Фото: www.facebook.com/rinat.rafkhat
Қылмыстық істер жөніндегі Қарасай аудандық сотында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы облысы Қошмамбет ауылындағы әкімшілік қамауға алу орнында 44 адамды азаптады деп айыпталған алты полицейдің соты жалғасып жатыр.
17 желтоқсанда өткен сот отырсында күдікті полиция қызметкерлері Арман Шойбеков пен Олжас Айдархановтан жауап алынды. Екеуі де өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
“Біз ешкімді ұстаған жоқпыз. Камерадан ешкімді алып келген жоқпыз. Тергеу бөлімінде отырдық. Алып келген адамдарды тергедік”, – деді Шойбеков сот залында сөйлеген сөзінде.
Ал айыпталушы Айдарханов “Сырттан алып келген тамақтарды тараттым. Іште дәретхана істемей қалған соң, ұсталғандарды сыртқа шығарып алып келіп жүрдім” деді. Екеуі де жәбірленушілердің сөзін жоққа шығарып, ешкімді азаптамағандарын айтты.
Бұған дейін іс бойынша жәбірленуші деп танылған Якупов пен Исламов Шойбеков пен Айдарханов өздерін ұрып-соқты деген.
Бүгінгі процесте негізгі сот талқылауы аяқталып, судья Адайбаев сот жарыссөзін 23 желтоқсанға белгіледі.
Осыған дейінгі сот процестерінде күдікті Берік Әбілбеков, Серік Тұрпанбаев, Нұрсұлтан Хамитов, Бауыржан Сопақовтардан жауап алынған. Олардың ешқайсысы өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Күдікті алты полиция қызметкеріне “Қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау” және “Лауазымын асыра пайдалану” баптары бойынша айып тағылған.
Айыптау актісінде 2022 жылы 7 қаңтарда Алматыдағы дүрбелеңге қатысы бар азаматтарды «анықтау операциясы» кезінде Алматы-Бішкек тас жолында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің арнайы жасағы Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанның 99 азаматын ұстағаны жазылған. Олардың 98-і Қошмамбет ауылындағы әлі пайдалануға берілмеген әкімшілік қамауға алу изоляторына жеткізілген. Қамау кезінде ешқандай құжат толтырылмаған. Қамауға алынған сәттен бастап соққыға жығылып, жауап алынған.
Бұған дейін жәбірленуші деп танылған 23 Өзбекстан азаматының адвокаты Айна Шорманбаева күдіктілер саны алты полицейден көп болуы тиіс екенін айтқан. Оның сөзінше, оқиға болған күні Қошмамбет изоляторында алтауы ғана болмаған.
“Менің ойымша, күдіктілер он есе көп болуы керек. Өйткені азаптағандар бұл алтауы ғана емес. Негізі Қошмамбетке 98 адам қамалған. Олардың барлығы жәбірленуші деп танылуы тиіс. Басынан бастап осыны айтып келеміз”, – деген Шорманбаева Азаттық радиосына.
Істегі 44 жәбірленушінің бірі – қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов. Қаңтар дүрбелеңінде Қазақстанның мемлекеттік телеарнасынан “бүлікке қатысқаны үшін ақша алғанын” “мойындаған” жігіттің видеосы көрсетілген. Кейіннен оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені, оны полиция қызметкерлері азаптап, жалған куәлік етуге мәжбүрлегені белгілі болған. Іс халықаралық дауға ұласқан. Осы оқиғадан соң Қазақстан билігінің “Қаңтар оқиғасы кезінде елге Орталық Азия елдерінің бірінен террористер келді” деген мәлімдемесі сынға қалған.