• Басты
  • >
  • Алматыда "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының белсендісі Ақмарал Жәкібаеваны полиция ұстады

Алматыда “Oyan, Qazaqstan” қозғалысының белсендісі Ақмарал Жәкібаеваны полиция ұстады

21.01.2025

Алматыда бір адамдық пикетке шыққан Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Ақмарал Жәкібаеваны полиция ұстады. 

Жәкібаева Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебек пен оған қолдау білдіріп пикетке шыққан журналистер Әсем Жәпішева мен Руслан Бикетовті босатуды талап етті. Белсенді ұстаған плакатта «Сатира – қылмыс емес» деген жазу болды. Полиция белсендіге пикет өткізуге рұқсат берілмегенін айтты.

Кеше, 20 қаңтарда журналист Әсем Жәпішеваны да полиция ұстап, сот «Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабымен 15 тәулікке қамалған. Бұған дейін Руслан Бикетов те пикет өткізгені үшін 15 күнге сотталған. Екеуі де Темірлан Еңсебекті бостатуды талап еткен. 

18 қаңтарда Темірлан Еңсебек «әлеуметтік желіде жазба жариялау арқылы ұлтаралық алауыздық қоздыру» фактісі бойынша сот шешімімен екі айға қамалған.  Адвокат Жанар Балғабаеваның сөзінше, белсендінің істі болуына «Йоу, орыстар» әні түрткі болған. Еңсебек балағат сөздері бар әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделакиге арналған жазбасында пайдаланған. Балғабаева қылмыстық іс қозғауға ешқандай негіз жоқ дейді. Айтуынша, белсендіге қарсы ешкім арыз түсірмеген. 

Темірлан Еңсебектің үстінен бұған дейін де қылмыстық іс қозғалған. 2021 жылы мамырда «көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша тергеліп, үйінде тінту жүргізілген. Сол уақытта ол «Діни басқарма Назарбаевқа құдай статусын беруді ұсынды», «Қазақстандықтардың шетелге шығуына шектеу қойылды» деген сатиралық жазбалар жариялаған. Белсенді өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған. Ол «парақшада жарияланған материалдардың шынайы жағдаймен қатысы жоқ. Сатиралық сипатқа ие екені жазылған» деген. 

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен азаматтық қоғам өкілдері «ұлтаралық алауыздықты қоздыру» бабын саяси бап деп сынайды. Осы бап бойынша саяси белсенділердің үстінен қылмыстық іс жиі қозғалады.