Бүгін, 25 желтоқсан күні, Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан археолог Ерлан Жағыпаров пен қала тұрғыны Әуез Қапсалановтың қазасына байланысты сот процесі жалғасты. Алғашқы сот отырысы туралы мақаланы мына сілтемеден оқуға болады.
Бүгінгі отырысқа марқұм Ерланның ағасы, қазір Лондонда тұрып жатқан кәсіпкер Нұрлан Жағыпаров келді. Ол сотталушы подполковник Айтжан Аубакировты қамауға алу қажеттігін айтты. «Ағамның денесінде сау тамтық қалмаған еді. Мұндай садистер бостандықта жүрмеуі керек. Адамдардың арасында жүруге болмайды ондай адамға. Соттан Аубакировты қамауды сұраймын»,- деді Нұрлан Жағыпаров. Жәбірленуші тараптың өкілі Сәуле Қобжанова бұл өтінішті толықтай қолдады. Алайда, сот Жағыпаровтың бұл өтініш хатын қанағаттандырусыз қалдырды.
Негізінен, сот процесіне куәгерлер шақырылды. Алғаш болып сөз алған құтқарушы қызметін атқарған Сергеев 7 қаңтар күні Алматыдағы Республика алаңында жұмыс істегенін, олардың міндеті – мүрделерді жинастыру болғанын айтты. Сол күні Илья Сергеев алаңнан 16 мәйіттің табылғанын жеткізді. «Солардың ішінде біреуінің қолында қару болды ма?» Деген сұраққа, «ешқайсының қолынан қару көрмедім» деп жауап қайырды. Ерлан Жағыпаровтың мәйітін де көргенін хабарлады куәгер. «Қара курткада болды, қателеспесем. Есімде қалғаны, оның қолында кісен салынған еді», – деді куәгер.
Одан кейін ҰҚК полковнигі, сол күндері «Арыстан» арнайы жасағының командирі болған Тюлюшов жауап берді. Оның айтуынша, ҰҚК арнайы жасағы қызметкерлері Республика алаңында дыбыс күшейткішпен сөйлеп, халықты тарауға шақырған. Осыдан кейін көпшілік алаңнан кетіп қалған. Сол күні алаңда 5 адам ұсталған. Олардың барлығын «Арыстан» жасағы ұстағаннан кейін Ұлттық ұлан сарбаздарына тапсырған. Арасында Жағыпаров болған-болмағанын айта алмаймын, есімде жоқ деп жауап берді полковник. Адамдардың қолына пластик кісен тағылғанын да айтты. «Ол бір рет қана пайдалануға жарайды», – деді Тюлюшов.
Естеріңізге сала кетейік, археолог Ерлан Жағыпаровтың Қаңтар оқиғасында қаза болуы – қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оның қатты азапталғаны, соққыға жығылғаны, мәйітханадан қолында кісен тағылған күйі табылғаны туралы ақпарат құралдарында көп айтылды. Жағыпаровтың ешқандай да «террорист» болмағаны, қоғамға, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатер төндірмегені айдан анық дүние еді. Соған қарамастан, оны азаптап, автоматпен атып өлтірген. «Әділдікті үш жыл күттік. Осы сотқа үш жыл дегенде әрең жеттік» деді жәбірленуші тараптың өкілі Сәуле Қобжанова өткен сот процесінде.
Бүгінгі сотта 12 куәгер сұралмақ. Ертең де бұл процесс жалғасын табады. Соттың күні бойы өтіп жатқанына қарағанда, үкім жаңа жылға дейін шығуы әбден мүмкін. Жәбірленушілердің айтуынша, алғашқыда бұл іс «кісі өлтіру» бабы бойынша қарастырылған. Бірақ кейіннен бапты өзгертіп, «қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалануға» ауыстырылды. Бұл, әрине, алғашқы тағылған айпықа қарағанда әлдеқайда жеңіл. Бұған дейін де Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан адамдардың ісі бойынша бірді-екілі сот процестері өткен еді. Алматыда төрт жасар Айкөркемнің қазасы бойынша сотта оны атты деп айыпталған әскери қызметкер алдымен ақталып, кейін апелляциялық сатыда «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану» бабы бойынша айыпты деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айрылған еді. Ерлан Жағыпаровтың жағдайында да солай болуы әбден мүмкін. Сот процесін бақылауда ұстаймыз.