• Басты
  • >
  • Қаңтарда екі адамды атқан подполковниктің соты басталды

Қаңтарда екі адамды атқан подполковниктің соты басталды

23.12.2024

Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасында қаза тапқан археолог Ерлан Жағыпаров пен қала тұрғыны Әуез Қапсалановты атты деп айыпталған подполковник Айтжан Аубакировтың ісі қаралып жатыр.

Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімшесінде командирдің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған Аубакиров 6 қаңтар күні Жағыпаров пен Қапсалановты ұстап, оларды өзіне тиесілі Ак-47 автоматынан атқан. Прокурордың айыптау актісінде былай делінеді: “Кейіннен 22.30-дан 00.30-ға дейін сотқа дейінгі тергеу барысында анықталмаған Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің қызметшілері билікті асыра пайдаланды, яғни олардың құқықтары мен өкілеттіктерінің шегінен шығатын іс-әрекеттер жасады.

Атап айтқанда, Тәуелсіздік монументіне қарама-қарсы тұрған УАЗ маркалы автокөліктің артында тұрған Жағыпаров пен Капсаланов олардың өмірі мен денсаулығына қол сұғуға, сондай-ақ қандай да бір физикалық қарсылық көрсетуге шамасы келмейтінін түсіне отырып, олардың қолына кісен салды.

Содан кейін оларды бірнеше рет қолмен және аяқпен ұрып, сондай-ақ автоматтың бүркемесімен қасақана ұрды». Сонымен бірге, прокурор Аубакировтың Жағыпаров пен Қапсалановқа 10 метр қашықтықтан оқ атқанын, осылайша қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғанын мәлімдеді.

Белгілі археолог Ерлан Жағыпаровтың Қаңтар оқиғасы кезінде қаза табуы – қоғамда үлкен резонанс тудырды. Себебі, оның билік айтқандай «террорист» қатарына жатпайтыны анық. Соған қарамастан, оның туыстары Жағыпаровтың азапталып өлтірілгенін жеткізді. Яғни, қолына кісен тағып, ұрып-соғып, арқасынан автоматтан оқ жаудырған. Ерлан сияқты қарапайым әрі бейбіт азаматтар кімге қатер төндіреді? Ешкімге де. Сотта белгілі болғандай, Жағыпаров 6 қаңтар күні досы Асқар Увалиевтің үйіне келіп, анасына жақпа май алып кеткен. Санаулы минуттардан кейін ол Асқарға қайта хабарласып, өзінің ұсталғанын айтып, одан көмек сұраған. Түнгі сағат он екіге дейін Асқар мен Ерлан үш рет телефон арқылы сөйлескен. Бірақ, он екіден кейін оның телефоны өшіп, Ерланның қайда екенін Асқар да, оның отбасы да білмей қалған. Жағыпаровты алаңда ҰҚК «Арыстан» жасағының жауынгерлері ұстады. Артынша оны және Әуез Қапсалановты Айтжан Аубакировтың қолына өткізген. Аубакиров ол екеуін полиция қызметкерлеріне тапсыруы керек еді. Бірақ, Аубакиров қызмет ететін әскери бөлімшеге шабуыл басталған соң оның командирі хабарласып, Жағыпаров пен Қапсалановты босату керегін айтады. Бірақ, Аубакиров оларды босатудың орнына атып өлтірді делінеді прокурордың айыптау актісінде.

Куәгер әрі Жағыпаровтың досы Асқар Увалиевтің айтуынша, олар археологты бес күн бойы іздеген. «Моргке барып қарадық. Досымның денесі болмаса екен деп тіледім. Ол жерде өлген адамдардың көп денесі болды. Әрқайсысын қарап шықтым. Ерланның бет бейнесін тану мүмкін емес еді. Сау тамтығы жоқ. Тек мойнындағы белгісінен ғана оны таныдым. Қолында кісен болды» деді ол. 6 қаңтар күні ол Жағыпаровты шығарып алуға бар күшін салғанын да айтты. Құқық қорғау органдарында қызмет ететін таныстарына да хабарласқан. «Егер ұсталса, бәрін анықтаған соң оны жібереді» деп жауап берген олар.

Десе де, Аубакировтың үстінен кісі өлтіру бабы бойынша емес, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану бабымен іс қаралып жатыр. Жапа шеккендердің отбасы подполковникті кісі өлтіру бабымен соттауды талап етуде. Расында да, екі бірдей адам қаза болды. Олардың қоғамға да, құқық қорғау қызметкерлеріне де ешқандай қаупі жоқ болғаны анық көрсетілді. Олай болса, Жағыпаров пен Қапсалановты неге атты? Екі адамның өмірін қию – жай ғана қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану дегенді қалай түсінеміз?

Сотта Аубакировтың өзі де жауап берді. Ол қаза болғандардың отбасына көңіл айтқанымен, кінәсін мойындаудан бас тартты. «Бізге қарсы шабуыл болды. Таран жасамақ еді. Сол кезде мен бірнеше адам бейнесін көрдім. Анықтап қарай алмадым, себебі, қараңғы болды және тұман еді. Шабуылдан сақтану үшін сол адамдардың бейнесіне қарай оқ аттым. Әдейі өлтіргім келмеді ешкімді» деді подполковник.

Жағыпаров отбасының қорғаушысы Сәуле Қобжанованың айтуынша, Аубакиров өз қылмысын жасыруға барын салған. Оған берілген оқтың саны 120 болған. Кешке қаруын тапсырғанда ол тура сол мөлшерде оқтарын тапсырып, қаруды пайдаланбадым деген. Десек те, тергеушілер Жағыпаровтың денесіндегі оқтарды алып, әскери бөлімшедегі автоматтарды түгелдей тексеріп, ақырында оның Аубакировқа тиесілі екенін анықтаған. Тек содан кейін ғана подполковниктің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол жауапқа тартылып жатыр.

Сотта куәгер ретінде сол кездегі 5571 әскери бөлімшесінің командирі Бақдаулет Оспанбеков сұралды. Ол көп сұрақтан «есімде жоқ» деп құтылуға тырысты. Оспанбеков Аубакировке ұсталғандарды жіберуге бұйрық бергенін айтты. Бірақ, сол бұйрық орындалған я орындалмағанын сұрады ма деген сауалға, «нақты есімде жоқ» деп жауап берді. Оспанбеков өзінің орынбасары болған Аубакировтың Қаңтар оқиғасы кезінде жақсы қызмет атқарғаны үшін орденге ұсынбақ ниеті болғанын да жеткізді.

Екі бейбіт адамды атып тастаған подполковник орденге ұсынылып жатса, біздің қандай ел болғанымыз деген сұрақ туындамай ма осындайда?

Сотқа келген Әуез Қапсалановтың әкесі «баласының қарапайым азамат болғанын, үйленбегенін, артынан бір тұяқ қалдыра алмағанын» айтып өкінді. Ол сотта ешкімге де сұрақ қоймады. «Баламды кім өлтіргенін көргім келді» деп жауап берді Қапсаланов.

Келесі сот процестері 25 және 26 желтоқсан күндері өтеді. Сот айыпталушылардың сұрауымен фото және видео түсірімдерге тыйым салды.