Бүгін, 5 желтоқсан күні, Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросының баспасөз залында сот әділетсіздігіне қарсы арнайы жиын өтті.
Оған Қызылордадан әділдік іздеп келген ана Алтынай Қайыпова, оның туысы Салтанат Қайыпова және Алматы қалалық мәслихатының депутаты, қоғам белсендісі Еркін Рақышев қатысты.
Алтынай Қайыпованың айтуынша, Қызылорда соты оның ұлын есірткі тасымалдады деген ауыр айыппен ұзақ мерзімге түрмеге қамаған. Бірақ, 18 маусым күні ҚР Жоғары соты Қызылорда соты шешімінің күшін жойып, оны қайта қарауға қаулы етеді. Соған қарамастан, Қызылорда соты Алтынай Қайыпованың ұлын тағы да соттайды. Алтынай ханымның айтуынша, оның ұлы есірткі тасымалдамағанына, оны сатпағанына, тіпті бұл қылмысқа еш қатысы жоқтығына толық дәлел бар.
Дәлірек айтсақ, қылмыс жасалған уақытта Алтынай ханымның ұлы оқиға орнынан 130 шақырым жерде, өзінің вахталық жұмыс орнында болған. Бұл фактіні дәлелдейтін куәгерлер де табылды: ұлының басшылары оның расында да жұмыста болғанын айғақтаған. Бұған тергеу органдары сенімсіздік танытып, «сен телефоныңды 130 шақырым жерге апарып, өзің қайта келіп, қылмыс жасадың» деп айтқан. Алайда, санаулы минуттың ішінде 130 шақырым жете қоятындай Алтынай ханымның ұлы қандай көлікпен жүрді деген сауал туындайды. Бұл мүмкін емес қой ойланып қараса!
Алтынай Қайыпова туыстарымен бұл қылмысты тергей келе, оның артында мүлде басқа адам тұрғанын да дәлелдеген. Тіпті оның аты жөнін де атады баспасөз мәслихатында. Бірақ, тергеу орындары да, сот та бұл деректі қаперге ілместен, адамды соттап жіберген.
Мәслихат депутаты Еркін Рақышевтің пікірінше, бұл Қызылорда құзырлы органдарының үлкен қателігі. Сол қателікті мойындағысы келмейтін себебі, жазықсыз адамды түрмеге қамалғаны рас болса, өздері сотталып кетуден қорқуында. Сол себепті Жоғары соттың шешіміне де қарамай, өздерінің алғашқы үкімін қайта шығарған. Ол президент Тоқаевқа үндеу жасап, сот жүйесіндегі былықты тоқтатуға шақырды.
Сонымен бірге, Алтынай Қайыпова ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтан баласының ісін қайта тергеуді талап етіп, Қызылорда соты үкіміне наразылық жолдауды сұрады.
Соңғы кездері есірткі саудасына қатысты сот үкімдері жиі шығады. Оған себеп – синтетикалық есірткілердің ел арасында кеңінен тарауы болып тұр. Әсіресе, «закладчик» болып жұмыс істейтін жастар көбейді қазір. Олар 1-2 ай жұмыс істеген соң полицияға ұсталып, ұзақ мерзімге сотталып жатады. Әрине, есірткі саудасымен айналысатын адамдарды қатаң жазалау керек ақ. Бірақ, әрбір істі мұқият тексеріп, тергеп, жазықсыз адамның сотталмауы да міндет. Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросы Қызылордадағы бұл істің барысын жіті қадағалауында ұстамақ.