• Басты
  • >
  • Думан Мұхамедкәрім аштық жариялап, наразылық танытты

Думан Мұхамедкәрім аштық жариялап, наразылық танытты

06.12.2024

Қонаев қалалық сотының үкімімен жеті жылға бас бостандығынан айрылған тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрім наразылық ретінде түрмеде өз-өзіне зақым келтірді деп хабарлады оның қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов. Сонымен бірге, оның аштық жариялағаны да белгілі болды.

Қорғаушының сөзінше, Думан қарнын, қолын кесіп, өзінің қанымен түрменің қабырғасына «Оян, қазақ» деген жазу қалдырған. «Думанның қолы, қарны тілінгенін өз көзіммен көрдім, ол бұл қадамға өзін Зарачныйдағы түрмеге ауыстырмағаны үшін наразылық ретінде барды», – деді Ғалым Нұрпейісов.

Думан Мұхамедкәрімді түрме әкімшілігі түрлі желеумен екі тәулікке карцерге жауып тастаған. Карцер дегеніміз не? Бұл таңғы сағат алты төсегі қабырғаға жабыстырылып жиналып, тек қана кешкі онда қайта ашылатын айналасы түгел бетон жабық камера. Күні бойы не екі аяқтан тік тұрасың, не сол бетонның үстінде отырасың. Әсіресе, қазіргідей қақаған қыста бұл өте қиын. Карцерге түрме әкімшілігіне бағынбаған немесе тәртіп бұзғандарды қамайды. Думанды не себепті карцерге отырғызғаны белгісіз. Міне, осы карцерде журналист екі тәулік бойы жылы киімсіз жатып қалған. Мұны да Думанмен кездесуден шыққан адвокат Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Думан Мұхамедкәрімнің негізгі талабы – өзін жазасын өтеу үшін Заречныйдағы лагерьге жіберу. Заң бойынша да оның үйіне жақын жерде жазасын өтеуге толық құқығы бар. Бірақ, сол Заречныйға осымен үшінші рет этап жөнелтілген, бірақ Думанды оған әкетпеген. Журналист осыған наразылық танытып отыр. «Мен өз өзімді өлтіргелі отырған жоқпын, суицидке бармаймын, бар болғаны заң бойынша құқығымды талап етіп отырмын» деп сәлемін жолдаған тәуелсіз журналист.

Телеграм арналарда осы ақпарат жариялана сала, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті артынша мәлімдеме жасады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті журналист “материалда жарияланған өз-өзіне зиян келтіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды” деп хабарлады. “Сотталған адамды медициналық қызметкерлер тексерді. Денесінде ешқандай жарақат анықталған жоқ. Камерада тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертеміз” делінген хабарламада. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Думан Мұхамедкәрім тамақтан бас тартқанын растап, “шай мен су ішуді жалғастырып жатыр, бұл бейнебақылау жазбаларымен расталған” деп мәлімдеді ҚАЖК.

Десек те, Ғалым Нұрпейісовке сенбеуге бізде ешқандай негіз жоқ. Қорғаушы бұл оқиға кешелі-бүгін емес, қараша айының жиырмалары шамасында болғанын мәлімдеді. Бірақ, ол Думанға жақында кірген соң ғана бұл жайт көпшілікке мәлім болды. Әрине, журналист денесін осыдан екі апта бұрын тіліп тастаса, қазір оның жарасы жазылғаны анық. Бірақ, дәл сол факт болмады деу -шындықты бұрмалау емес пе? Қорғаушы өзі ойдан құрастырмайды әңгімені, қорғауындағы адамның сөзін жеткізеді. Демек, Нұрпейісовтің мәлімдемесі – Думан Мұхамедкәрімнің сөзі.

Тәуелсіз журналистің сотталуын көптеген халықаралық ұйымдар айыптады, оны сөз бостандығы үшін жапа шегіп отыр деп мәлімдемелер жасады. Шынында да, Думан мәжіліс сайлауына қатысты, Қаңтар оқиғасы жайында көптеген бейнерепортаждар түсірді, Ақорданы қатаң сынады. Оны бірнеше рет әкімшілік қамауға алды, былтыр мамыр айынан бастап үстінен қылмыстық іс қозғап, жеті жылға түрме жазасына кесті. Өткен айда болған Алматы облыстық апелляциялық соты Думан Мұхамедкәрімнің үкімін еш өзгеріссіз қалдырды. Енді қорғаушылары Жоғары сотқа кассациялық шағым дайындайтынын айтты.