• Басты
  • >
  • Саяси сатира үшін түрмеге қамады

Саяси сатира үшін түрмеге қамады

20.01.2025

Сатиралық посттар жазатын журналист Темірлан Еңсебек «ұлт араздығын қоздыру» бабы бойынша қамауға алынды. Жақтастары бұл қудалауды журналистің саяси көзқарасымен байланыстырады

Инстаграмдағы Qaznews24 сатирикалық паблигін жүргізген журналист Темірлан Еңсебекке «ұлт араздығын қоздыру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Темірлан Еңсебек – әлеуметтік желіде сатирикалық посттар жазып, кеңінен танылған журналист әрі «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсендісі. 2021 жылы мамыр айында да оған Қылмыстық кодекстің дәл осы бабы ілініп, халықаралық ұйымдардың араша болуымен Алматы полиция департаменті оның ісін қысқартқан еді. Бұл жолы Темірланның жағдайы қиындады: оны алдымен екі тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамады, келесі күні тергеу соты оны екі айға қамауға алуға шешім шығарды. Қылмыстық істі қозғауға негіз ретінде Қазақстанға қатысты жағымсыз пікір білдіріп жүрген ресейлік тележурналист Тина Канделакиге қатысты пост аталады. Дәлірек айтқанда, посттың өзі емес, соған аудио ретінде салынған «Йоу, орыстар» әні. Еңсебектің қорғаушысы Жанар Балғабаеваның айтуынша, бұл әннің авторы сатирикалық пабликтің журналисі емес, оны жазған да, орындаған да мүлде басқа адам. Интернетте бар әнді жай ғана өзінің парақшасына жүктеген Еңсебектің не жазығы бар сонда?

Құқық қорғаушылардың жазуынша, бұл ән 2000 жылдардың басында шығарылған, содан бері ол интернетте емін еркін тарап жатқан. Бұл әнді жазғандарды да, оны орындағандарды да полиция бұған дейін жазаға тартпаған. Темірланның жақтастары – «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсенділері оның қамалуын саяси себептермен байланыстырады. Еңсебек соңғы кездері биліктегі шенділерге қатысты біраз посттар арнап, олардың іс-әрекетін сатира арқылы қоғамға жеткізіп отырған. Журналист Әсем Жапишеваның пікірінше, «мәселе Канделакиде емес, Тоқаевтың тапсырмасында. Сонымен бірге, Qaznews24 Қаңтар туралы жиі жазды, ал бұл билікке ұнамайтыны түсінікті». Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт бұл жағдай туралы былай деді: «Темірлан Еңсебекті екі айға қамау шешімі шықты. Осылайша, Темірланның бостандығын бірнеше жылға шектеу немесе оны 7 жылға соттау қаупі төніп тұр. Тереңірек қарасақ, бұл – Темірлан арқылы режимнің абсурдымен келіспейтін азат ойлы азаматтарды жазалау, қорқыту, еркін ойлауға тыйым салу амалы».

Шынында да, «ұлт араздығын қоздыру» немесе «әлеуметтік алауыздықты қоздыру» деп аталатын 174-бап билікті сынайтын азаматтарға қарсы жиі қозғалады. 2011 жылы Жаңаөзен қантөгісінен соң Ұлттық қауіпсіздік қызметі ереуілде тұрған мұнайшыларға қолдау көрсеткен белсенділерге қарсы дәл осы баппен қылмыстық іс қозғаған еді. Одан кейін 2016 жылы Атыраудағы жер митингісінен кейін белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға да дәл осы бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, олар 5 жылға сотталды. Дәл қазір «ұлт араздығын қоздырды» деген айыппен сотталған Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаев түрмеде отыр. Ресей саясатын қатаң сынаған белсенділерді сот түрлі мерзімдегі түрме жазасына кескен еді.

Белгілі құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль 174 баптың қолданылуы туралы дәл айтты: «Темірлан Еңсебек ісі – бұл «заң және тәртіп» туралы емес («Заң және тәртіп» туралы президент Тоқаев жиі айтады- ред.). Бұл – тәртіпсіз заң туралы. Заң бар (ҚК-нің араздық туғызу туралы бабы). Бірақ оның қолданылуында ешқандай тәртіп жоқ. Алматы қаласының әкімдігінде мұндай жағдайлар туралы «практика көрсеткендей» дейді (не туралы айтқаныма төмендегі түсініктемеден қараңыз): бұл бап, шын мәнінде, халықты араздық қоздыру негізінде қылмыстардан қорғау және тәртіпті сақтау үшін емес, билікке қолайсыз азаматтарды қуғынға салу үшін қолданылады. «Қалай болғанда да» бұл бап көбіне тек бір жақты жұмыс істейді және Қазақстанда араздық қоздыру негізінде жасалатын қылмыстардан қорғауға ең мұқтаж адамдарға көбінесе қарсы қолданылып жатады».

Темірлан Еңсебекке тағылған айып бойынша көзделген жаза не үлкен мөлшерде айыппұл төлеуді, не 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімін көздейді. Соңғы жылдары қалыптасқан белсенділерге қатысты сот тәжірибесін еске алсақ, Темірлан Еңсебекке билік ауыр жаза қолдануы әбден мүмкін. Осыған байланысты журналистің өзі де жақтастарына үндеу жасап, оның ісіне барынша назар аудартуға, әсіресе халықаралық ұйымдардың қолдауын сұрауға шақырды.

Темірланды қолдау акциясы ол қамалған күннің ертеңінде басталды. «Оян, Қазақстан» қозғалысының белсендісі әрі Темірланның досы Руслан Бикетов Алматының орталығына шығып, жалғыз адамдық пикет өткізбек болды. Алайда, ол «Бізде – жалған демократия. Бізде заң жұмыс істемейді. Адамдарды әзілі үшін қамайды. Мен Темірланды қолдап пикетке шықтым. Темірланға бостандық! Қазақстанға бостандық!» деген жазуы бар плакатты көтеріп шыққаны сол еді, оған бірнеше полиция қызметкері келіп, өздерімен бірге жүруді бұйырды. Руслан Бикетовты Алмалы аудандық полиция бөлімшесіне алып кеткені белгілі болды кейіннен. Көп ұзамай оған Әкімшіліктің кодекстің «бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша іс қозғалып, Алматы мамандандырылған ауданаралық соты оның ісін қарады. Бұл сотқа Қазақстан халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросының атынан бақылаушы ретінде қатыстық.

Руслан Бикетов «өзінің досы Темірлан Еңсебектің қамалғанына наразы екенін жеткізу үшін пикетке шыққанын, заңда көрсетілгендей бірнеше күн күтіп отыратын уақыты жоқ екенін» айтты. «Досым күні кеше қамалды, мен рұқсат алуды қалайша 10 күн күтіп отырамын? Өзім де өнер, мәдениет туралы жазатын журналистпін. Темірланның қамалғаны әділетсіздік деп білемін» деп мәлімдеді Руслан Бикетов. Сот журналистің ісін ұзақ қарамады. Небәрі 15 минутқа созылған процестің аяғында сот Руслан Бикетов айыпты деп танып, оған 15 тәулік қамау жазасын тағайындады. Тура сол жерден Бикетовты әкімшілік қамауға алынатын азаматтарға арналған түрмеге алып кетті.

Ал бүгін Темірлан Еңсебекті қолдап жалғыз адамдық пикетке белгілі журналист әрі белсенді Әсем Жапишева шықты. «Сатира қылмыс емес» деп плакат көтерген Әсемге бірнеше полиция қызметкері бірден тап берді. «Бостандық!» деп ұрандаған журналисті ай-шайға қарамастан полиция көлігіне отырғызып, бөлімшеге алып кетті.

Соңғы екі-үш күнде болған бұл жағдайлар Қазақстандағы сөз бостандығының, пікір еркіндігінің қаншалықты нашар жағдайда екенін айқын көрсетті деп санаймыз. Сатира жазу қылмыс, жалғыз адамдық пикет өткізу заңбұзушылық болса, «Әділетті Қазақстан» ұраны қайда қалды деп сұрағың келеді биліктен.