Аида Балаева қудалауға түскен журналистердің жағдайын айтудың орнына «шындыққа жанаспайтын ақпарат» таратындар туралы көбірек айтып кеткенге ұқсайды
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үндеу жасап, онлайн платформалардың әкімшіліктеріне ескерту айтты. «Қазіргі уақытта интернет кеңістігінде бірқатар өзекті мәселелер қызу талқылануда. Мониторинг көрсеткендей, онлайн-платформаларда көбінесе заңға қайшы, қарапайым тілмен айтқанда, шындыққа жанаспайтын ақпарат жиі таралады. Осыған байланысты желілік ресурстардың әкімшілерін жаңалықтар ағынын мұқият қадағалап, расталмаған ақпараттың таралуына жол бермеуге және заңға қайшы контентті жоюға шақырамын», – деп бастады сөзін министр.
«Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын.
Миллиондаған азамат жаңалықтарды онлайн платформалардан алатынын ескере отырып, біздің министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінетінін атап өткім келеді. Дегенмен, желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жіті ұғынуға тиіс.
Статистикаға сүйенсек, 2023 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Қазақстан интернет сегментінде анықталған заңға қайшы контент көлемі екі есе өсіп, 116 354 материалға жетті. Ең көп таралған заңбұзушылықтар қатарында – терроризмді, діни экстремизмді және есірткі құралдарын насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларын жарнамалау бар.
Өткен жылы онлайн-платформаларда 78 539 заңға қайшы материал анықталып, оның 24,3%-ы жойылды»,- деп ескертті Аида Балаева.
Бізге бұл жерде мына жағдай орынсыз көрінді. Дәл қазіргі таңда блогер Темірлан Еңсебек қамауда отыр. Оның үстінен «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Еңсебектің айыбы – өзі жүргізетін Qaznews24 парақшасында «Йоу, Орыстар» деп аталатын әнді көшіріп басқаны болып тұр. Бірақ, дәл сол ән сонау 2000-жылдардың басында жария болған. Интернетте, әлеуметтік желілерде емін еркін тарап жүрді. Олай болса, құзырлы органдар осыншама уақыт қайда қарады? Неге ол әнді экстремистік туындылардың я болмаса тыйым салынған әндердің қатарына жатқызбады? Неге интернет желісінен жоюға әрекет жасамады? Оны көшіріп басқан Еңсебек айыпты болса, сол әнді жазған, оны орындаған әрі таратқан адамдар неге жауапқа тартылмайды? Бұл іс бойынша министр Балаева неге үнсіз? Темірлан Еңсебектің ісі туралы не ойлайды? Соны неге жария етіп, елге пікірін білдірмейді?
Дәл сол сияқты түрмеге жеті жылға қамалған журналист Думан Мұхамедкәрімге министр ханым неге араша болмады? Думанның қандай да «қылмысы» болса, оны ашық сотта, жария түрде неге жазаға тартпады? Думан мемлекеттік құпияны білетін кісі ме? Мемлекеттік қызметкер ме? Жоқ. Онда неге сотын құпиялап тастады? Жауып тастайтындай Думанның сотында сонша не айтылды? Егер прокурорлардың оған тағатын айыбы болса, соны ашық түрде айтпады ма? Аида Балаева әріптесіне, талай жылдар бойы мемлекеттік арналарда қызмет еткен Думан Мұхамедкәрімге неге араша болмады?
«Шекарасыз Тілшілер» халықаралық ұйымының рейтингісінде Қазақстан сөз бостандығы жөнінен былтыр сегіз позицияға құлдырап, 142-орынға жайғасты. Бұл елдегі сөз бостандығының жағдайы мүшкіл екенін білдіреді. Міне, осы туралы министр ханым неге айтпады? «Журналистерге еркіндік беру керек, ойын ашық айтсын, Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріледі» деген сөздерді неге айтпады?
«Азаттықтың» жазуынша «Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау жөніндегі ұйымы Қазақстан билігін Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жиынында айтылған кеңестерді қолдап, орындауға шақырды.
23 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары кеңесінде Қазақстандағы адам құқықтарының ахуалы талқыға түскен. Ол кезде БҰҰ-ға мүше 103 мемлекеттің делегациясы ресми Астанаға адам құқығын жақсартуға бағытталған 294 кеңес берген еді. Олардың арасында бейбіт жиналу, пікір айту еркіндігін сақтау, Қаңтар оқиғасы кезіндегі өрескел заңсыздықтарға, оның ішінде азаптауларға, адам өліміне кінәлілерді жауапқа тарту қажеттігі, мүгедектігі бар адамдарды қолдау, ЛГБТ өкілдерінің құқықтарын сақтау сияқты кеңестер бар.
“БҰҰ-ға мүше елдер әмбебап периодикалық шолу барысында Қазақстандағы адам құқығы жағдайына әділетті түрде алаңдаушылық білдірді. Қазақстан адам құқығы жағдайын жақсарту үшін дереу қадамдар жасауы керек” деді ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман».
Қарап отырсақ, Қазақстандағы сөз бостандығы, пікір еркіндігіне қатысты мәселе халықаралық деңгейде көтеріліп жатыр. Бірақ, министр мен биліктің айтатыны бір сөз: «заң бойынша жазалаймыз, жалған ақпарат таратпаңдар» дейді. «Жалған ақпарат таратты» деп шынында да елді алдап соққан адамдарды емес, өз ойын ашық білдіретін саяси белсенділерді, тәуелсіз журналистерді соттап жатқанын жиі көреміз. Осыны министр ханым біле ме екен?