Қазақстанда «экстремистік» баптармен сотталған азаматтардың тап болатын тағы бір проблемасы – құзырлы органдар оларды «экстремизмді қаржыландырушы» тұлғалардың қатарына енгізеді. Бұл дегеніңіз – экономикалық өмірден мүлдем аластатылу: не банк есеп шотын аша алмайсыз, не көлігіңізге сақтандыру полисін жасата алмайсыз, не еңбек келісімшарты бойынша жұмысқа орналаса алмайсыз. Бір сөзбен айтқанда, елде күніңізді көре алмай қалуыңыз әбден мүмкін.
Дәл сондай проблемаға «Шаңырақ» оқиғасы бойынша ұзақ жылдарға сотталып, мерзімін өтеп шыққан Арон Атабектің қос серіктесі – Рүстем Тұяқов пен Құрманғазы Өтегенов те тап болды. Өткен жылдың қараша айында бұл екі азамат Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросына хабарласып, осы мәселе бойынша бізден көмек сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, «Шаңырақ» оқиғасы бойынша Тұяқов 14 жыл түрме жазасына кесіліп, 12 жылдан соң, 2018 жылы бостандыққа шықты. Өтегенов 16 жылға түрме жазасына кесіліп, мерзімін өтеп жатқанда «құқық қорғау қызметкерлеріне бағынбады» деген айыппен оған тағы да 2,5 жыл қосып, ол тек 2022 жылы азаттық алды.
«Шаңырақ» оқиғасы неден басталғанын кейінгі жұрт жақсы білмеуі мүмкін. Сондықтан, естеріңізге сала кетейік. Қысқаша айтқанда, 2006 жылы Алматы әкімі болып тұрған Иманғали Тасмағамбетов «заңсыз салынған үйлер» деген желеумен «Бақай», «Шаңырақ» сияқты ықшамаудандарды сүруді бастайды. «Бақайда» 30 үйді сүріп тастаймыз деп, бірден 300 баспананы қиратып тастады билік өкілдері. Адамдарға үйдің ішіндегі дүние мүлкін де шығарып алуға мүмкіндік берместен. «Шаңырақта» да тура сондай әрекет жасамаққа келген полиция күштеріне халық тойтарыс берді. Қақтығыс кезінде екі полиция қызметкері халықтың қолында қалды. Екі жақ келіссөз жүргізіп, әкімдік үйлерді сүруді тоқтатуға уәде берсе, «Шаңырақ» халқы қолға түскен қызметкерлерді босатуға сөз береді. Бірақ, билік уәдесінде тұрмай, «Шаңырақты» қайтадан шайқамақ болады. Осы кезде әлдебіреулер, оларды арнайы дайындалған арандатушылар дейтіндер бар, полицияда тергеуші болып қызмет атқарған жас азаматты өртеп жібереді.
Кейіннен дәл осы жағдай бойынша «Шаңырақ» процесі басталып, Арон Атабек бастаған азаматтар әділдігі үлкен күмән тудыратын соттың үкімімен ұзақ жылдарға сотталады. Арон бастаған «Шаңырақ» батырларының ұзақ жылға қамалуы елде де, халықаралық аренада да үлкен резонанс тудырды. Бірақ, бұл азаматтарды түрмеден құтқармады…
Бостандыққа шыққан Рүстем мен Құрманғазы өздерінің «экстремизмді қаржыландырушы» адамдардың тізіміне енгізілгенін көреді. Бұл, әрине, заңсыздық еді. Себебі, аталмыш заң тек қана 2010 жылы қабылданды. Ал бұл азаматтарға сот үкімі 2007 жылы шықты. Заңды кері датамен қолдануға болмайды деген Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген. Одан бөлек, Өтегенов те, Тұяқов та өз жазаларын толық өтеп шықты. Ал адамға бір қылмыс үшін екі бірдей жаза тағайындалмайды деп Қазақстанның заңдарында анық жазылған.
Осыны негізге ала отырып, Бюро қызметкері Алматы полиция департаментіне арыз жазып, екі азаматты бұл тізімнен алып тастауды талап етті. Үш ай өтсе де, полиция департаменті бұл хатқа жауап бермеді. Сол себепті, Бюро заңгері Алматы әкімшілік сотына арыз жазып, істі қарауға өтініш білдірді. Сот оны да қараудан бас тартып, іске маман ретінде Экстремизмге күрес басқармасының қызметкерін шақырды. Бұл да заңға қайшы екені сөзсіз. Себебі, сол тізімді жасақтауға дәл сол басқарманың қатысы бар емес пе?
Сонымен, іс апеллциялық сатыға, одан кейін кассациялық негізде Жоғары сотқа жолданды. Бұл уақытта Алматы полиция департаменті екі азаматты бұл тізімнен үн түнсіз алып тастады. Ешкімге хабарлама бермеген де жоқ тіпті. Ал іс материалдары әлі де Жоғары сотта жатыр.
Қалай болғанда да, Бюро заңгері Евгения Нефедьева нақты нәтижеге қол жеткізіп, Өтегенов пен Тұяқовты «экстремизмді қаржыландырушы» азаматтардың тізімінен алдырды. Бірақ, бәрібір бұл заңның олқы тұстары әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Тізімге азаматтарды қосу механизмі сынды нақты алгоритм әлі де жоқ. Соның салдарынан қаншама азамат экономикалық белсенділіктен толық шеттетіліп отыр.