• Басты
  • >
  • Думан Мұхамедкәрім - ДИЗО-да, Жыланбаев - аштық жариялады

Думан Мұхамедкәрім – ДИЗО-да, Жыланбаев – аштық жариялады

13.01.2025

Бірқатар халықаралық ұйымдар «Саяси тұтқын» деп таныған журналист Думан Мұхамедкәрімнің этаппен Қызылорда колониясына жіберілгенін бұған дейін жазған едік.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның жазуынша, жаңа жылдан кейін, дәлірек айтсақ, 8 қаңтар күні Думанға қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов кіріп шығып, журналистпен түрмеде кездескен. Думан Мұхамедкәрім Қызылорда колониясында сотталушылар киетін робты киюден бас тартқан. Сол үшін оған бір ескерту берілді. Одан кейін журналистке әжетхананы жуғызбақ болған. Думан оны да жасаудан бас тартқан. Бұл жерде анықтайтын бір мәселе: журналист өзі отыратын камераны жуудан бас тартпаған, бірақ, ортақ әжетхананы тазаламаймын деген. «Түрме тәртібіне бағынбады» деп оған да ескерту беріп, оны бір айға тәртіптік изоляторға (ДИЗО) қамады. Бұл жерден Думан Мұхамедкәрім тек 31 қаңтар күні шығады.

Журналист қорғаушысы арқылы сәлем жолдап, өз өзіне қол салмайтынын, денсаулығына зақым келтірмейтінін және түрме тәртібіне сай жүруге дайын екенін жеткізді.

Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, сотталушы өзінің тұрғылықты жеріне жақын орналасқан колонияда жазасын өтеуге құқығы бар. Думан Мұхамедкәрімнің тұрғылықты жері Алматы облысында болғандықтан, оны Заречный кентіндегі колонияға жіберуі керек еді. Алайда, әзірше белгісіз себептермен оны Қызылордада орналасқан түзеу мекемесіне жіберді. Оған не себеп болды? Заречныйда бір журналиске неге орын табылмады? Онсыз да тергеу кезінде Думанды Алматыдағы емес, үйінен қашықтағы Талдықорған түрмесінде ұстаған еді. Бұған қаншама наразылықтар білдірді журналист, бірақ билік бірде бірін ескермеді. Енді оны Заречныйдағы емес, Қызыордадағы колонияға жіберіп, «жазасын» сол жерде өтеуге шешім шығарды билік. Бұл әрине, оның өзіне де, отбасына да үлкен қиындықтар тудыратыны сөзсіз.

Тағы бір саяси тұтқын, Думан Мұхамедкәрім тәрізді «экстремистік ұйымды қаржыландыру» бабымен жеті жылға сотталған Марат Жыланбаев 30 желтоқсаннан бастап тағы да аштық жариялады. Тағы да деп отырғанымыз, ол бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялап, наразылық білдірген еді. Белгілі марафоншы Марат Жыланбаев «жазасын» Ақмола облысында орналасқан колонияда өтеп жатыр. Прокуратураның құқық қорғаушы Төреғожинаға жазған жауабында «Жыланбаев 30 желтоқсаннан бастап аштық жариялағанын, оның себебі өзіне шығарылған үкіммен келіспеуінде» делінеді. Марафоншы «үнемі дәрігерлердің бақылауында» деп те жазған Ақмола облысының прокуратурасы.

61 жастағы марафоншының түрмеде отырғанына бір жылдан асты, ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды, оның «саяси астары» бар деп есептейді. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы да Жыланбаевты қудалауды тоқтатып, оның ісін әділ әрі ашық тергеуге шақырған еді. Бірақ, Қазақстан билігі бұл талапты орындамады.

Марат Жыланбаев соңғы жылдары оппозициялық көзқарасын ашық білдіріп жүрді, ал 2023 жылдан бастап жұртшылық оны «Алға Қазақстан» партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі ретінде тани бастады. Мажоритарлы жүйе бойынша өткен мәжіліс сайлауына Жыланбаев та қатысты, алайды оны додадан шығарып тастады. Жақтастары Жыланбаевты қудалауды оның саяси көзқарасымен, белсенділігімен байланысты деп есептейді.