Белгілі журналист, саяси тұтқын деп танылған Думан Мұхамедкәрімді Талдықорған түрмесінен Қызылордада орналасқан түзеу мекемесіне этаппен жіберді.
Бұл туралы оның қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
«Власть» басылымына Мұхамедкәрімнің Қызылордаға жіберілгенін Қылмыстық атқару жүйесі комитеті де растады. «“№71 мекемедегі құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында сауалда көрсетілген сотталушы сот үкіміне сәйкес жазасын өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді” деген қылмыстық-атқару жүйесі комитеті “Власть” сайтына жіберген жауабында.
Бірақ, журналистің нақты қай мекемеде «жазасын» өтейтіні туралы мәлімет берілмеді.
Бұған дейін Думан Мұхамедкәрім аштық жариялап, наразылық танытып, өзін Заречный кентіндегі түзеу мекемесіне жіберуді талап еткен еді. Қорғаушысының айтуынша, Думан өзінің қолын, қарнын және мойнын тіліп, «Оян қазақ» деп қанымен карцер қабырғасына жазу да қалдырған. Осы наразылық арқылы ол өзінің конституциялыұ құқығын қорғалуын талап етті.
Расында да, Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, сотталушының өз жазасын тұрғылықты мекен-жайына жақын жерде өтеуіне құқығы бар. Оны басқа облыстағы мекемеге тек қана үйіне жақын орналасқан мекемеде орын болмағанда ғана жіберуге болады. Бірақ, Мұхамедкәрімнің айтуынша, ол Талдықорған түрмесінде жатқанда Заречный лагеріне бір емес, алты бірдей этап жөнелтілген. Оның сөзінше, бұл мекемеде орын бар. Бірақ, журналисті сонда да Заречныйға емес, үйінен алыста орналасқан Қызылорда мекемесіне жіберді.
Думан Мұхамедкәрімнің ата-анасы қарт адамдар екенін жұрт жақсы біледі. Олар Талдықорған түрмесіне барудың өзіне қиналатын. Себебі, жол жақын емес, жиі барып тұру мүмкіндігі аз. Сол себепті Думан да, жұртшылық та тергеу амалдары жүріп жатқанда журналисті Алматыдағы №72 мекемеде ұстауды талап етті. Бірнеше рет прокуратура алдына барып, наразылық танытқан кездер де болды. Бірақ, құзырлы органдар бұл талапты орындамады. Думанды Талдықорған түрмесінен Алматыға ауыстырмады. Енді міне, жеті жылдық түрме мерзімін Қызылордада өтеуге жөнелтті.
Думан Мұхамедкәрім тергеу кезінде де, сотта да өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын, мұның саяси қудалау екенін бірнеше рет мәлімдеген еді. Ол көпшілікке Қаңтар оқиғасынан кейін репортаждар жүргізіп, азапталған азаматтардан сұхбат алып және митингтерге шығып танылды. Өткен жылы мәжіліс сайлауына қатысып, жеке округтен депутаттыққа үміткер болып та тіркелді. Соңғы кездері ол билікті қатаң сынап, Қаңтар оқиғасының шындығын ашуды Тоқаевтан ашық талап еткен азаматтардың бірі.
Оны «экстремистік ұйымды қаржыландырды» деген айыппен жеті жылға соттап жіберді. Соттың өзін жабық процесте өткізді. Халықаралық ұйымдар Думан Мұхамедкәрімді «саяси тұтқын» ретінде таныды.
Дәл қазір Алматы түрмесінде «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен отырған белсендінің бірі Айдар Мубараковтың аштық жариялағанын бұған дейін хабарлағанбыз. Оның қорғаушысы Еркін Қаһаровтың айтуынша, белсендінің өміріне қауіп төніп тұр. Мубараковқа бұған дейін ота жасалып, асқазанының 60 пайызы кесілген. Яғни, астан бас тартқан жағдайда оның жағдайы күрт нашарлауы мүмкін. Соған қарамастан Мубараков «әділетісіз қудалауды тоқтатуды» талап етіп, аштық жариялады. Жақында белгілі болғандай, құзырлы органдар белсенділерді қамау мерзімін тағы бір айға созды.