АЭС-ке қатысты референдум қарсаңында ұсталып, «жаппай тәртіпсіздік жасамақ болды» деген айыппен қамалған бес белсендінің бірі – Айдар Мүбараков Алматыдағы тергеу изоляторында аштық жариялады.
Қорғаушы Жанар Балғабаеваның айтуынша, «Мүбараков 27 қарашадан бастап аштық жариялаған». Балғабаева Айдар Мүбараковтың өз қорғауындағы азамат емес екенін, бірақ, осы іс бойынша тергеліп жатқан басқа кісілерден оның ас-судан бас тартқанын естігенін хабарлады. Мүбараковтың қорғаушысы Төлеген Берліқожа да бұл ақпаратты растады.
«Қылмыстық істің қозғалуына наразылық ретінде аштық жариялады», – деді белсендінің қорғаушысы.
Айдар Мүбараковты білетіндер оның аштық жариялауы денсаулығына қатерлі екенін айтады. Себебі, оған ота жасалып, асқазанының 60% кесілген деп жазды олар. «Аштық жариялауы – өте қауіпті, себебі, оның өзі мүгедектігі бар адам», – дегенді бірқатар азаматтар әлеуметтік желіде хабарлады.
Қорғаушы Төлеген Берліқожаның айтуынша, қылмыстық іс құпияландырылған, яғни оның барысы туралы ешқандай да ақпарат беруге болмайды.
Алғашқыда бұл іс бойынша 12 адам тергеуге шақырылды, бірқатарының үйінде тінту жұмыстары жүргізілген. Оларды «референдум өтетін күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деп айыптап отыр полиция қызметкерлері. Қамауға алынған бесеудің аты жөні: Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраков. Бұлардың арасында зейнеткерлер бар екені бұған дейін хабарланған еді. Олардың қалай «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болғаны» әлі күнге дейін белгісіз.
Қамалған белсенділер өздерінің ешқандай да жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға ниеті болмағанын, тек қана АЭС құрылысына наразылық білдіргенін айтады. Жоғарыда аталған азаматтар қудалауға ұшыраған басқа белсенділердің сотына қатысып, оларға қолдау білдіріп жүретін. Сонымен бірге, олар түрлі наразылық акцияларына шығып тұратын. Бірақ, бұл азаматтардың қандай да тәртіпсіздік жасағанын, заңсыз әрекеттерге барғанын біз өз кезегімізде көрген жоқпыз. Олай болса, полицияның қандай негізге сүйеніп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғағаны бізге беймәлім.
Естеріңізде болса, өткен президент сайлауының қарсаңында да бірнеше белсенді ұсталып, оларды ҰҚК қызметкерлері «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды» деп айыптаған еді. Кейіннен олардың соты өтіп, барлығы дерлік ұзақ жылға түрме жазасына кесілді. Референдум қарсаңында ұсталған белсенділерге де сондай үкім шыға ма деген қатер бар. Себебі, құқық қорғаушылар саяси астары бар іс деп бағалаған жағдайларда сот айыптау тарапының позициясын қолдап, белсенділерді түрме жазасына кесіп жататыны сирек емес.
Қараша айының аяғында бес белсендінің қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.