Бүгін, 19 желтоқсан күні, Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда түрмедегі саяси тұтқындардың жағдайы туралы айтылды. Жиынға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналист Думан Мұхамедкәрімнің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов, марафоншы Марат Жыланбаевтың қорғаушысы Мейіржан Досқараев (видео байланыс арқылы) және тіркелмеген «Алға Қазақстан» партиясының белсендісі Сергей Измайлов қатысты.
Төреқожинаның айтуынша, соңғы кездері түрмедегі жағдайға байланысты құзырлы органдардың тарапынан реакция білдіру сиреп кеткен. «Бұрын әлеуметтік желіде қандай да саяси тұтқынның жағдайы туралы айтсақ, келесі күні прокурор түрмеге барып, оның мәселесіне назар аударатын. Қазір қанша жазсақ та, айтсақ, еш көңіл бөлмейтін болды. Шенділер ештеңе жауап бергісі келмейді. Ештеңе көрмегендей, естімегендей отыра бергісі келеді. Бұл алаңдатарлық жағдай. Дәл қазір түрмеде «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыпталып отырған белсенді аштық жариялап отыр. АЭС-ке қатысты референдум алдында бір топ адамды қамап, оларға «төңкеріс» жасағысы келді деген айып тақты. Ашығын айту керек, бұл ойдан құрастырылған айыптау» деді құқық қорғаушы.
Одан кейін сөз алған Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімнің жағдайын баяндады. «Думанмен 7 желтоқсанда кездестім. Ол Қонаев түрмесінде отырғанда талап қойған: жазамды Заречный мекемесінде өтеймін, сол жерге жібермейінше камерадан шықпаймын деп. Бірақ, түрменің бастығы келіп, оған процедураны түсіндірген. Алдымен Талдықорған түрмесіне барасыз, одан кейін сізді Заречныйға этаппен жібереді деген. Думан бұған көнді. Алайда, Талдықорған түрмесіне келген соң 6 этап жіберілсе де Заречныйға, оған Думанды қоспаған. Бұған ол наразылық танытқан. Түрме қызметкерлері сол үшін оны екі күн суық карцерге қамап тастады. Думан бұған қарсылық ретінде өзінің қолын, қарнын тіліп тастаған. Өзінің қанымен «Оян қазақ» деп жазып, алақанымен із қалдырған. Камерадан мұны көрген қызметкерлер карцерге келіп, Думанға алғашқы көмек көрсетті. Бірақ, карцерден камераға ауыстырмады. Сол үшін Думан тағы да өзін тіліп тастады. Тек содан кейін ғана түрме басшылығы оны жай камераға ауыстырды. Карцер деп отырғанымыз тар қапас, іші тастай суық. Думанмен кездескенде ол өзінің денесіндегі жарақаттардың бәрін көрсетті. Қай жерін тілгенін де айтты. Қарнын, қолын, мойнын кескен. Мұның бәрін өз көзіммен көрдім. Бірден айтайын, Думан өз өзін өлтіргелі отырған жоқ. Ол бар болғаны – өзінің конституциялық құқығын қорғап отыр. Өзінің мәселесіне назар аударуды талап етіп отыр. Сотталғаны рас, енді жазасын Заречныйда өтеуі керек заң бойынша. Үйіне жақын жерде. Міне, осы талапты қойып отыр. Бірақ, арнайы шешім шыққанша Думанды Заречныйға этаппен жібермей отыр қазір. Біздің ойымызша, билік Думаннан қорқады. Ол айналысан адамдарды шоғырландырады, бәрін біріктіреді, наразылық танытады деп ойлайды. Осы жағдайлардың бәрін түрмеде Думанмен кездескен соң журналистерге хабарлап айттым. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бірден мәлімдеме жасап, бұл жалған ақпарат деді. Келесі күні Думанның әке шешесі тағы да түрмеге барды. Олар да жағдайды өз көзімен көрген. Жалған ақпарат таратқан ешкім де жоқ. Думан өз мәселесіне осылай назар аудартқысы келеді. Басқа амалы да жоқ оның. Тар қапаста отыр», – деді Ғалым Нұрпейісов. Қорғаушының ойынша, түрме басшылығы Думанды психологиялық тұрғыда сындырмақ. Сол үшін оған түрлі қысым көрсетіп, оның түрмедегі жағдайын барынша қиындатып отыр.
Артынша сөз алған Марат Жыланбаевтың қорғаушысы Мейіржан Досқараев марафоншының қазіргі жағдайы туралы айтты. Қорғаушының сөзінше, Жыланбаев әлі де аштық акциясын жалғастыруда. Оның басты талабы – мекемеде Skype байланыс жүйесін қосып, сотталушыларға туған – туыстарымен, жақындарымен сөйлесуге мүмкіндік беру. Түрме әкімшілігі түрлі сылтауларды айтып, бұл талапты орындамай отыр. Қорғаушының мәліметінше, Жыланбаевқа барынша қатты қысым көрсетілуде. Осыдан біршама уақыт бұрын жарияланған марафоншының хатында түрмеде оған қарсы бірнеше арандатудың болғаны да айтылады. Басқа сотталушыларды Жыланбаевқа қарсы қою әрекетін де түрме басшылығы жасады деп жазған еді саяси тұтқын.
«Алға Қазақстан» партиясының белсендісі Сергей Измайлов марафоншыға психологиялық қысым көрсетіліп жатқанын, мұның салдары саяси тұтқын үшін ауыр болуы мүмкін деп болжайды.
Бақытжан Төреқожина саяси тұтқындарға қолдау көрсетуге шақырды. «Түрмеде отырған адамдарға өз құқығын қорғау қиынның қиыны. Себебі, олар тар қапастан шыға алмайды, мәселесін қоғам алдында көтеруі оңай емес. Сол себепті қоғам тарапынан оларға қолдау қажеті» деді ол.
Соңғы кездері саяси тұтқындарға көрсетіліп жатқан қысым көбейіп кетті. Думан Мұхамедкәрім, Марат Жыланбаев, Айдар Мубараковтың аштық жариялауы, түрме ішінде наразылық танытуы – соның айқын көрнісі.