• Басты
  • >
  • «Қаңтарда сотсыз өлтірді»: құқық қорғаушылар БҰҰ-ға шағым түсірмек

«Қаңтарда сотсыз өлтірді»: құқық қорғаушылар БҰҰ-ға шағым түсірмек

09.01.2025

«Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры баспасөз мәслихатын өткізіп, елдегі адам құқығына, Қаңтар істеріне қатысты өз позицияларын білдірді.

Ұйым басшысы Айна Шорманбаеваның пікірінше, Қаңтар оқиғасы кезінде сотсыз өлтіру фактілері тіркелген. «Бұл ең қанды, ең қатал диктатураларда кездесетін жағдай», – деді Шорманбаева.

Мысал ретінде ол Алматы полиция департаментінің уақытша оқшаула изоляторында болған өлімді келтірді. Естеріңізге сала кетсек, Алматы тұрғыны Жасұлан Анафияев полиция абақтысында қаза тауып, былтыр бұл қылмыс бойынша сот процесі өткен еді. Нәтижесінде, изолятордың бірнеше қызметкері 6-дан 9 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Бірақ, Айна Шорманбаеваның пікірінше, оларды «Азаптау» бабы бойынша емес, «Адам өлтіру» қылмысы бойынша соттау керек еді. Сонымен бірге, дәл сол изоляторға түсіп, артынан үшті күйлі жоғалып кеткен Өзбекстан азаматы Мақсет Қанатбаевтың ісін де Анафияев қазасымен бірге тергеу керек еді дегенді де көтерді құқық қорғаушылар. Мақсет Қанатбаев дәл сол Алматы изоляторына түсіп, кейіннен қайда кеткені белгісіз болды. Қанатбаевтың туыстары оны күні бүгінге дейін таппай жүр. «Оны өлтіріп тастаған болуы мүмкін бе?» Деген сауал туындайтыны анық.

Міне, осы екі істі біріктіріп сотқа жібергенде изолятор қызметкерлері 20 жылға дейін түрме жазасына кесілуі мүмкін еді дейді «Халықаралық құқық бастама» өкілдері. Бұл екі істі біріктіруге толық негіз бар еді. Себебі, Анафияев изоляторда қаза болса, Қанатбаев тура сол түрмеге түсіп, артынан үшті күйлі жоқ болып кеткен. Ендеше, бұл іске кім жауапты? Изолятор қызметкерлері өздеріне түскен адамның қайда кеткенін білмеуі мүмкін бе? Біздіңше, «мүмкін емес» деп жауап беру өте қиын. Изоляторға түскен әрбір адам тіркеледі, оған жатын орын беріледі, кірген шыққаны түгелдей есепке алынады. Олай болса, изоляторға түскен Қанатбаев қайда кетті? Егер босатылған болса, соның құжаттары бар ма? Неге тергелмейді деген заңды сауал туындайтыны анық.

Айна Шорманбаеваның келтірген мәліметтеріне сәйкес, Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 10,5 мың адам ұсталған. Олардың 10 мыңға жуығы түрлі деңгейдегі азаптауларға түскен. Яғни, елде жаппай азаптау жағдайлары болды, дейді құқық қорғаушылар. Онда неге «азаптау» қылмыстық бабымен санаулы қызметкер ғана сотталды? Неге азаптау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалып, соған қатысы бар қызметкерлер сотқа тартылмады?

Адамды сотсыз өлтіру және жаппай азаптау жағдайлары бойынша фактілер жинақталып, БҰҰ арнайы сарапшысына материал жолданады, деді «Халықаралық құқық бастама» өкілдері. «Саяси жағдай өзгерген соң бұл қылмыстардың барлығын қайта тергеуге болады. Себебі, бұл қылмыстардың тергеу мерзімі шексіз. 10 жылдан кейін де, 100 жылдан кейін де қайта қарауға болады бұл істерді. Халықаралық ұйымдарға жолдап жатқан материалдардың бәрі – болашақта осы қылмыстарды ашуға негіз болатын дәлелдеу базасы» деді Амангелді Шорманбаев.

Одан бөлек, халықаралық заңнамада «универсалды юрисдикция» деген түсінік барын да алға тартты құқық қорғаушылар. Яғни, қылмыс Қазақстанда жасалса да, оны басқа елдердің соттары арқылы тергеуге болады деген сөз. Мұндай тәжірибе Еуропаның бірқатар елдерінде бар. Халықаралық ұйымдарға шағымдану арқылы сол тәжірибені де қолдануға болады, деді Шорманбаев.

Әрине, ондай жағдайлар әлемде кездеседі. Бірақ, дәл қазіргі таңда Батыс елдері бұл тәжірибені Қазақстан билігіне қатысты қолдана ма, жоқ па – бұл үлкен мәселе. Оның саяси себеп салдары, геосаяси астары бар екені сөзсіз. Десе де, бәрін уақыт көрсетеді, құқық қорғаушылардың бұл бағыттағы жұмысы аса маңызды екені даусыз.

Сонымен бірге, «Халықаралық құқықтық бастама» өкілдері Қаңтар соттарының жабық түрде өткенін де айтты. Бұл бойынша құқық қорғаушылар Конституциялық сотқа да шағым түсірген. Бірақ, бұл орган құқық қорғаушылардың уәжін қабылдамады. Елдегі инстанциялардан әділдікке жете алмаған соң халықаралық деңгейде Қаңтар мәселесін көтеруге мәжбүр болып отырғанын да мәлімдеді Шорманбаев мырза.