• Басты
  • >
  • Жәбірленуші танымайтын күдікті: Алматы полиция департаменті бұған не дейді?

Жәбірленуші танымайтын күдікті: Алматы полиция департаменті бұған не дейді?

09.01.2025

«Жәбірленуші күдіктіні босатуды талап етіп отыр. Соған қарамастан полиция қызметкерлері оны түрмеге қамап, үстінен қозғалған қылмыстық істі жаппайды». Сіз бұрын соңды осындай жағдайды естідіңіз бе? Біз көрген де, естіген де жоқпыз.

Қылмыстық процессуалдық кодекске сәйкес, қылмыстық іс қозғалу үшін жәбірленуші арыз жазып, тергеу орындары қылмыс жасады делінетін адамның үстінен жеткілікті материал жинап, содан кейін ғана ол күдікті деп танылады. Бірақ, жәбірленуші күдіктіні танымаса, білмесе, оны қалай қамап тастауға болады? Алматы полиция департаменті дәл солай жасап отыр дейді бүгін Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау бюросының ғимаратында өткен баспасөз мәслихатына жиналған спикерлер.

Күдіктінің қорғаушысы Санрай Смағұлованың айтуынша, Күдіктінің үстінен қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша іс қозғалған: «Бопсалау» және «қару жарақты заңсыз сақтау». Смағұлованың сөзіне қарағанда, Күдікті мен оның досы, баспасөз мәслихатында есімі аталмаған блогер Алматыда жұдырықтасу шоуына барады. Сол жерде ұйымдасқан қылмыстық топпен күресу басқармасының қызметкерлері бұлармен төбелес шығарады. Артынша күдіктінің өзі де, оның блогер досы да қамауға алынады. Алайда, қоғамдық резонанстан соң блогер босап кетеді де, күдікті түрмеде қалады. Бірақ, бұл жердегі басты мәселе мынада: олардың үстінен арыз жазған Бақытжан Мұхамеджан деген азамат күдіктіні мүлдем танымайтын, білмейтін болып шыққан. Олай болса, күдікті қалай күдіктіге айналды? Ал «заңсыз қару сақтауға» келетін болсақ, Смағұлованың айтуынша, әлгі қару табылды делінетін көліктің иесі күдікті емес болып шыққан. Оның саусақ іздері де, ДНК материалдары да бұл қарудан табылмаған. Яғни, полицияның мәліметінше, қару күдіктінікі, бірақ сараптама қорытындысына сәйкес, ол бұл қаруды қолына да ұстамаған. Бұл жағдай бойынша Смағұлова құзырлы органдарға шағымданғанын жеткізді. Енді Бас прокуратураға да, президент әкімшілігіне де арыз жазатынын жеткізді.

Күдіктінің әйелі әрі оның қоғамдық қорғаушысы Жолдасбек Нұрғанымның айтуынша, оның күйеуі тергеу изоляторында жеті айдан бері заңсыз отыр. Бопсалау ісіне қатысы жоқ болса да, заңсыз қару жарақ сақтамаса да,  күдікті статусында ұстауда.

Олардың сөзін жәбірленушінің өкілі Ақжамал Мамутлекова да растады. Оның айтуынша, күдіктіні қарсы арыз жазуға жәбірленушіні ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мәжбүрлеген. Яғни, қорқытып, дәл сол топтың арасында күдікті болды дегенді жаздырған. Бірақ, кейіннен тергеу амалдары басталғанда жәбірленуші аталған күдіктіні танымайтынын, оны мүлдем білмейтінін, оған қарсы ешқандай шағымы жоқ екенін көрсеткен. Күдікті бұл іс бойынша қылмыстық қудалаудан босатуды сұраған. Бірақ, тергеу орындары неге екені белгісіз, күдікті әлі күнге дейін түрмеден шығармай отыр.

Қорғаушы Смағұлованың айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша қазіргі таңда төрт күдікті бар. Күдіктімен бірге тергеліп жатқан қалған үш күдікті де оны танымайтынын көрсеткен. Күдікті де оларды білмеймін деп отыр. Егер бұл кісілердің айтуы шын болса, күдікті бұл іске қалай тартылып жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Жәбірленуші оны танымаса, іс бойынша бірге тергеліп жатқан қалған үшеуі күдіктіні білмесе, оны қалай соттамақ? Бұл іс бойынша журналистер Алматы полиция департаментіне ресми сауал жолдаса орынды болар еді.

Естімеген елде көп десек те, дәл мұндай жағдайды бірінші рет көруіміз. Бұған қатысты Алматы полиция департаментінің өкілдері түсініктеме беріп, тергеушілердің әрекетіне баға беруі керек деп санаймыз. Күдіктінің қорғаушылары да ҚР Ішкі істер министрлігіне барып, өзіндік қауіпсіздік қызметіне шағым жазатынын жеткізді. Одан кейін бұл жерде сұрақ прокуратураға да қатысты болады. Қазір барлық тергеу материалдарын бекітетін – прокурор. Күдіктіні қамауға санкция берерде де прокуратура іс материалдарымен танысып, оны мақұлдауы тиіс. Сонда күдіктіні ешкім танымаса, оны қамауға прокурор қалай рұқсат берді? Мүмкін, бастапқыда бұл жағдайды білмеді делік. Ал одан кейінгі тергеу материалдарымен таныспады ма? Қорғаушының жазған шағымдарын оқымады ма? Біздіңше, прокуратура өкілдері де бұл істі қадағалауға алып, баспасөз мәслихатында келтірген деректерді жан жақты тексеруі керек деп санаймыз. Егер бұл фактілер расталса, адамды заңсыз қудалау бойынша тергеушілер жауапқа тартылуы тиіс.