Темірлан Еңсебектің үстінен қылмыстық іс былтыр маусым айында қозғалған. Оның Қаңтар оқиғасына қатысты сатирасы журналисті қамауға түрткі болды деп есептейді әріптестері
Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросында қамауға алынған журналист Темірлан Еңсебектің ісі бойынша баспасөз мәслихаты өтті. Оған Темірланның қорғаушысы Жанар Балғабаева, саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт және «Оян Қазақстан» белсенділері Жанель Шахан мен Бота Шарипжан қатысты. Қорғаушы Жанара Балғабаеваның айтуынша, Еңсебектің үстінен қылмыстық іс 2024 жылдың сәуір айында қозғалған. Яғни, дәл сол күні Алматы қаласы Полиция департаментінің тергеушісі баянхат жазып, Инстаграм желісінде «Йоу, орыстар» әніне қатысты тексеріс бастаған. Бір айдан соң сараптама нәтижесі белгілі болды. Ал маусым айында тергеу соты Еңсебектің үйінде және жұмысында тінту жұмыстарын жүргізуге, оның электронды құралдарын алуға қаулы шығарған. Бірақ, бұл жұмыс тек қана жарты жылдан соң, яғни 2025 жылдың қаңтар айында басталды. Дәл сол кезде Еңсебектің үйінде тінту жұмыстары жүріп, өзі қамауға алынды. Тергеушілердің неге жарты жыл күткені белгісіз.
Темірлан Еңсебектің әріптестері – Жанель Шахан мен Бота Шарипжанның пікірінше, оны қамауға негізгі себеп – Qaznews 24 паблигінде қазіргі билікті қатау сынауы болып отыр. Әсіресе, Темірлан Қаңтар оқиғасының үш жылдығына орай парақшасында Ақорданы сынайтын өткір сатираны жария еткен. Сол билік шыдамының соңы болып, оны қамауға шешім шықты деп болжайды белсенділер.
Сонымен бірге, Жанара Балғабаева Темірлан Еңсебектің телефондары мен ноутбугын тергеушілер ашқысы келгенін атап өтті. Бірақ, оны әлі күнге дейін аша алмай отыр. Оған дәлел ретінде – журналистің экраны блокталған телефонының суретін көрсетті. «Бұл заңсыздық. Себебі, телефонды ашқысы келсе, заң бойынша, оның иесінің жанында тұрып, қарауы керек еді» деді Жанар Балғабаева.
Одан кейін сөз алған саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт былай деді:
«Баспасөз мәслихатына сарапшы, саясаттанушы ретінде қатысып отырмын. Кейінгі жылдары Қазақстанда сөз бостандығына қатысты қауіпті үрдіс жүріп жатыр. Оны барлық жерде айтып жатырмын. Өзім ешқандай да саяси қозғалыстың я партияның мүшесі емеспін. Темірлан Еңсебектің ісі 2021 жылы басталған еді. Ол кезде де оған айып тағылып, саяси қудалауға ұшыратқан еді. Қазір дежа вю сезімі болып отыр. Арада төрт жыл өтсе де, Темірланға дәл сондай саяси қудалау болып жатыр. 2022 жылғы оқиғадан кейін Темірланның сол кездегі ісі тоқтатылған еді. Қазір міне, қайтадан оны қуғынға ұшыратпақ. Еліміздегі сөз бостандығының жағдайы өте мүшкіл күйде. Еркін сөз айта алатын, пікірін ашық жазатын ақпарат құралдары саусақпен санарлық.
Пикетке шыққаны үшін адамдарды он бес тәуліктен қамап жатыр. Сатираға тыйым салу сөз бостандығының қаншалықты төмен деңгейде екенінің ең нақты индикаторы. Бұл ой қылмысын қудалау деп бағалау керек. Қазақстан сатира үшін қудалап жатқан бірінші мемлекет емес. Египет, Ресей, Белоруссия, Түркия, Кувейт сияқты елдер сатираға тыйым салып, сол үшін қудалайды. Бұл артта қалған мемлекеттерге тән дүние.
Сатира үшін қудалау – үлкен қателік екенін айтпаса да түсінікті. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз бар қазақта. Өкінішке қарай айтарым, бізде қазір тіл кеспек те бар. Сөз бостандығы болмаса, қалған бостандықтардың құны көк тиын, оны жүзеге асыру мүмкін емес. Санаулы журналистердің қамалуына жол берсек, шындықты айтатындарды қудалауға мүмкіндік берсек, бұл елдегі демократияны ұзақ жылдарға кейінге шегеретіні сөзсіз. Биліктің ісіне баға беретін, олардан есеп талап ететін бірде бір саяси партия, қозғалыс, тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ елдің ішінде. Кейбіреулер «бұл сатира емес, бұл фейк тарату» деп қоғамға пікір таңғысы келеді. Бұл биліктің тапсырмасымен жүзеге асып жатқаны сөзсіз.
Егер бұл фейк болса, қоғамның өзі ол аккаунтты жабуға талап қояр еді. Бірақ, ондай жоқ. Қайта елдің өзі сол пабликке жазылып, оны оқып тұрады.
Ешбір азамат өз ойын, пікірін айтқаны үшін қудалауға ұшырамауы тиіс. Темірлан Еңсебек те, оны қолдаған әріптестері де түрмеге отырмауы тиіс. Егер ашық қоғам болсақ, бұл іске бүкіл журналистер жұмылып, оған қолдау көрсетуі тиіс еді. Басқа журналистер қайда? Неге үнсіз отыр? Барлығы жұмылып, олардың бостандығын талап етуі керек еді. Өкінішке қарай, осындай қудалау біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Алаңдатарлық жағдай бұл». «Оян Қазақстан белсендісі» Жанель Шахан Темірланды қудалауды айыптады:
«Қалыптасқан жағдайды жан жақты түсіндіргіміз келеді. Барлығымыз бірлесіп әрекет етуіміз керек деп санаймыз. «Оян Қазақстан» белсенділерін, журналистерді ҰҚК үнемі сатып алуға әрекеттенеді. Темірлан Еңсебектің ісі нағыз сорақылық болды деп қабылдаймыз» Бота Шарипжан былай деді: «174 бап қылмыскерлерді ұстау үшін, тәуелсіз азаматтарды қудалау үшін қолданылады. Дәл осындай баппен 2016 жылы Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталған еді. Қазіргі таңда түрмеде Тимур Дәнебаев деген азамат осындай айыппен отыр. Оны абақтыда қалай азаптап, қинағанын бәріміз көрдік. «Йоу, орыстар» деген ән ешқандай да тыйым салынған не экстремистік ән емес. Сондықтан, оны интернетте қолдану ешқандай да заңбұзушылық болып саналмайды».
«Темірлан қылмыстық іс қозғауға негіз болған әнді жариялағанына өкіне ме?» Деген сұрақ қойылды қорғаушыға. Балғабаеваның сөзінше, «журналист бұл әннің мәтінін ұмытып та қалғанын, өзінің ешқандай да басқа ұлттарға қарсы емес екенін, ұлтаралық араздықты қоздыруға ниеті болмағанын» жеткізген.
Жиынның модераторы Инга Иманбай баспасөз мәслихатына келіп қатысқан Темірланның әкесіне және қазіргі таңда Қызылорда түрмесінде отырған Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілеповке қолдау білдіруге шақырды. «Бұл кісілерге қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Сатира – қылмыс емес деген үндеуді қолдауға шақырамыз!» деді Иманбай.