• Басты
  • >
  • Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамалды

Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамалды

21.01.2025

Белгілі журналист өзінің әріптесі Темірлан Еңсебектің бостандығын талап етіп, Алматыда пикет өткізген еді Белгілі журналист, «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева жалғыз адамдық пикетке шыққаны үшін 15 тәулікке қамалды. Дүйсенбі күні ол қамауға алынған әріптесі Темірлан Еңсебекті қолдау мақсатында Алматыдағы Панфилов пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына шығып, «Сатира -қылмыс емес» деген плакатпен наразылық акциясын өткізген еді.

«Темірлан Еңсебек ешқандай да қылмыс жасаған жоқ. Сатира жазу қылмысқа жатпайды» деп бастай бергенде Алматы қалалық әкімдігінің өкілі келіп, Жәпішева бұл жиынның заңсыз екенін ескертпек болды. «Әкімдіктің менің наразылық акцияма еш қатысы жоқ, менің құқығымды шектей алмайсыңдар» деп жауап берді журналист. Жәпішеваның акциясы үш минутқа да жетпеді, – оған бірден полиция өкілдері тап беріп, дайын тұрған автокөліктеріне сүйрей жөнелді. «Қайда апара жатырсыңдар?» Деген журналист сұрағына полиция қызметкері «Алмалы аудандық бөлімшесіне» деп қысқа қайырды. Полицияның алдына Әсемнің жақтастары жиналды.

Артынша қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов кіріп, журналистің жағдайын біліп шықты. «Әсемге писхологиялық қысым көрсету мақсатында 2023 жылы желтоқсан айындағы акциясы үшін де сот өткіземіз деп айтты. Мұның заңсыздығын жеткіздім. Бұл әдейі жасалып отырған әрекет. Әсемді осылай қысымға алмақ» деді Ғалым Нұрпейісов. Біраз уақыттан соң әкімшілік сот басталды.

Процеске басшылық етуші Ақ-нәзік Қоразбаева Әсем Жәпішевадан «кінәсін мойындайтынын я мойындамайтынын» сұрады. Журналист «ешқандай да кінәні мойындамаймын, наразылық таныту менің конституциялық құқығым» деп жауап берді. Қоразбаева «әкімдікке неге ескерту бермедіңіз?» Деп сұрады. «Бұл Конституцияға қайшы талап. Әкімдіктен рұқсат сұрауға міндетті емеспін. Билік өкілдерін өзімнің әлеуметтік желідегі парақшаларым арқылы шығатынымды ескерттім» деп жауап қайырды Жәпішева. Журналистің қорғаушысы да бұл сөзге толық қосылды. «Конституцияда «қарусыз бейбіт түрде наразылыққа шығуға болады» деген норма бары рас. Ол үшін әкімдіктен рұқсат сұрауға міндетті емес азаматтар. Біз мына түрімізбен бірте бірте тоталитарлы жүйеге құлдырап бара жатырмыз» деді Ғалым Нұрпейісов.

Бұдан кейін судья Қоразбаева іс материалдарымен, оның ішінде Әсем Жәпішеваның наразылығынан видеомен де танысты. Прокурордан пікір сұрап еді, ол бірден «15 тәулікке қамауды сұрады». Сот та ұзаққа созбады: Әсем Жәпішеваны әкімшілік заңбұзушылық жасады деп танып, оны 15 тәулікке қамауға қаулы шығарды. Ғалым Нұрпейісов өздерінің бұл шешіммен келіспейтінін, міндетті түрде апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Соңғы кездері митинг түгілі, жалғыз адамдық пикет үшін 15 тәулікке қамау белең алып кетті. Бұл шынында да биліктің наразылық акцияларын өткізгісі келетін белсенділерге қарсы қысымның күшейткенін анық байқатады. Әйтпесе, Әсем Жәпішеваның жалғыз өзі пикетке шығып, өз пікірін білдіргеннен қоғамға қандай қауіп төнді? Бұдан қандай заңбұзушылықты көресіз? Ешқандай да. Бұл биліктің қоғамды үрейде ұстап, қудалау арқылы қандай да наразылық шараларын өткізуге мүмкіндік бермеудің амалы.

 Айтпақшы, сенбі күні екі айға қамауға алынған журналист Темірлан Еңсебек қорғаушыларынан өзінің әріптестерінің ұсталғанын естіп, бұған қобалжыған. Бұл туралы оның қорғаушысы Жанар Балғабаева хабарлады. «Өзімнің қамалғаныма қиналмаймын, бірақ Әсем мен Русланды абақтыға отырғызғаны қиын тиіп отыр» депті Темірлан Еңсебек. Қорғаушысының мәліметінше, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, оған Қылмыстық кодекстің 174 бабының 1-бөлімі бойынша айып тағылып отыр. Яғни, тергеушілердің баянхатына сәйкес, ол «Йоу, орыстар» әнін өзінің Инстаграм парақшасына орналастыру арқылы «ұлтаралық араздықты қоздырды». Темірлан Еңсебек өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.

Енсебекті қолдау пикеті бүгін басқа аймақтарда жалғасты.

Қостанайда сатиралық паблик администраторы Темірлан Енсебекті қолдау мақсатында Сергей Зинченконың жеке пикеті өтті. Алматыдағы сияқты, қысқа акция полиция ұстаумен аяқталды.