Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әкесінің қарындасы Бақыт Рейімова Қазақстанда қалатын болды. Оған біздің, Қазақстандағы Халықаралық Адам құқығын қорғау бюросының да үлесі бар.
Естеріңізге сала кетсек, Қаржаубай Нұрымовтың інісі Нұрғанат Қайыпбаев қайтыс болғаннан соң оның туыстары Талғарда наразылық білдірген еді. «Нұрғанат өз-өзін өлтірді дегенге сенбейміз, журналистермен кездесуді талап етеміз» деп Қаржаубай Нұрымов «Газель» автокөлігінің үстінде қарсылық акциясын өткізді. Сол кезде оған қолдау білдірген оның қарындасы Бақыт Рейімова да Қаржаубаймен бірге ұсталып, оларды 15 тәулікке қамаған еді. Рейімова Қазақстан азаматы болмағандықтан, оны елден депортациялау туралы шешім шықты. Алайда, Бақыттың баласы Мейірбек президентке үндеу жолдап, «кәмелеттік жасқа толған жоқпын, анамды елден шығармауыңызды сұраймын» деген еді.
«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Бақыт Реимованың баласымын. Сот менің анамды 15 тәулікке қамап, Қазақстаннан депортациялау жөнінде үкім шығарған болатын. Ол кісі менің жалғыз асыраушым. Өзім кәмілет жасқа толмағанмын. Мектепте 11-сыныпта оқимын. Анамнан басқа ешкімім жоқ. Сондықтан анамнан айырмауларыңызды өтінемін. Анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Екеуіміз де қазақпыз. Елім үшін қызмет еткім келеді. Егер сот анамды ел аумағынан шығарар болса, бір-бірімізді бес жылға дейін көре алмайды. Бұл үкімді өз бақылауыңызға алуды сұраймын», – деген еді үндеуінде Мейірбек.
Одан кейін депортациялау шешіміне наразылық білдіріп, Бақыт Рейімованың қорғаушылары апелляциялық сатыда шағым түсірді. Бірқатар сот процестеріне Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросы атынан бақылаушы ретінде біз де қатысқан едік. Енді міне, бүгін жақсы жаңалық жетіп отыр. Бақыт Рейімова Қазақстаннан депортацияланбайтын болды. Бұл шешімге қол жеткізуге Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау Бюросының де үлесі барын Рейімованың қорғаушылары да айтып жатыр. Олар былай деді: «Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы, парламент депуттары, БҰҰ, балалар құқықтары жөніндегі уәкілі, адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы арқылы түсірген өтінішхаттарымыз облыс прокуратурасымен назарға алынып, Бақыт Рейімоваға қатысты Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберумен байланысты емес жаза қолдану үшін, Қазақстан Республикасы жоғарғы сотына кассациялық наразылық келтіру туралы Қазақстан Республикасының бас прокуратурасына ұсыныс жолданды. Енді прокуратураның наразылығын шегелеуі ғана қалды».
Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросы Бала құқығы жөніндегі Уәкілге, Бас прокуратураға және басқа да құзырлы органдарға хаттар жолдап, сот процестерін бақылап, Бақыт Рейімованың елде қалуына барынша қолдау көрсетті. Бұл іс Бюроның ерекше назарында болғанын да атап өткіміз келеді. Бақыт Рейімованы Қазақстанда қалдыру туралы шешімді құптаймыз және оған алдағы уақытта да құқықтық қолдау көрсетуге дайын екенімізді айтамыз.