰ-ның адам құқықтары комитетінің барлық шешімдері талқыланады, – деді Нәдірқұлова. 

Бұған дейін құқық қорғаушылар коалициясы бірнеше рет құқық қорғаушыларды қорғау туралы заң қабылдауды ұсынған.

Анар Ибраева «БҰҰ-ның конвенциялық органдары 70 шағымды қарап, зардап шеккендердің пайдасына шешім шығарған. Бірақ Қазақстан билігі оны ескерусіз қалдырған» деді.

«Еркіндік Қанаты» қоғамдық қорының өкілі Елена Шевцова БҰҰ ұсыныстарына жеке-жеке тоқталды.

– Әділ, тәуелсіз сайлау өткізу және хаттамаларды ашық жариялау;

– Бейбіт жиын туралы заң қабылдау. Қоғамдық тәртіпті бұзбаған бейбіт жиын қатысушыларын жауапқа тартуды тоқтату;

– Шетел агенті заңын қабылдау ұсыныстарын тоқтату;

– Кемсітуге қарсы заң қабылдау;

– Сатиралық парақша авторы Темірлан Еңсебектің сотын әділ қарау. Соңғы ұсынысты Шевцованың өзі ұсынды.

Маңызды тапсырмалар бойынша елші ереуілге шығып жатқандардың басты мақсаты үнінің естілуі болса, онда заңды жолмен жүрсін. Петиция алаңын таңдасын деді.

Үш айдан кейін Қазақстан БҰҰ-ның адам құқықтары кеңесінде ұсыныс, ескертпелер бойынша өз ұстанымын таныстырады. Бұдан өзге Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакт бойынша міндеттемелері туралы есеп береді.

Бұл материал Ұлыбритания үкіметінің халықаралық даму үшін қаржылық қолауымен дайындалған. Материалда айтылған пікірлер Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдірмейді.