Сатиралық блогер «маған күлкілі емес» деген плакатпен сотқа онлайн қатысты.
Cатиралық пабликтің жүргізушісі, блогер Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Басталғанда, басталмай жатып аяқталды деуге болады. Осыған дейін Еңсебектің ісіне байланысты процесс екі рет кейінге шегерілген еді. Алғашқы процесті прокурор тоқтатса, екінші сотты «судьяның отбасылық жағдайына» байланысты белгісіз мерзімге ысырды. Сонымен, сот процесі кеше ғана басталған еді. Оның өзінде, Темірланның ісі қаралатынын судья тек бір күн бұрын ғана хабарлады.

Соған қарамастан, Алмалы аудандық сотына Темірлан Еңсебекті жақтаушылар көптеп жиналды. «Оян, Қазақстан» белсенділері бастаған қолдаушыларды сот алғашқыда ғимаратқа кіргізгісі келмеді. Жалпы, бұл соттың өзі «гибридті» түрде өтті. Бұрын соңды болмаған процесс бұл. «Гибридті» дегеніміз не? Жартылай онлайн, жартылай оффлайн деген сөз. Оффлайн деп отырғаны – Еңсебектің қорғаушылары мен жақтастары әрі прокурор сот залына келді. Ал онлайн деп отырғаны – сотталушының өзі, яғни Темірлан Еңсебек сот залына әкелінбеді, түрмеден қосылды. Сот не себепті мұндай шешім қабылдады? Оған ешқандай түсініктеме берілмеді. Сотталып жатқан Темірлан Еңсебек болса, оның өзі процеске әкелуі керек еді ғой. Сонда қисын қайда? Сотқа бәрі жиналады да, сотталушының өзі әкелінбейді. Былай қарағанда, бұл жерде сол Еңсебектің тағдыры шешіліп жатқан жоқ па? Ендеше, оның өзі сотқа келмесе, бұл не болғаны?
Түрмеден онлайн қосылған Еңсебек тек қана судьяның сөзін естіп жатқанын, қорғаушысының да, прокурордың да не айтып жатқанын естімегенін айтты. Бұған қатысты сот ешқандай да шешім қабылдамады.
Темірлан Еңсебектің қорғаушысы Жанар Балғабаева блогердің бұлтартпау шарасын өзгертіп, оны абақтыдан босатуды талап етіп, арыз хат түсірді. Шынында да, Еңсебекті қамауда ұстап отырғанда билік не ұтады? Еңсебек қоғамға қауіпті қылмыскер емес. Адамның денсаулығына зақым келтірмеді, біреуге зорлық зомбылық жасаған жоқ. Оны түрмеге қамап тастаудың қандай қажеттілігі бар? Бірақ, прокурор бұған үзілді кесілді қарсы болды. «Бостандықта жүрсе, істің әділетті тергелуіне зиян келтіреді» деген сынды сөзді айтты. Сот та прокурордың айтқанын қолдап, Еңсебекті түрмеде ары қарай ұстау керек деп шешті.
Одан кейін Жанар Балағабаева істі ашық өткізуді сұрады. Процеске барлық журналистер мен халықаралық құқық қорғаушылар қатысуы керек дегенді айтты. Сот бұған қарсылық танытпады.
Прокурор бір нәрсені сұрады: «Темірлан Еңсебектің ісін қарауды Наурызбай ауданына жіберуді». Себебі, Еңсебек Инстаграм желісіне атышулы әнді Наурызбай ауданында орналасқан үйінде отырып жүктеді-мыс деген уәж айтты. Яғни, «қылмыс» Наурызбай ауданында жасалды, сол себепті сот процесі де сол аумақта өтуі тиіс деді. Темірлан Еңсебек прокурордың бұл сөзін жоққа шығарды. Ол өзінің көптен бері Бостандық ауданында тұрып жатқанын, Инстаграм желісіне барлық материалды сол жердегі пәтерінен жүктейтінін айтты. Бірақ, сот тағы да прокурордың айтқанына көнді. Осылайша, Темірлан Еңсебек ісі бойынша сот процесі Алмалы ауданында емес, Наурызбай аудандық сотында қаралатын болды.
«Оян, Қазақстан» қозғалысының белсенділері мұны биліктің әдейі жасаған әрекеті деп қабылдады. «Сот Алмалы ауданында өтсе, қаланың қақ ортасына Темірланның көптеген жақтастары жиналады, қолдау акциялары ұйымдастырылады, сондықтан, оны шеткерірек жерге жіберуді мақұл көрді» деді олар.
«Темірланның ісіне халықаралық қауымдастық назар аударды. Бүгінгі процеске кем дегенде жеті шетелдік дипломатиялық өкілдіктер келуі тиіс еді, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыспақ болды. Бірақ, оларды сот процеске қатыстырмай отыр. Жанар Балғабаева Темірланның ісінде ешқандай да қылмыстың жоқ екенін дәлелдеді. Мұнымен толық келісемін. Темірлан тек қана сатирамен, журналистикамен айналысты», – деді белгілі журналист Әсем Жәпішева.
Темірлан Еңсебек аз ғана үзілісті пайдаланып, өзінің жақтастарына сәлем айтып қана үлгерді. «Маған күлкілі емес» деген шағын плакатын да көрсетіп үлгерді. Мұнысы «сатира үшін қудалау ақылға сыймайды, бұл қылмыс емес» дегенді меңзегені.
Айта кету керек, Qaznews24 Инстаграм паблигінің жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс көптеген халықаралық ұйымдардың назарына ілінді. Темірланды босатып, оған қатысты қылмыстық істі қысқартуды сұрап, бірнеше беделді халықаралық ұйым Қазақстан билігіне үндеу жасады. Олардың сөзі мен талабына билік құлақ аса ма, жоқ па, – оны алдағы процестер көрсетеді.
Темірлан Еңсебекке қатысты сот процесі Наурызбай ауданында қашан басталатыны әлі белгісіз.