• Басты
  • >
  • Қазақстанда азаптау фактілері шынымен азайды ма?

Қазақстанда азаптау фактілері шынымен азайды ма?

20.03.2025

Бір қарағанда, елде азаптау оқиғалары азайып, азаптаушыларды жауапқа тарту фактілері біршама көбейген сияқты көрінеді. Алайда, мемлекеттің азаптауға «нөлдік төзімділік» туралы мәлімдемесін еске алсақ, бұл жеткіліксіз нәтиже. Бұл жөнінде азаптау мен қатыгездікке қарсы күрестегі табыстар мен олқылықтар туралы ҚР СІМ алаңында азаптаудың алдын алу жөніндегі жұмыс тобының қатысушылары айтты.

ҚР СІМ жанындағы «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының базасында әмбебап-мерзімді шолу шеңберінде БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Қазақстанның есебінен кейін ұсынымдарды іске асыру бойынша талқылаулар басталды.

Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарын 2025-2023 жылдарға имплементациялау жөніндегі жұмыс тобының қатысуымен өткен отырыстан кейін екінші кездесу азаптау мен қатыгездікті қолданудың бұрыннан келе жатқан және әлі шешілмеген проблемасын қамтыды.

ҚР-ның БҰҰ азаптауға қарсы комитетіндегі соңғы есебінен кейін Қазақстан Республикасы жағдайды түбегейлі жақсарту үшін 48 ұсыныс алды. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде өткен есептен кейін осы жылдың қаңтар айында әмбебап мерзімді шолу шеңберінде Қазақстанға азаптауға қарсы күрес бойынша тағы 15 және сотталғандардың құқықтары бойынша 15 ұсыныс берілді.

ҚР Бас прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу қызметі бастығының орынбасары Владимир Малахов жиналғандарды республиканың осы саладағы жетістіктерімен таныстырды.

Оң өзгерістер шынымен де көп болды. Алайда, заңдарға, заңға тәуелді актілер қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, одан әрі пысықтауды талап етеді.

2008 жылы Астана азаптауға “нөлдік төзімділік” саясатын жариялады. Бірақ бұл «нөлдік төзімділік» ұзаққа созылмады. Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін оны тіпті қайтадан жаңа парақтан бастауға тура келді.

Владимир Малахов «нөлдік төзімділік» саясатын заңмен ұштастыра отырып сөйледі. Біз оның сөзінің кейбір тұстарын ұсынамыз.

«Елімізде азаптау оқиғалары жыл сайын азайып келеді. 2024 жылы олар 41 пайызға төмендеді. Бұл қысым туралы айтылған барлық мәлімдемелерді қосып айтқандағы көрсеткіш».

2024 жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет есебінше, «азаптау» 146-бабы бойынша 684 іс тіркелген. 140 іс (20%) сотқа жеткен (жай ғана жеткен). Бұл көп пе, әлде аз ба? Бұл сұрақ немен салыстыруға байланысты. Өткен жылдары барлық тіркелген істердің 5% – дан астамы сотқа жеткен. Дегенмен, азаптау істерін сотта қарау қалай аяқталады деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бұндай статистика жоқ.

«2019 жылдан бастап азаптауды жасағандар рақымшылық, ескіру мерзімі, тараптардың өкінуі және татуласуы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатыла алмайды. 2023 жылдан бастап азаптауды қолданған адамдар үшін шартты түрме мерзімін қолдануға тыйым салынды».

Бірақ басқа нұсқалар қалды – бостандықты шектеу және айыппұл төлеу қазақстандық сот төрелігін қуана қолданатын баптары. Мысалы, Каңтар оқиғасы кезінде қатыгездікпен азаптағаны үшін сотталған Талдықорған полициясының кейбір қызметкерлері айыппұл төлеу арқылы мерзімін ауыстырғаннан кейін босатылды. Бұл туралы талдықорғандық құқық қорғаушысы Виктор Тен айтты.

«Азаптаудың алдын алу бойынша лауазымды қызметкерлерге жауапкершілік қарастырылған».

Алайда ол да даулы мәселе. Мысалы, Атбасар колониясында болған азаптаудың соңғы кейсін алатын болсақ, онда лауазымды басшылар тек ескертумен ғана жауапқа тартылды.

«Жәбірленушілерге 30 АЕК өтемақы төлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Өтемақыны ұлғайту  қарастырылуда».

Мәселе осында, жұмыс әлі жүргізіліп жатыр. 30 АЕК өтемақы төлеу дегеннің өзі қаншалықты жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетіп тұрғандай.

«Процессуалдық статусы жоқ адамдармен сөйлесуге және жауап алуға тыйым салынды».

Әзірге бұл тыйымнан оңай айналып өтуде. Көп жағдайда полиция мен арнайы қызмет өкілдері оған кереғар жұмыс істейді.

«Стамбул протоколында көрсетілген ұсыныстарға сәйкес, дәлелдер мен сараптама тағайындау қамтамасыз етілуде. Жаппай бейне бақылау орнату жүйесі өз жемісін беруде. Қазір барлық түзету мекемелері мен құқық қорғау органдарында 70 мыға жуық бейне камера орнатылған. Ол серверлерге тек прокуратура қызметкерлері ғана кіре алады»

Тек бейне камераға көрінбейтін аймақтар мәселесін шешу ғана қалған тәрізді. Азаптау істерінде көп жағдайда дәл осы көрінбейтін аймақтар сөз болады.

«Қылмыстық кодекске толықтырулар енгізілді, онда қатыгез және адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік тағайындалды және енгізілді».

Азаптауға қарсы Қазақстан ҮЕҰ Коалициясының үйлестірушісі Роза Ақылбекова қылмыстық кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға алаңдаушылық білдірді.

«Енді 146-бап екіге бөлінеді: біріншісі – қатыгез қарым-қатынас, екіншісі – азаптау. Оның ойынша, істі тіркеу кезінде деректердің жеткілікті болмауы сияқты мәселелер қылмыстың дұрыс сараланбауына алып келуі мүмкін. «Азаптау фактісі болса да қатыгез қарым-қатынас бойынша іс қозғайтын кездер кездеседі. Дәл сол сияқты керсінше кейстер де бар»,- дейді ол.

Халықаралық практика бойынша фактіні аса ауыр қылмыс – азаптау бойынша тіркеу қажет. Содан кейін барып дәлелдерге қарай өзгерту керек.

Енді «нөлдік төзімділік» шеңберінен тыс қалған мәселелерге тоқталсақ. «Қадір-Қасиет» құқық қорғау ұйымының атқарушы директоры Анар Ибраевва жыл сайын Қазақстан түрмелері мен әскери бөлімдерінде қанша адам қаза болатыны туралы деректерге назар аударды. 

«Әскер мен ІІМ мекемелерінде адам өлімі қалыпты жағдайға айналған», – деді ол.

Бұдан бөлек, ол 146-бапқа азаптау бойынша нақты өзгеріс енгізуді ұсынды. Оның сөзінше, төтенше жағдай кезінде, мысалы, жоғары билік өкілі ескертусіз атуға бұйрық берсе ол азаптауды ақтауға айналып кетпеуі тиіс.

«Біз азаптау ісі бойынша айыппұл салу Конвенцияға қайшы екенін барлығымыз білеміз. Ол бойынша жаза жасалған қылмысқа пара-пар болуы тиіс. Азаптау бойынша ең төменгі жаза – 5 жыл болуы тиіс. Қатыгез қарым-қатынасқа келсек. 2023 жылы 146-баптың 1-тармағына өзгеріс енгелі бері қозғалған істер саны нөл. 2024 жылы 8 іс қозғалған. Бірақ барлығы жабылған. Екі жыл өтті. Бірақ бірінші тармақ бойынша ешқандай нәтиже жоқ деп айтуға толық негіз бар. Азаптау бойынша қатысушылардың барлығы жауапқа тартылмайды. Біз жауапкершіліктен құтылып кету фактілерін көріп отырмыз. Мысалы, Атырау қаласындағы Динамо спорт кешеніндегі кейс. Онда кінәлілерді жауапқа тарту былай тұрсын, олардың қызметі өсіп кетті», – деді Анар Ибраева.

Халықаралық адам құқығы бойынша сарапшы Татьяна Чернобиль кінәлілердің жауапкершіліктен құтылып кетуіне назар аударды.

«Азаптауды анықтау бойынша біздің заңымызда белгіленген нормалар барлық жағдайларды қамтымайды. Азаптау мойындату үшін ғана жасалмайды. Оның мақсаты мың түрлі болуы мүмкін», – деді Чернобиль.

Оның сөзінше, жасалған жұмыстардың барлығы аяқсыз. Практикада оның барлығы құжат пен ұсыныс күйінде ғана қалады. Сол себепті ол өз тарапынан азаптауға қарсы механизмдерді жетілдіруге байланысты ұсыныстар айтты. Ұлттық алдын-алу тетіктері бойынша жеке заң қабылдауды ұсынды. Оның құқық қорғаушы Роза Ақылбекова да қолдады.

«Қазір ұлттық алдын-алу тетіктерінің жұмысын 10 заң мен 8 заңға тәуелді акт реттейді», – деді ол және оның атқарушы билікке тәуелді екенін алға тартып, өкілеттік шеңберін кеңейтуді ұсынды.

Бұл материал Ұлыбритания үкіметінің халықаралық даму үшін қаржылық қолдауымен дайындалған. Материалда айтылған пікірлер Ұлыбритания үкіметінің ресми көзқарасын білдірмейді.