• Басты
  • >
  • Азаптау, Жаңаөзен, Қаңтар. Құқық қорғаушылар үні 

Азаптау, Жаңаөзен, Қаңтар. Құқық қорғаушылар үні 

17.12.2024

БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне ұсынылған Қазақстанның ҮЕҰ коалициясының әмбебап мерзімді шолу бойынша баяндамаларын талқылау қалай өтуде?

Әділет министрлігі БҰҰ сарапшылары үшін “Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы”консультативтік-кеңесші органы шеңберінде басталған Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы баламалы баяндамаларды талқылау жалғасып жатыр. Әділет министрлігінің іс-шарасында қазақстандық шенеуніктерге әділетті сот ісін жүргізу бойынша алты тақырыпты қамтыған үкіметтік емес ұйымдардың баяндамалары ұсынылды. Оның ішінде Жаңаөзен-2011 және Қаңтар-2022 оқиғаларына басты назар аударылды.

Азаптау 

Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының заңгері Анна Солодова азаптау мен түрмедегі жағдайға тоқталды. 

Ол азаптау үшін жауапкершілік, қандай жағдай болмасын, қылмыстық кодексте жазылғанын айтты. Солодованың сөзінше, Қазақстан тарихында қатыгез және адамдық қадір-қасиетті қорлау бойынша бірде-бір қылмыстық іс тіркелмеген.

«Сонымен қатар, өкінішке орай, елде азаптау құрбандарын оңалту және қолдау жөніндегі бағдарлама әлі де құрылмаған. Азаптау құрбандарына құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетуді мемлекет ат төбеліндей ғана азаматтық қоғам өкілдеріне ысырып, солардың мойнына жүктеп қойған», – деді заңгер.

Анна Солодова түрмелерде бейне бақылау камералары қойылғанымен олардың жұмысынан нәтиже жоқ деді. Айтуынша, жәбірленушінің азапталғанын дәлелдейтін кезде ол камераның бейнесі жоғалып кетеді немесе жарық сөніп қалды деген түрлі сылтау айтылады. Азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы бейне бақылау камераларына ортақ сервер құрып, оған бір-біріне тәуелсіз органдарға қосылуға мүмкіндік беру керектігін ұсынған. Бірақ ол ұсыныс сол күйі қабылданбаған.

«Түзету мекемелерін азаматтық ведомства бақылауына беру туралы сан мәрте айтылғанымен ол әлі күнге дейін ішкі істер министрлігінің қарауында», – деді Анна Солодова.

Жаңаөзен мен Қаңтардағы «бітеу жара»

«Ар. Рух. Хақ» құқық қорғау ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина Қазақстан билігі есіне алғысы келмейтін 2011 жылғы Жаңаөзен және 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына тоқталды.

«БҰҰ-ның Адам құқықтары бойынша комитеті Қазақстанға Жаңаөзенде қаза тапқан, жарақат алған, азапталған адамдардың әрбірінің оқиғасы мен шағымын әділетті әрі бейтарап қарауға ұсыныс айтты. Бірақ ол сол күйі орындалған жоқ. Бұған қоса, Астана Қаңтар оқиғасына халықаралық тергеу жүргізуден бас тартты. Жаңаөзен кезінде де, Қаңтарда да күштік құрылым өкілдері адамдарға қарсы қару қолданды. Олар өздерінің іс-әрекетін қорғану амалы деп түсіндірді. Бірақ ол нақты деректермен дәлелденбеді», – деді құқық қорғаушы.

Бақытжан Төреғожина баяндамасында азаптау құрбандары мен оларды оңалту мәселелеріне де тоқталды.

«Қаңтар оқиғасында зардап шеккендерді оңалтуға мүмкіндік беретін статусын анықтау қажет. Екі жарым жыл өтсе де зардап шеккендер оңалған жоқ. Туыстары өтемақы алған жоқ», – деді Төрегожина.

Музыкаға кім тапсырыс беріп отыр?

Бірақ құқық қорғаушылардың баяндамаларына қарамастан Жаңаөзен мен Қаңтар оқиғаларына қатысты 19 беттен тұратын арнайы рецензия ұсынылды. Оны қазақстандық халықаралық келісімдерді бақылау қоғамдық орталығының директоры Галина Моисеенко таныстырды.

«Халықаралық немесе парламенттік тергеу жүргізу туралы ұсыныс мұндай тергеулердің тәуелсіздігі мен бейтараптығы қалай қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ Қазақстанның егемендігі қалай сақталатынын көрсетпейді. Күштік құрылым  басшыларын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс олардың құқықтарын қамтамасыз етуде проблемалар туғызуы және құқық қорғау органдарының жұмысына қысым тудыруы мүмкін», – деді Моисеенко.

Бұған қоса, Моисеенко соттардың жабық өтуіне қатысты шағым, ескертпелер де негізсіз деді.

Бұл материал Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен дайындалды. Материалда айтылған пікірлер Ұлыбритания үкіметінің көзқарасы дегенді білдірмейді.