• Басты
  • >
  • Экс-сенатордың әйелін неге қамап тастады?

Экс-сенатордың әйелін неге қамап тастады?

07.03.2025

«Үй әпереміз» деген желеумен адамдарды сазға отырғызған топтың қолында әкімдік шенділерінің мөрі мен қолы қойылған құжаттар қайдан жүр?

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау Бюросына баспасөз мәслихатына жиналған азаматтар, ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Олардың айтуынша, аталмыш топ азаматтарға «мемлекеттік программа бойынша үй әпереміз» деп олардан ақша жинайды. Шенділердің қолы мен мөрі бар құжаттарды оларға көрсетеді. Бірақ, түбінде не үй жоқ, не ақша жоқ болып шығады. Олардың әккіленгені сондай, осы уақытқа дейін үш адамды түрмеге қаматқан. Бірақ, зардап шеккендердің айтуынша, бұл кісілердің қылмысқа қатысы жоқ. Сондай айыппен бұрынғы сенатор, дипломатиялық қызметкер болған Сәкен Сейдуалиевтің жары да түрмеге қамалған. Бірақ, жәбірленушілер 67 жастағы әйелдің бұл қылмысқа қатысы жоғын айтты.

Жақында бұл істі Алматы полиция департаменті тергеуге алып, қылмысты тексеру басталғанға ұқсайды.

Бұрынғы сенатор Сәкен Сейдуалиев былай деді: «Заңдылық болуы маңызды қоғамда. Президенттің өзі де халыққа үндеуінде солай айтқан еді. Мен заңгер ретінде емес, жапа шеккен адамның күйеуі ретінде сөйлеп отырмын. Ұйымдасқан қылмыстық топтан зардап шектік бәріміз. Бұлардың барлығы жазасыз қалып жатыр. Сол себепті де алаяқтық қазір өршіп тұр.

Көп жылдардан бері Кеңес одағы тұсында Алматы әкімдігінде жұмыс істедім. Ол кезде оны Алматы қалалық атқару комитеті деп атайтын. Қазір 67 жастағы әйел түрмеде отыр. Бірақ оның өзі алаяқтарға жем болды, алданды. Соған қарамастан, оны абақтыға қамады. Процессуалдық көптеген заңсыздықтар болып жатыр. Бір рет қана одан сұрақ жауап алды. Оны түрмеге қамауға ешқандай негіз жоқ еді. Оның жасы келген адам, көптеген аурулары бар. Соған қарамастан, қазір түрмеде отыр.

Негізінен, бұл қылмысқа басқа адамдардың қатысы бар. Арасында құқық қорғау саласының қызметкерлері аталады. Бірақ, прокуратура бұған еш мән бермейді. Неге үнсіз отыр? Прокуратура заңдылықты қалпына келтіру керек деп санаймыз.

Президент Тоқаевтан да көмек сұраймыз. Бұл мәселеге назар аудармаса, жағдайымыз қиын. Заңсыздықпен күресу керек. Бұрын сенатор болғаным рас. Қаншама адамның құқығын қорғадық. Қазір заңсыздық менің отбасыма да келіп тиді. Бірде бір жерде менің әділетсіздік жасаған жерім жоқ. Менің әйелім ешқандай да қылмыс жасамады. Оны босатуға шақырамын».

Жәбірленуші Гүлфайрус Сейдуалиева қылмыстық топ туралы мынаны айтты:

«Бұл қылмыстық топ бірнеше жылдан бері әрекет етіп келе жатыр. Олардың сехмасы біреу: адамдарды жинап, олардан ақша алады да, үй әпереміз деп уәде береді. Бір адам артынан бірнеше кісіне ертеді. Көп ақша жинап алады олардан. Үйдің кілтін беретін кезде бір адамды ұстайды да, оны бір жерге тығып тастайды. Адамдар алданғанын біліп, арыз жазады. Сол кезде жаңағы адамның үстінен іс қозғайды. Себебі, ол адам көптен бері қашып жүр деген әңгіме таратады. Ал шын мәнінде оны өздері тығып, ұстап отырады.

Бұлардың қорғаушысы бар, ол үлкен қызметте отыр деген сөзді естідік. Алматы әкімдігінің еш қатысы жоқ бұған. Бірақ, олардың мөрі мен құжаты солардың қолында жүреді. Бұл құжатты қайдан алады? Қолдан жасайды деп ойлаймыз.

Медеу аудандық полиция басқармасына арыз жаздық. Бірақ, ешқандай да тергеу жүріп жатқан жоқ. Бостандық ауданында да тура солай болған еді. Менің ойымша, ол аудандағы бір тергеушінің осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Себебі, қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрі аталды. Бүкіл дәлелдер келтірілді. Бірақ, бұл тергеуші мүлде басқа адамдарды түрмеге қамады. Ешқандай қылмысқа қатысы жоқ адамдарды жазаға тартып жатыр. Құзырлы органдар Бостандық аудандық полиция бөлімшесін, Медеу аудандық тергеушілерін тергеуі тиіс.

Маған жеткен ақпаратқа қарағанда, қылмыстық топ 100 миллион теңге жинап, полиция қызметкерлеріне берді деп жатыр. Солай естідім. Сондықтан, бұл мәселені тексеру керек. Алматы қаласы полиция департаменті бұған назар аударса дейміз.

Қазіргі таңда алаяқтық деген өршіп тұр. Түр түрі шықты қазір. Мұнымен кім күреседі? Тергеу орындары алаяқтық істерімен айналысу керек. Жазықсыз адамды отырғызды да, нақты қылмыс жасағандарға назар аудармайды.

Бағдат Сманова былай деді: «Бұл іспен мен де арнайы келіп отырмын. Әпкемді кіналап, жазықсыз, қамауда ұстап отыр. Оның ешқандай қатысы жоқ бұл қылмысқа. Жапа шеккен адамдардың бәрі келіп отыр, олар менің әпкемді еш кінәламайды».

Наталья Мягких жәбірленушілер қатарында. Ол жиналғандарға әкімдіктегі шенділердің қолы бар қағаздарды көрсете отырып, мынаны айтты:  «Менің қолымда құжаттар бар. Олар бізге әкімдіктің құжаттарын рәсімдеп тұрып берді. Сол жерде қызмет етеміз деді. Қараңыз, мына қағазды мөрі бар, құжаттары бар. Мұның бәрін қайдан алды олар? Тергеушілерін бұған еш назар аудармайды. Алматы қаласы полиция департаменті енді жұмыс жасай бастады. Екі күнде көп адамды тергеуге шақырды. Соған үміттеніп отырмыз. Қалалық полиция департаменті нәтиже шығарады деп сенеміз».

Қоғам белсендісі Дәлелхан Толыбаев ашына сөйлеп, былай деді: «Осындай істерді неге тергемейді? Бұл қызметкерлер кімге сеніп отыр? Халық зар жылап отыр. Заңсыздық деген көп. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Медеу ауданы прокуроры неге дұрыс тексермеді? Заң алдында бәрі бірдей дейді. Бірдей болса, неге дұрыс тергемейді? Аттарын ашық айту керек бұлардың. Сәкен Сейдуалиевті бұрыннан танимын. Бұрынғы сенатор бұл кісі. Шындық жолымен жүрген адам бұл кісі. Соған қарамастан, оның отбасына қудалау жасап отыр».

Бұл азаматтардың қорғаушысы мынаны қосты: «Алматы қаласы полиция департаменті тергеуді бастады қазір. Қалалық прокуратура да қызметтік тексерістерін жүргізеді деп естідік. Бостандық ауданы полиция басқармасы алдында арыз алудан бас тартып отырды. Медеу ауданында да сондай жағдай болды. Арыз қабылдамау деген нағыз заңсыздық. Тек қана өзіндік қауіпсіздік бөліміне хабарласқан соң ғана олар арызды тіркеді. Бұл дұрыс емес, әрине. Заңға қайшы әрекет. Алматы полиция департаменті қазір жақсы жұмыс жасап жатыр».

Аталмыш топқа қатысты дұрыс тексеріс жүріп, шынайы қылмыскерлер жазасын алуы тиіс деп санаймыз.