• Басты
  • >
  • Қаңтар қасіретіне үш жыл

Қаңтар қасіретіне үш жыл

06.01.2025

Биыл Қаңтар қасіретіне үш жыл толды. 2 қаңтар күні Жаңаөзенде басталған наразылық бүкіл Қазақстанды шарпып, ондаған мың адам алаңдарға ағылды. 4 қаңтар күні қарсылық акцияларына Алматы халқы қосылып, келесі күні Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметінен кетті, сол кездегі ҰҚК төрағасы Мәсімов тұтқындалды. 5 қаңтар күні ең алғаш рет Алматыдағы алаңда оқ атылып, бейбіт азаматтардың өмірі қыршынынан қиылды. 6 қаңтардан бастап елге ҰҚШҰ әскері президент Тоқаевтың шақыртуымен келе бастады. Алаңда «20 мың террорист» жүр деген соң «ескертусіз оқ атуға бұйрық берілгені» де баршаға мәлім.

Үш жылдан соң, Алматыдағы алаңға Қаңтар қасіретінде жақындары қаза болған бір топ адам жиналды. Олар «Тағзым» мемориалына барып, қаза болғандарды еске алды. «Біз осы алаңға келсек, жақындарымыз күтіп тұрғандай боламыз. Келмей қалсақ, олар бізді іздеп қала ма деген сезімде жүреміз» деп егілді Қаңтарда жақындарынан айрылғандар.

«Неге әкімдік өкілдері жоқ? Неге олар жыл сайын келіп, Қаңтар боздақтарын еске алып, рухына тағзым етпейді? Неге былтыр берілген ас биыл жасалмады? Неге бірде бір ресми өкіл шығып, Қаңтар оқиғасында қаза болғандар туралы айтпайды?» Деп наразылық та танытты. Олар Алматы әкімдігіне барып, қала басшысы Ерболат Досаевпен кездестіруді талап етті. Бірақ олардың алдына тек қана ішкі саясат басқармасының басшысы шығып, Қаңтарда туыстарынан айрылғандарды Алматы әкімінің орынбасары қабылдауға дайын екенін жеткізді. Оның өзінде әкімдік ғимаратына оларды журналистерсіз кіргізуге дайын екенін жеткізді.

«Неге бізді әкім қабылдамайды? Мұң-зарымызды қайда барып айтамыз? Астанаға барып едік, қол-аяғымыздан сүйреп полиция ұстады да, бәрімізге айыппұл салды. Ол айыппұлды қалай төлейміз? Бізді кім тыңдайды?» Деп ашынды жиналған азаматтар.

Соңында, Қаңтар оқиғасында туыстарынан айрылған аналар әкімдікке кіріп, қала басшысының орынбасарымен кездесуге келісті.

Олардан бөлек, Алматыдағы Республика алаңына бір топ белсенділер жиналды. Белсенді Байбақ Біләлов «ешқандай өзгерістің жоқ екенін, әлі де сол «ескі Қазақстанның» тұрғанын» алға тартты. Кейбір белсенділер Тоқаев қаза болғандарға «құн төлеуі тиіс» дегенді де айтты.

Сонымен бірге, жиналғандар «Қарапайым халық террорист емес» деген плакатты Тәуелсіздік монументіне ілді. Жиын жалғасып жатқанда, Алматы прокуратурасының қызметкері келіп, «бұл заңсыз жиын, тарауларыңызды сұраймыз» деп дауыс ұлғайтқышпен сөйледі. Бірақ, Қаңтарда қаза болған боздақтарды еске алу неге «заңсыз» екенін түсіндірмеді. Расында да, қаза болған азаматтарды еске алып, рухына құран бағыштап, әділдікті талап ету «заңсыз» ба? Қайта сол жиынға қала әкімінен бастап лауазымды тұлғалардың бәрі келіп, Қаңтар боздақтарын еске алып, елмен бірге құран оқып, құрметін көрсетуі керек емес пе?

Қаңтар оқиғасына қатысты сұрақ әлі де көп. Ресми биліктің позициясына сәйкес, Қаңтар – бейбіт халықтың наразылығы емес, мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған топтың жымысқы әрекеті. Бірақ, сол мемлекеттік төңкерісті кім жасамақ болды? Соттың үкіміне сәйкес, мұның артында сол кездегі ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімов тұр. Бірақ, Мәсімовке бұйрық берген кім? Ол билікке өзі келгісі келді ме, әлде Назарбаевтар соған ұмтылды ма? Бұған ешқандай жауап жоқ. Осы күндері «Ана тілінде» жарық көрген сұхбатында президент Тоқаев Назарбаевтың 2021 жылы билікке қайта келуді жоспарлағанын ашық айтты.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді», – деді Тоқаев.

Ашығын айтқанда, бұл бұрын соңды айтылмаған сөз еді. Демек, Қаңтардан кейінгі үш жылдан соң да Ақорда тарапынан айтылмаған сыр жетеді. Бірақ, ол шындық қашан ашылады? Бұл сауалдың жауабы бізге беймәлім.

Тағы бір айтатын нәрсе, Қаңтар процесіне қатысты резонансты процестердің барлығы жабық өтті. Самат Әбіш пен бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты жабық процесте соттады. Мәсімов пен оның орынбасарлары да жабық есік жағдайында сотталды. Бұрынғы Қорғаныс министрі Бектановтың да процесі жабыұ болды. Қазір Арман Жұмагелдиев пен ҰҚК департамент басшысы болған Руслан Ысқақовтың да ісі жабық сотта қаралып жатыр. Бірақ, желтоқсан айының аяғында бұл істің бірқатар материалдары «Арман Джумагельдиев» Youtube арнасында жария болды.

Бір сөзбен айтқанда, Қаңтар қасіретінен бері үш жыл өтсе де, шындық әлі ашылмады. Қоғам тарапынан сұрақ көп, биліктен толыққанды жауап болды деп айта алмаймыз. Алдағы уақытта ақиқат қаншалықты ашылады? Басты мәселе осында.