HRW Еуропа Одағы Қазақстан билігінен адам құқығын сақтауды талап етуге шақырды.
Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Өзбекстанның Самарқанд қаласында 3-4 сәуір күндері өтетін Еуропа Одағы – Орталық Азия саммиті қарсаңында адам құқығы мәселесін күн тәртібіне шығаруды талап етіп, үндеу жасады.
«Еуропалық Одақтың Орталық Азиямен жоғары деңгейде қарым-қатынас орнатуы жақсы жаңалық, бірақ тиімді болу үшін келіссөздер барысында аймақтағы адам құқықтары мәселелеріне шындап назар аударылуы керек», — деді Искра Кирова, Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша адвокация директоры. «Сыншылар мен белсенділерді түрмеге қамау, азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-қа шектеулер Еуропалық Одақтың іздеп отырған прогресіне кедергі келтіреді», делінеді ахлықаралық ұйымның мәлімдемесінде.
Сонымен бірге, Human Rights Watch ұйымы Қазақстандағы адам құқығына арнайы тоқталды. Олар жеті жылға түрме жазасына кесілген Марат Жыланбаевтың, Думан Мұхамедкәрімнің және 4,5 жылға сотталған журналист Данияр Әділбековтың істеріне назар аударуға шақырды.
«2024 жылғы маусымда Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы онлайн басылымдардың тіркелуін және елде физикалық болуын қамтамасыз етуді талап етеді, сондай-ақ үкіметке шетелдік БАҚ өкілдеріне аккредитация беруден бас тарту үшін кең өкілеттіктер береді. Қазақстанның соттары тәуелсіз журналистерді күмәнді қылмыстық айыптармен түрмеге қамаған. Думан Мұхаммедкәрім 2024 жылғы 2 тамызда «экстремизм» айыбы бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды. 2024 жылғы 18 қазанда Данияр Әділбеков жалған ақпарат таратқаны үшін төрт жарым жылға сотталды», дейді Human Rights Watch.
Жыланбаевтың ісіне қатысты мынадай позиция білдірді: «2023 жылдың 30 қарашасында тіркелмеген оппозициялық партия «Алға, Қазақстан!» (Forward, Kazakhstan!) жетекшісі Марат Жыланбаев негізсіз экстремизм айыптары бойынша 7 жылға сотталды. Заң шығарушылар сондай-ақ шетел агенті сияқты заң жобаларын қарастыруда».
«Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы алғашқы саммит маңызды кезең», — деді Кирова. «Еуропалық Одақ осы сәтті пайдаланып, Орталық Азия елдерімен адам құқықтары күн тәртібінің орталық бөлігі болып табылатын толыққанды және тұрақты серіктестік құруы керек», деп мәлімдеді Human Rights Watch.
Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығына, адам құқықтарына қатысты мәселеге алаңдап, үнемі мәлімдеме жасап отырады. Еуропа Одағы басшыларына да, АҚШ билігіне де неше рет қайырылды. Алайда, Украинадағы соғыс шиеленісіп тұрғанда, Еуропадағы қауіпсіздік мәселесі Трамп АҚШ президенті болған соң қыл үстінде тұрғанда, Брюссель бұл үндеулерге назар аудара ма, жоқ па, – бұл жағы беймәлім.