Халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымдары қатаң сынаған шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын аккредиттеу туралы ереже Қазақстанда 19 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бұл «БАҚ туралы» заңның қосымшасы ретінде қабылданды.
Аталмыш ереже шетелдік журналистердің ел аумағында жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі келтіретіні сөзсіз. Себебі, мұнда ақпарат құралдарының жұмысына шектеулер аз емес. «Азаттықтың» жазуынша, «Шетелдік БАҚ тілшісін аккредиттеу тұрақты және уақытша болып бөлінеді. Тұрақты аккредитация мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Ал уақытша аккредитация үш айға беріледі. Қазақстандағы қандай да бір шараларға қатысқысы келетін шетелдік БАҚ өкілдері кемінде 15 күн бұрын өтініш беруі керек. Аккредитация бермеуге негіз болатын себептер медиа сарапшылардың қарсылығына қарамастан сол күйі қалған. Бұлар: аккредитация формасында дұрыс емес деректің көрсетілуі, елдің заңын бұзуы, ақпарат құралының жұмысын тоқтату туралы сот шешімінің болуы, шетелдік БАҚ-тың аккредитациясының болмауы. Жаңа ережеге сәйкес, шетелдік БАҚ тілшісінің ақпарат құралдарының жұмысына қатысты Әкімшілік кодекс бойынша жауапқа тартылуы да аккредитацияға қауіп төндіреді. Бұған қоса, мемлекеттік органдар журналистің қызметі “ресми белгіленген мақсатқа сәйкес келмейді” деп хабарласа да, бұл журналистің аккредитациясыз қалуына себеп болуы мүмкін».
Әкімшілік кодексте «жалған ақпарат тарату бабы» барын ескерсек, осы нормамен кез келген шетелдік журналистің аккредитациясын тоқтатуға болады деген сөз. Мысалы, өткен жылда «Азаттық» редакциясы екі рет осы бап бойынша әкімшілік сотқа тартылып, оларға айыппұл салынған еді.
Бұрынғы ережеге сәйкес, аккредиттеу тоқтата тұру нормасы болса, енді оны қайтарып алуға болады деген шектеу қосылды.
Штаб пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан халықаралық «Журналистерді қорғау Комитеті» бұл ережеге қатысты алаңдаушылығын білдірген еді. «Қазақстанның аккредитация ережелеріне енгізілген жаңа және ұсынылған түзетулер артық және цензураға жол ашатын көптеген мүмкіндік береді. Президент Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» деген ұранымен уәде етілген ашықтықтың орнына, журналистер шын мәнінде мемлекет бақылауының күшейгенін көріп отыр», – деді Gulnoza Said, CPJ-дің Еуропа мен Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі. «Қазақстан билігі журналистердің заңды шағымдарын ескеріп, медиа аккредитация ережелерін қайта қарауы керек».
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан билігі шетелдік ақпарат құралдарының елдегі жұмысын қатаң бақылауда ұстауға ниетті тәрізді. Сөз бостандығын шектейтін, еркін ойды басып тастағысы келетін билік үшін бұл маңызды қадам екені анық. Өздеріңізге белгілі, Қазақстанда тіркелген ақпарат құралдары өзін биліктен толық тәуелсізбіз деп айтуы қиын. Оларға қарсы түрлі амалдар қолданып жатады: не көптеген миллион теңгені құрайтын моральдық шығын төлетеді, не журналистерін қудалап, қылмыстық істер қозғайды, не басқа жағдайлармен басылымдардың жұмысын тоқтатады. Назарбаев билігі кезінде қалыптасқан тәжірибе қазір өзгерді деп айта алмаймыз.
Әлеуметтік желілер еркін жұмыс істеп тұрғанымен, онда билікті қатаң сынайтын азаматтарды соттап жататыны белгілі.
«Шекарасыз репортерлер» дайындаған былтырғы әлем елдерінің Баспасөз индексінде Қазақстан сегіз сатыға төмендеп, 180 мемлекеттің ішінде 142-орынға тұрақтады. Алайда, билік елде «сөз бостандығы бар» дейді. «Сөз бостандығы көрсеткішінен неге төмендедік?» Деген сауалға Мәдениет және ақпарат министрі былай деді: « Рейтингтер әртүрлі болады. Ешқандай шектеу көріп тұрған жоқпын. Қазақстанда барлық БАҚ-қа жұмыс істеуге жағдай жасалған». Қысқаша айтқанда, билік сөз бостандығы бар деуден танбайды. Бірақ, басты сұрақ: сөз бостандығы кім үшін бар? Билікті мадақтайтын ақпарат құралдары үшін бе, әлде шындықты айтамын дейтін журналистер үшін бе? Басты мәселе осында