• Басты
  • >
  • Бейбіт жиын туралы заң репрессия құралына айналды

Бейбіт жиын туралы заң репрессия құралына айналды

24.01.2025

Құқық қорғаушылар парламентке үндеу жасап, тез арада «Бейбіт жиналыстар туралы» жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты.

Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау бюросында белгілі құқық қорғаушылар Маржан Аспандиярова мен Ерлан Қалиевтің қатысуымен бейбіт жиын өткізу заңына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Қатысушылар қазіргі заңдағы олқылықтарды да, биліктің бейбіт жиындарға қатысты репрессивті әрекетін де қатаң сынады. Алдымен сөз кезегін алған Маржан Аспандиярова былай деді: «Бейбіт жиын мәселесіне қатысты біраз нәрсе айтылды. Бұл шынында да маңызды тақырып. Өз ойын, пікірін білдіргісі келетін адамдарды қазір билік қатты қудалауға ұшыратып жатыр». Ерлан Қалиев Қазақстан билігінің өзі қол қойған халықаралық заңнаманы да, тіпті Конституцияның талаптарын да жоққа шығарып отырғанын ашық айтты. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеу арқылы, оған шыққан азаматтарды қудалау арқылы мемлекеттік органдардың өздері қабылдаған заңды өрескел бұзып отырғанына кеңінен тоқталды. 

Қазіргі қабылданған «Бейбіт жиналыстар өткізу тәртібіне» қатысты заңның халықаралық талаптарға сай еместігін де Қалиев мырза жан жақты дәлелдеп берді. Соңғы күндері ұсталған «Оян, Қазақстан» белсенділерінің жағдайын айта келе, Қалиев биліктің бейбіт жиын туралы заңды репрессия құралы ретінде пайдаланып отырғанына тоқталды. «Бұл баяғы рұқсат сұрау тәртібі. Митинг өткізуге рұқсат беру я бермеуді әкімдік шешеді. Ескерту ғана керек деп айтады билік. Бұл шындыққа сай келмейді», – деді Қалиев. Сонымен бірге, ол жеке адамның пикет өткізу мүмкіндігі шектеулі екенін де айтты. Оған мысал ретінде былтыр қараша айында Алматыдағы Республика және Абай алаңдарында пикет өткізгісі келген мүгедектігі бар адамның жағдайын келтірді. Оған да жалғыз адамдық пикет өткізуге рұқсат бермеген әкімдік. Себеп ретінде – Республика және Абай алаңдарының «стратегиялық маңызы» бар аймақ екенін көрсеткен. Бұған келіспеген құқық қорғаушы Ерлан Қалиев әкімдікті сотқа берді. Сотта әкімдік өкілі «аталған алаңдардың автомобиль жолдарына жақын болғандықтан стратегиялық маңызы бар» деп түсіндірді. Бұл, әрине, ойға, миға да сыймайтын сылтау. Мәслихаттардың өзі митинг өткізу орны деп бекіткен алаңдардың барлығы да жолға жақын орналасқан. Жалғыз адамдық пикет жолдың қақ ортасында емес, жүргіншілер аймағында өтеді. Жалғыз адам болған соң, оған көп кісі келмейтіні, жолды жаппайтыны түсінікті. Онда бұл әкімдіктің қайдан ойлап тапқан сылтауы? 

 Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова қазіргі заңның бұрынғы «назарбаевтық» заңнан еш артықшылығы жоқ екенін баса айтты. Қазіргі биліктің репрессивті әрекетке кеңінен барып отырғанын да сынға алды. «Осы күндері Алматы түрмесінде 5 адам жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген желеумен қамауда отыр. Олар АЭС-ке қатысты референдумда оның құрылысына қарсы болды. Оған дейін Думан Мұхамедкәрімнің сотына барып, журналиске қолдау көрсетіп жүрді. Оларды алды да, түрмеге қамап тастады. Ауыр баптар ілді. Бұлардан бөлек, 7 адам қорғануға құқығы бар куәгер деген статуспен тергеуге барып жүр. Бұл қудалау емес пе?», – деді Маржан Аспандиярова. Сонымен бірге, референдум қарсаңында Қазақстанның қалаларында митинг өткізуге 36 рет рұқсат сұрап, әкімдіктерге хат жолданған. Оның бірде біреуіне жергілікті билік өкілдері рұқсат бермеді. «Бізде мынадай үрдіс қалыптасты. Адам митингіге шығамын, пикет өткіземін десе, билік оны жан жақты қыспаққа алады. Сол митингті өткізбеудің барлық амалын жасайды. Қорқытады, айыппұлдар салады, қудалайды. Егер адам өз дегенінен қайтпай, пікірімді ашық айтамын, наразылық білдіремін десе, билік оны қылмыстық қудалауға ұшыратады»,- дейді құқық қорғаушы.

«Қазір әлеуметтік, саяси проблемаларды шешуге билік бет бұруы тиіс. Оны жасамаса, ертең тағы да Қаңтар болуы ықтимал. Қазіргі парламентке үндеу жасағым келеді. Депутаттар тыңдасын. Нақты ұсыныстарымыз бар. Бейбіт жиналыстар туралы заңға өзгерістер енгізу керек. Соны қолға алсын. Мынаған қараңызшы. Әуежайды сату, басқа да стратегиялық нысандарды саудаға салу – ешқандай да мемлекетке төнген қатер емес екен. Ал қолына плакат ұстаған жалғыз қыз – қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді. Әсем Жәпішеваны сол үшін отырғызды 15 тәулікке. Бұл қай қисынға келеді? «Естуші мемлекет» деген атымен жоқ. Президент әкімшілігі де, оның шенділері де қоғамды естігісі келмейді. Қаншама ішкі істер министрлері, басқа да шенеуніктер ауысып жатыр. Соның ішінде бірде біреуі бейбіт жиын туралы дұрыс заң қабылдаудың маңыздылығын түсінбейді», – деді Маржан Аспандиярова. 

Құқық қорғаушы Санавар Закированың митинг өткізуге талпынысында қаншама кедергілерге ұшырағанын мысал ретінде айтты. «Ол митинг өткізгім келеді деп әкімдікке арыз тапсырады. Сол мезетте ол орында басқа іс шара өтетіні туралы хабарлайды. Мысалы, Семейде 30 градус аязда гір көтеруден жарыс я болмаса балалардың мерекесі өте деп жатады. Белгіленген күні сол жерге барсаң, жиналған адамдар аң таң болып тұрады. «Өзіміз де неге келгенімізді түсінбейміз. Түнде хабарласты да, таңертең осындай жиын өткізесің» деп әкімдік айтты деп тұрады. Бұл енді ақылға қонбайтын әрекет емес пе?», – деді құқық қорғаушы Аспадиярова.

Баспасөз мәслихатына келген экологиялық белсенді Салтанат Ташимова өзінің де «митинг өткіздің» деген айыппен қудалауға ұшырағанын айтты. «Біздің өткізгеніміз митинг емес еді. Бостандық ауданы әкімін шақырып, тұрғындармен есеп беру жиыны болатын. Әкімдік қызметкерлерін алдын ала өзіміз шақырдық. Соған қарамастан бұл жиыннан кейін жарты жылдан соң мені полиция қызметкерлері ұстап, сотқа апарды. Нәтижесінде маған үлкен көлемде айыппұл салды. Менің саясатқа еш қатысым болмаса да, осындай әрекетке барды», – деді Ташимова.

Расында да, бейбіт жиынды қудалаусыз өткізу соңғы кезде мүмкін емес болып барады. Билік «митингіге шығамын» деген адамды алдын ала қамап, түрмеге жабатынын көріп жүрміз. Осыдан бірер күн бұрын баспасөз мәслихатын өткізген әйелдер қозғалысының өкілдері 8 наурызға митинг өткізуге 40 хабарлама жазып, соның бәріне «рұқсат жоқ» деген жауап алған. Жалғыз адамдық пикетке шыққан белсенділерді қамап жатқанынан ақ билік алаңға шыққандарға қандай жаза қолданатынын көруге болады.