• Басты
  • >
  • Сәтпаевта кеншілер наразылыққа шықты

Сәтпаевта кеншілер наразылыққа шықты

19.12.2024

17 желтоқсаннан бастап Сәтпаев қаласында кеншілер наразылыққа шықты. Олар айлықтарын 100% көбейтуді талап етіп, еңбек наразылығын бастаған жұмысшыларды қудаламауды талап етуде. Ереуілге шамамен 200-ге тарта кенші шығып, жұмыс процесін тоқтатты.

Күні кеше ереуілшілермен келіссөзге «Қазақмыс» басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев барып, «кеншілердің талабы орынсыз» деді. «Сіздердің айлықтарыңызды 100% көтере алмаймыз, бұл қаладаға басқа тауарлардың қымбаттауына, жалпы өңірде қымбатшылыққа әкеледі. Аймақтың экономикасына зиянын тигізеді» деп жауап берді. Бірақ, кеншілер бұл жауапқа разы еместігін жеткізді. «Айлығымыз 500-600 мыңға жетсе, бұл біз тұрып отырған қалаға зиян болады деп айта алмаймыз. Оның үстіне, кенші жұмысы үшін бұл көп ақша емес» деді.

Расында да, қатерлі әрі ауыр жұмыстардың бірі осы кеншілердікі емес пе? Қатерлі дейтініміз, «Қарметте» қаншама апат болып, кеншілердің көз жұмғанын бүкіл ел көрді. Ауыр деп отырғанымыз, жердің астына түсіп, сағаттап сол жерде еңбек ету денсаулыққа зиян емес пе? Егер кеншілердің айлығы небәрі 250-300 мың теңге болса, бұл әрине, аз сома. Сол «Қазақмыстың» бас офисінде жұмыс істейтін бір менеджердің өзі бұдан әлдеқайда көп жалақы алатынына сенімдіміз. «Қалада қымбатшылық тудырады» дегені де бос сөз. Онсыз да қымбатшылық асқынып тұрған жоқ па Қазақстанда?

Сонымен, «Қазақмыстың» басшылығы келіссөзді бүгін де жалғастырды. Олар ереуілдегі халыққа мынадай ұсыныс жасаған: «айлықтарына инфляция көрсеткішімен 8,5% қосу және 50 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде бір жылда 4 премия беру; немесе айлықтарын келесі жылдан бастап 15,6% өсіру». Одан бөлек, кеншілердің тағы бір талабын орындаған: «13 айлықтарын 30% арттыру».

Яғни, қазіргі таңда кеншілер мен «Қазақмыс» басшылығы арасында келіссөздер жалғасып жатыр деген сөз.

Бұл аралықта әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеме жасап, «кеншілердің ереуілі заңсыз» деді. Бұл енді министрліктің қашанғы әдеті. «Ереуіл заңсыз», «бәрі жұмысқа шықсын» деп қашан да айтып жатады. Әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысшылармен сөйлесіп, олардың мәселесін тыңдап, оң нәтиже шығарып жатқаны көп айтыла бермейді.

«Қазақмыс» кеншілері ешқандай да арандатуға жол бермеуге, тұрған жерлерін таза ұстауға және қандай да заңсыздыққа бармауға шақыруда. Онысы дұрыс нәрсе. Кеншілердің талабына билік құлақ асуы тиіс. Бұл сөзсіз.

Айтпақшы, «Қазақмыстың» заң бойынша иелері Владимир Ким мен Эдуард Огай Қазақстандағы ең бай адамдардың қатарында екені баршамызға мәлім. Ким қазақстандық қана емес, әлемдік «Форбс» журналында ойып тұрып орын алып жүретін олигархтардың бірі. Оның байлығы 3,6 миллиард долларды құрайтынын көпшілік біледі. Эдуард Огай да елдегі ірі байлардың қатарында. Оның дәулеті 800 миллион доллардан асып жығылады деп жазатындар бар. Тіпті оны да миллиардер деп атайтындар көп.

Эдуард Огайды белгілі қазақстандық саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Ғалымжан Жақиянов та сот беріп, «Қаражыра» көмір кенішін заңсыз тартып алды деп айыптаған еді. Огай бұл әрекетті Назарбаевтың қолдауымен жасады деп отыр Жақиянов. Тіпті АҚШ-та Огайдың екі бірдей пәтеріне шектеу қойылып, жақында сот процесі басталады деген сөз бар.

Жалпы, «Қазақмыстың» артында Ким мен Огай ғана емес, экс- президент Назарбаев тұр деп айтатындар да көп. Ал енді сондай иелері бар компанияның өкілдері «кеншілердің айлығын арттырсақ, қалада қымбатшылық туындатады» дегені қай қисынға сыяды екен?