• Басты
  • >
  • Бір видеоға - жеті жыл түрме

Бір видеоға – жеті жыл түрме

04.02.2025

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда 256 бап, яғни терроризмді насихаттау бойынша негізсіз сотталып жатқан азаматтың мәселесі айтылды. 

Уәлихан Рузахунов – Кентау қаласында тұрады. Оның үстінен аталмыш бап бойынша іс қозғалып, бір ғана сараптаманың қорытындысы негізінде сотқа тартуда. Рузахунов бір видеоны екі «діни ұстазына» жіберді деп айыпталып отыр. Алайда, бұл видео Қазақстан Республикасы аумағында тыйым салынбаған, оны жазған адамдар да «террорист» ретінде танылмаған. 

Осы мәселені көтерген құқық қорғаушы Ғалым Агелеуов пен Уәлихан Рузахуновтың әкесі Фархад Рузахунов соттен әділ үкім шығаруды сұрайды. 

Алдымен сөз бастаған Ғалым Агелеуов былай деді

«Бүгінгі әңгіме Кентауда қаралып жатқан уәлихан Рузахуновтың ісіне қатысты болады. Соның мысалында басқа да істер туралы айта жатармыз. Бұл 256 бап, яғни терроризмді насихаттау айыбы жөнінде. 

Уәлиханның екі баласы бар, өзі жас жігіт, біреуге зиянын тигізбейтін адам. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің өзі оған оң баға беріп отыр. Бірақ, бір ғана сараптамалық құжат бойынша оны айыпты деп танып жатыр. Бұл сараптаманы Шымкентте сарапшы Мирзаходжаев шығарған. Тек соның негізінде Рузахуновты соттап жатыр қазір. 

Уәлиханның жіберген видеосы ешқандай да тыйым салынған шығарма емес. Ол интернетте емін еркін тарап жатыр. «Экстремистік» видеолардың қатарында да емес бұл бейне. Олай болса, Уәлиханды неге сотқа тартып жатыр? Оның үстіне, Рузахунов бұл видеоны көпшілікке емес, өзінің екі діни ұстазына жіберген. «Оны жібер» деп сұраған жаңағы екі ұстаз болып шықты. Соның бірі «бұл видеоны маған жолдады» деп тіркеп алған. Сол үшін Рузахуновты қазір жеті жылға соттағалы жатыр. Бұл ақылға сыймайтын дүние ғой. 

Уәлихан бұл видеоны жібергенде оны тыйым салған шығарма ретінде қабылдаған жоқ. Себебі, ондай құжат қабылданбаған. Олай болса, оның тыйым салынғанын қалай біледі адам? Бұл видеода әңгімелесіп отырған екі адамның ешқайсысы да Қазақстан аумағында «экстремист» не «террорист» деп танылмаған. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмаған. 

256 бап бойынша сарапшылық кеңес болса дұрыс болар еді. Оның ішінде тәуелсіз құқық қорғаушылар, мамандар болғаны жөн еді. Себебі, бұл қылмыстық істердің көбі жабық түрде өтіп жатыр. Ешқандай ашықтық жоқ. Қорғау тарапы айыптау тарапымен бірдей деңгейде болуы тиіс. Құқықтары, мүмкіндіктері бірдей болуы керек. 

Жастар дін мәселесі бойынша да дұрыс білім алуы керек. Жай ғана видео көргені үшін не репост үшін соттау дұрыс емес. Бұл Конституцияға қайшы әрекет. Жастардың дұрыс білімі болмағандықтан ұрынып қалатыны да бар. Осының бәріне дұрыстап, жан жақты қарау керек. Бірден қылмыстық іс қозғап қамау дұрыс емес. Ең бірінші рет профилактикалық әңгіме жүргізіп, жағдайды түсіндіру керек еді. Бірден қамап тастау, соттау мүлдем орынсыз. Бұл да бір науқаншылдыққа әкеліп жатыр. Ондаған адамды қамап тастайды. Ал сол заңға қайшы видеоларды кім таратты? Соларды жазаға тарту керек. Жай ғана көргені үшін соттау шектен шыққандық. Бұндай жағдайда түрмеге отырып шыққандар ашуланып шығатыны сөзсіз. Жүйеге, қоғамға ашуланады. Адамның өмірін бұлай құртуға болмайды деп санаймын. 

Видео қарауды, жай ғана бөлісуді қылмыс қатарынан шығарып тастау керек. Бұл үшін қылмыстық кодекспен жазаға тартпауымыз тиіс. Уәлихан Рузахунов бұл видеоны көпшілікке таратқан жоқ, жай ғана қарады. Сол үшін оны соттап жіберу дұрыс емес. Қазір Уәлиханның сотында жарыссөз басталады. Сот дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз. Қылмыстық кодексте 55 бап бар. Сол бойынша оған жұмсақ жаза қолданса деп сұраймыз. 

Бұл баптар бойынша сарапшылар кеңесі де ауадай қажет. Әйтпесе, қазір тек қана мемлекеттік сарапшылар құжат дайындайды. Олар тергеу орындарына қандай сараптама керек болса, соны жасап береді. Тәуелсіз сарапшылар болса, олар шынайы жағдайды жазып берер еді. Бұл шындыққа, әділдікке жету үшін ауадай қажет. 

Бір ғана жағдайды айтайын. Адамды видео жолдадың деп 7 жылға соттап жіберді. Сотталушының айтуынша, ол ешкімге видео жібермеген. Бірақ, 256 бапты қолданып, оны соттады. Билік органдары Сауд Арабиясында оқып жатқан баласы елге оралсын деп талап қойған. Әкесі келіспеген. Сол үшін оның өзін түрмеге қамады. Мұндай істер аз емес. Осылардың бәрін айту керек, тарату керек, көрсету қажет. Онсыз әділдікке жете алмаймыз». 

Уәлиханның әкесі Фархад Рузахунов бұл құқық қорғау органдарының арандатуы болды ма деп күдіктенеді. Ол былай деді:  «Уәлихан Рузахуновтың әкесі боламын. Балам алты айдан асты түрмеде отыр. 10 ақпан күні сөз жарыс болады, одан кейін соттың үкімі шығады. Соттар негізінен мұндай істер бойынша айыптау үкімін шығарып жатады. Сондықтан, Уәлиханды ақтайды дегенге сеніміміз аз.

Жағдай былай болған. Менің көршім бар. Жағдайы қиын еді. Оны мен жұмысқа алдым. Бұрын сотталған еді. Жұмысқа тұрғызып едім, оны бір жерден шығарып жіберді. Артынан тағы бір жерге жұмысқа тұрғыздым. Өзі пробацияда жүр еді. Бір уақытта ол Ислам дінін қабылдады. Осының өзі арнайы органдардың назарын аударды деп ойлаймын. Меніңше, оны шақырып, жан жақты тексере бастаған. Олардың ойынша, бұл жігітті дінге алып келген біз деп ойласа керек. Бірақ, бұл мүлдем олай емес. Сол азамат бізге қарсы жұмыс істеді деп ойлаймын. Неге екенін түсінбеймін. Оған жақсылық жасадық, ешбір жамандық қылмадық. 

Менің телефонымда жазба сақталған. Ахан деген бір жігіт Уәлиханнан бір видеоны жібер деп қоярда қоймай сұрайды. Балам соған сеніп қалады. Бұлар дінде жүр деп айтқанын жасап, сол видеоны жолдайды. Міне, соның негізінде қылмыстық іс қозғалып, оны түрмеге жауып отыр. 

Ойлап көріңізші, қазір қаншама жастар Ислам дінін қабылдап жатыр. Олардың діни білімі жоқ. Оң -солын әлі танымады. Оларды әлдебір видео жолдадың деп соттау дұрыс емес қой. Себебі, олар мұны білместікпен жіберіп отыр. Діни сауаты шамалы болғандықтан сол адамдарды тыңдап, видеосын жолдайды. Ал сол үшін бірден қылмыстық іс қозғап, адамды қамап тастау дұрыс па?»

Шынында да, бұл қоғамды алаңдататын жағдай. Бір ғана сараптаманың негізінде адамды жеті жылға бас бостандығынан айыру әділетсіздік екені сөзсіз. Бұл іске және осы бап бойынша жазаға тартылған басқа да адамдардың мәселесіне билік органдары назар аударуы керек деп санаймыз. 

ФОТО: Азаттык радиосы